Sport

Байзақтық оқушылар бас жүлдемен оралды

Written by Aray2005

Нұр-Сұлтан қаласында теңбіл доптан түндігін түрген ел біріншілігі өз мәресіне жетті. «Coсa-Cola былғары доп – 2019» атауымен ұйымдастырылған аламанда Байзақ ауданындағы Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназияның жастары жасындай жарқырап, бас жүлдемен оралды.

Доп додасына республика бойынша 16 команда қатысып, төрт топта бақтарын сынаған. Байзақтық жастар өз тобында, ең алдымен, қарағандылықтарды 9:1 есебімен ойсырата ұтса, Атырауды 1:0 есебімен тізерлеткен. Сондай-ақ Алматы қаласының командасын 2:1 есебімен жеңсе, жартылай финалда Алматы облысының құрамасын да дәл осы есеппен ұтқан. Ақтық айналымда қостанайлықтар оңай шағылатын жаңғақ емес екенін аңғартып, кездесу тағдыры негізгі уақыттан кейінгі пенальтиде шешілген. Білгенінен жаңылмаған біздің жігіттер 5:4 есебімен басым түсіп, турнир чемпионы атанып отыр.
Тағы бір айта кетерлігі, жарыс барысында өзін көшбасшылық қырынан көрсете білген Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы Нұрхан Байболов «Үздік капитан» атанса, Нұрлыбек Мырзахан, Алмаз Әбдалы, Нұрлан Камалладинов және Айдархан Өрісбек үздік ойыншылар қатарынан көрінді.
Мектеп-гимназияның қабырғасынан құрылған футбол командасын 2011 жылдан бері дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Жеңіс Ибрагимов жаттықтырып келеді. Осы уақыт аралығында команда бес дүркін облыс чемпионы атанып, 2015 жылы Семей қаласында ұйымдастырылған ел біріншілігінде күміс жүлдемен күптелген. Енді міне, ел біріншілігінің ең биік шоқтығы чемпиондық атаққа қол жеткізіп отыр.
Біз де байзақтық жастарды толайым табыстарымен құттықтап, жеңісті жорықтары жалғаса берсін деп тілейміз.

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР