Қоғам

Байзақтықтар бос орындар жәрмеңкесінен жұмыс тапты

Written by Aray2005

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жүктеген тапсырмаларының бірі әрі бірегейі – жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту. Осы мақсатта, аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

«Жұмыс қазір!» деген атаумен өткен шараның мақсаты – жұмыс беруші мен азаматтардың ара қатынасының ашықтығын қамтамасыз ету болды. Мұндай іс-шараны өткізу сыбайластықтың да алдын алу үшін аса маңызды.

Аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Жарқынбек Айтқұлов: «Бүгінгі жәрмеңкеде сегіз жұмыс беруші қатысып, өздерінде бос тұрған қызмет түрлеріне қарай бос жұмыс орындарын ұсынуда. Әр сала бойынша мамандар қажетті ақпаратты беруге дайын. Бастысы, Қазақстанның әр азаматы өз еңбегімен мемлекетіміздің ілгерілеп, дамуына өзіндік үлес қосатынын ұмытпағаны жөн», — дей келе, жәрмеңкеге қатысушылармен пікір алмасты. Мемлекеттік қызметке түсу тәртібін түсіндіріп өтті.

Аудан әкімдігі жұмыспен қамту орталығының мамандары Дидар Сансызбаев, Асель Бактиярова, Олжас Маман, Айнұр Избасова жұмыссыз азаматтарды есепке қою және тіркеу, бос жұмыс орындарына қажетті құжаттарды рәсімдеу мен жолдама беру қызметтерін атқарды. Сондай-ақ, өз тараптарынан қажетті мәліметтер ұсынып, ақпараттармен қамтамасыз етті.

Жәрмеңке нәтижесінде «Аққия» бастауыш мектебіне тәлімгер, психологиялық-педагогикалық түзету кабинетіне логопед, аудандық туберкулезге қарсы емдеу санаторийіне бухгалтер-кассир, «Мақсат» шаруа қожалығына жұмысшы, әл-Фараби атындағы мәдениет үйіне күзетші, «Айнұр» бөбекжай-балабақшасына аула сыпырушы және Түймекент пен Сазтерек ауылдық округі әкімінің аппараттарына бір-бірден ақылы қоғамдық жұмысқа жұмысшы қабылданып, жұмыссыз азаматтар жәрмеңкеден жұмыс тапты.

Алдағы уақытта мұндай бос жұмыс орындары жәрмеңкесі жалғасын табатын болады. Бұл аудандағы жұмыссыздар қатарын азайтуға сеп болары сөзсіз.

ПІКІР