Беделі биік бас қала

0 5

Еліміздің бірлігінің жұдырықтай жұмыла білетін біртұтастығының айғағындай елордамыздың туған күні құтты болсын! Көпұлтты мемлекетіміздің бір шаңырақ астында ынтымаққа ұйыған ырысы тарқамасын!

Бүгінге дейін Акмолинск, Целиноград, Ақмола, Астана деп аталып келген бас қаламыз 2019 жылдан бері Тұңғыш Президентіміздің есіміне орай Нұр-Сұлтан аталып, уақыт ағымымен жарыса дамып келеді. Бұл қаланы Елбасының Қазақстанның жаңарған заманға лайықты астанасын салу идеясынан туған сәтті жоба дер едім. Бүтін бір елдің астанасы тұрмақ, бір үй салу үшін де адам күндіз күлкісінен, түнде ұйқысынан айырылып, қаншама ойға батады, бар күшін сарп етіп, еңбек етеді. Ал Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіріп, еңселі елорданы тұрғызды. Әрине, желдей ескен қаңқу сөздер аз айтылған жоқ. Оның бәріне төтеп беріп, ел мүддесі үшін биік мақсатқа ұмтылу нағыз қайратты, табанды, көреген жанның ғана қолынан келеді. Сол еңбекті бағалағандықтан да Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы Астана атауын Нұр-Сұлтан деп ауыстыруға шешім шығарды.
Астана болып алғаш құрылған жылы барғанымда тың өзгерістерге сүйсініп қайтқан едім. Кейін де жұмыс барысымен әр жылдары сапарлаған сайын бас қаланың күн санап көркейген келбетіне тамсанып жүрдім. Міне, жарты жылдай болып қалды, сол қаланың тұрғыны болғалы бері ондағы тынымсыз тіршілікке, тоқтаусыз құрылысқа куә болып жүрмін. Уақытпен жарыса өркендеп, өсіп келеді. Бұны еліміздің бірлескен еңбегінің жемісі десек, 1999 жылы осы қала ЮНЕСКО шешімімен «Бейбітшілік қаласы» атағын алғаны тағы бар. Оған қоса 2000 жылдан бастап Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі. Осыған қарап-ақ Нұр-Сұлтан – татулықтың, ынтымақтың қаласы десек, асыра айтқандық емес.
Бүкіл халқымыздың мүддесін көздеген игі істердің бастамашысы, жасқа жігер, қарияға қанат берер қадірлі қаламыздың төл мерекесі құтты болсын, жерлестер! Бейбітшілігіміз, Тәуелсіздігіміз тұрақты болсын!
Тәуелсіздік демекші, биыл еліміз азаттығымыздың 30 жылдығын кеңінен тойламақ. Амандық болса, пандемиялық ахуал тұрақталса Республиканың әр аймағында, елордамыз Нұр-Сұлтан қаласының төрінде думанды той болғалы тұр. Сол себепті, әрбір отбасына бірлік, береке, денсаулық тілеймін. Бұрын денсаулықты жаттанды сөз секілді айтушы едік, дүйім жұртты дүрліктірген дерт басты байлықтың құндылығын тағы бір дәлелдеді. Бүкіл әлемнен індет құрып, бұл сынақты да елмен бірге еңсеріп, бақытқа кенелейік!

Гүлдара НҰРЫМОВА,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты

Leave A Reply

Your email address will not be published.