Базарларды бақылауға ешкімнің құзыреті жетпей ме?

0 33

Облысымызда жыл санап мүмкіндігі шектеулі азаматтардың саны өсіп келеді. 2021 жылдың бірінші қаңтарында 45 725 мүгедек болса, бүгінде 46 572-ге жеткен. Яғни төрт айда 847 адамға өсіп отыр. Ал өңірімізде жарымжандардың құқығы мен әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде? Сонымен қатар облыс әкімінің мүгедектерге арналған оңалту және бейімдеу орталығын барлық ауданда салу, оларды оқытып, жұмыспен қамту бойынша берген тапсырмаларының орындалуы Бердібек Машбекұлының қатысуымен өткен аппараттық кеңесте күн тәртібіне шығарылды.
Жиында алдымен облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубековтың баянда­ма­сы тыңдалды. Басқарма басшысының айтуынша, 2021 жылы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалту мақсатында республикалық және облыстық бюджеттен 1,2 миллиард теңге бөлініп, әлеуметтік оңалту құралдарына мұқтаж 10 081 мүгедек тиісті бұйымдармен қамтамасыз етілуде. Ал Тараз қаласы мен аудан бюджеттерінен бөлінген 1,8 миллиард теңгеге 9 400 азамат міндетті гигиеналық құралдармен және әлеуметтік қызметтермен қамтылуда.
Үкіметтік емес ұйымдар тарапынан мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар (әлеуметтік жоба) аясында ұсынылатын үйде және жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін ағымдағы жылы 540,3 миллион теңге бөлінген. Нәтижесінде бүгінгі таңда 1 815 мүгедек пен қарттарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілуде.

