Бекарыс батырдың биігі

0 15

Бүгінде әлемдік ареналарда атой салып жүрген жамбылдық жампоздар аз емес. Сондай-ақ олардың ізін басып келе жатқан жас таланттар да баршылық. Міне, сондай жалынды жастың бірі – Тараз қаласындағы №47 орта мектептің 7-сынып оқушысы Бекарыс Ержан.

Бекарыс Батырханұлы бала кезінен зерек өскен жас. Спорттық жолын каратэден бастап, бірнеше жарыстарда топ жарған. Ал 6-сыныптан бастап джиу-джитсу спортына ауысып, күні кеше Екібастұз қаласында алауы тұтанған аламаннан чемпион атанып келді.
– Бекарыстың бойындағы талантты бірден байқадым. Содан джиу-джитсу спортына тартып, шеберлігін барынша шыңдадым. Осы таланты мен жеңіске деген жігері оны ел біріншілігінде биікке шығарды. Алғашқы екі қарсыласын буындырып жеңсе, финалдық кездесуді нокаутпен ұтты. Осындай балғын жасында толайым табысқа жетіп отырған шәкіртімді баянды болашақ күтіп тұрғанына бек сенімдімін, – дейді Бекарыстың бапкері Нұрсейіт Рысқұлов.
Толағайымыздың өзі ел чемпионатында кіл мықтылар өнер көрсеткенін айтады.
– Ел көлемінде 55 келіде нөмірі бірінші спортшы атанғаныма шексіз қуаныштымын. Енді спорт шебері нормативін орындап, облыс пен егеменді еліміздің атын әлемдік ареналарда танытқым келеді, – дейді Бекарыс.

Иә, жалынды жасты жарқын жеңісімен біз де құттықтай отырып, жеңісті жорығы жалғаса берсін деп тілейміз.
Алар асуың биік болсын, батыр Бекарыс!

Саян ТІЛЕУЖАН,
Тараз қаласы

Leave A Reply

Your email address will not be published.