Сонымен қатар биыл тірек-қимыл аппараты бұзылған және көру қабілеті нашар зағип мүгедектерге инватакси қызметін ұсыну үшін 153,1 миллион теңге бөлініп, 2 354 азаматқа тасымалдау қызметтері ұсынылуда.
Байзақ, Жуалы, Т.Рысқұлов аудандарында мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту жұмыстары әлеуметтік тапсырыс негізінде жүргізіліп жатыр екен. Ал Тараз қаласында және төрт ауданда (Меркі, Жамбыл, Шу, Қордай) оңалту орталықтары мемлекеттік мекеме ретінде ашылған. Талас ауданының орталығы Қаратау қаласында
25 төсек-орындық оңалту орталығы жыл соңына дейін ашылады. Сарысу ауданында келесі жылға жоспарлануда. Жорабек Нұрмергенұлы Мойынқұм ауданында орталықты мекеме ретінде ашу тиімсіз болғандықтан әлеуметтік тапсырыс негізінде үкіметтік емес ұйымды тарта отырып, бейімдеу жұмыстарын жүргізу ұсынысын ортаға салды.
– «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша 2021 жылдың соңына қарай стандарттарға сәйкес келетін бейімделген объектілердің үлесі шамамен
20 пайызды құрауы тиіс. Осыған байланысты облыс бойынша 2021-2025 жылдары 1 294 нысанды бейімдеу жоспарланып отыр. 2021 жылы Тараз қаласы мен аудандарда бейімдеу жұмыстары жоспарланған
258 нысанды зерделеу барысында Жамбыл, Жуалы және Шу аудандарында бейімдеу жұмыстарының төмен деңгейде жүргізілгені анықталды. Бірде-бір аудан жоспарланған нысандарды бейімдеу жұмыстарына мүлдем қаражат қарастырмаған.
Облыс көлеміндегі 492 сайлау учаскесінің 447-сі мүгедек жандар үшін ішінара қолжетімді болып отыр. Қалған 45 сайлау учаскесінде қолжетімділік тек пандустармен шектелген.
Былтыр 57 мыңнан аса жамбылдық жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылса,
1 328-і мүгедек, жұмысқа орналасқан 42 мыңның 965-і мүмкіндігі шектеулі жандар, – деді Жорабек Баубеков.
Баяндаманы мұқият тыңдап шыққан Бердібек Машбекұлы Сарысу ауданының әкіміне оңалту орталығын биыл ашуды тапсырды.
Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенованың сөзіне сүйенсек, кәсіптік және техникалық білім беру мекемелерінде 190 мүмкіндігі шектеулі студент білім алады екен. Осы орайда Бердібек Машбекұлы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оқытып, жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстарды ширату керек екенін баса айтты.
Жиында «Асар» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Руслан Төлегенов жоғары оқу орындарында мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекеттік грант бөлу және ректор грантын тағайындау туралы ұсынысымен бөлісті.
– Өздеріңіз естігендей, жыл санап мүмкіндігі шектеулі жандардың саны өсіп келеді. Қалай азайтуға болады? Ең біріншіден, оңалтуға ерекше көңіл бөлуіміз керек. Ешқандай сылтау айтылмасын. Одан кейін білім алуына, жұмыспен қамтылуына барлық жағдай жасалсын. Гүлнар Махақызы, бұл мәселеге атүсті қарауға болмайды. Нақты мәліметті білмейсіз. Сондай-ақ жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлерде де міндетті түрде пандустар болуы керек. Алдағы уақытта құрылыс жұмыстары барысында осы мәселе ескерілсін. Жорабек Нұрмергенұлы, гранттар, жеңілдетілген несиелер ең бірінші кезекте мүгедектерге берілсін, – деген Бердібек Машбекұлы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған лагерьлер ұйымдастыру, балабақшалар салу бойынша облыс әкімінің орынбасарларына тапсырма берді.
Сондай-ақ Бердібек Машбекұлы Руслан Төлегеновты облыс әкімінің мүгедек адамдардың мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі етіп тағайындады.
Бұдан кейін облыс көлемінде базарлар мен өзге де сауда орындарынан түсетін түсімдер және оларды қолданыстағы заң талаптарына келтіру жұмыстары туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ермек Момбаев баяндама жасады. Ермек Жамбылұлы келтірген мәліметтерге сүйенсек, облыс аумағында 28 базар мен 44 өзге де сауда орны бар. Облыс әкімінің тапсырмасына сай орта және ірі кәсіпкерлік субъектісіне жататын 8 сауда үйінің өрт қауіпсіздігі жағдайына тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 31 өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы анықталыпты.
Ермек Жамбылұлының баяндамасын тыңдаған өңір басшысы атқарылған жұмыстарға көңілі толмайтынын айтып, департаменттің жұмысын сынға алды.
– «Ауыл-Береке» базарында жүру мүмкін емес. Техника тұрмақ, адам жүре алмайды. Ертеңгі күні төтенше жағдай бола қалса, өрт сөндіретін көлік қалай жүреді?! Айналасы қоқыстан көз ашпай жатыр. Лас. Қала әкімшілігі де кейінгі кезде бақылауды қойды. Ермек Жамбылұлы, неге шара қолданбайсыздар? Тек «Ауыл-Береке» емес, барлық базардағы жағдай осылай, – деді Б.Сапарбаев.
Алайда департамент басшысы
ҚР Президентінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасында тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы» №229 Жарлығына сәйкес, базарлар мен сауда орындарының өрт қауіпсіздігі жағдайына тексеру жүргізу мүмкін болмағанын айтты. Тек сауда объектілерінде жауапты тұлғалармен өрт қауіпсіздігі шараларын сақтау және өрт кезіндегі іс-қимылдар бойынша 2 800 адамның қатысуымен 50 нұсқаулық өткізіліп, 3000 мыңнан астам жадынамалар таратылған. Базар басшыларына ескерту хаттары берілген.
Жиында базар иелеріне де сөз берілді. Мәселен «Ауыл-Береке» базарының құрылтайшысы Алтай Қарабеков жаңғырту жұмыстары басталғанын, бірақ банктен несие алуда қиындықтар туындап, қазіргі уақытта тоқтап тұрғанын тілге тиек етті. Ал «АВТО ГИД» базарының иесі Сергей Константинович талапқа сай жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарда бар екенін айтты. Ал кәсіпкер Алтынбек Садырбаев көтерілген мәселе бойынша бірқатар ұсынысына назар аудартты.
Аппараттық кеңесті қорытындылаған Бердібек Сапарбаев өзінің орынбасарларына, өзге де жауапты мемлекеттік орган басшыларына арқаны кеңге салмай, кемшіліктерді жоюды қатаң тапсырды.

Талғат Нұрханов

Leave A Reply

Your email address will not be published.