"Тылсым"

Бектөбелік алып адамдар

Жуырда Жамбыл ауданындағы Бектөбе ауылының маңында жүргізіліп жатқан емхана құрылысының басынан табылған ерек пішінді адамдардың бас сүйектері көптің таңданысын тудырғаны жасырын емес. Аса үлкен бас пен жақ сүйектері бір көргенде ертедегі, тіпті ертегідегі алып адамдарды елестеткені рас. Алайда, отыз екі тісі сау сақталған бассүйектер соңғы жүз жылдықта өмір сүрген адамдар екенін айғақтап тұрғандай. Десе де, бұл қандай адамдар? Қорымда кімдер жерленген? Және не себепті бас сүйектері үлкен? Көптің көкейіндегі сауалдарды алға тартып, мән-жайды анықтап көрген едік.

Жалпы, Бектөбе ауылының жұртшылығы бұл бас сүйектердің қай дәуірдегі адамдарға тиесілі екендігінен бейхабар болып шықты. Тек, жаңа амбулатория салынып жатқан орында қорым болғандығына олар сенімді. Ауыл ақсақалы Қасымбек Омарбековтың айтуынша, олар бас-аяғы бес адамның басы мен сүйектерін жинап алып, жақын маңдағы бейітке көмген екен.
– Біздің көргеніміз осы бес адамның бас сүйегі мен қаңқалары болды. Алайда, басында бірнеше «КамАЗ»-ға топырақ тиеп әкеткендіктен, онда қанша адамның сүйектері кеткені белгісіз. Ауылдың көнекөз қарияларының өзі мұнда кімдер жерленгенін білмеуде. Тек, бұл аймақтарда 1937-1945 жылдары қорымдар болуы мүмкін деген болжам айтады. Егер жақ сүйектегі 16 тістің сау сақталғанына қарасақ, бұл адамдардың жерленгеніне ғасырдан аспаған сияқты. Бірақ, бассүйектері ерекше үлкен. Осыған өзіміз де таңғалып отырмыз, – дейді Қасымбек қария.

Бұдан бөлек, ауыл тұрғындары бұл сүйектердің саяси қуғын-сүргін кезеңінде Жамбыл жеріне қоныс тепкен өзге ұлт өкілдеріне тиесілі болуы мүмкін деген пікірді алға тартып отыр. Алайда, болжам болмаса, нақты байлам жоқ. Сол себепті, біз ортағасырлық Бектөбе қалашығын зерттеп жүрген тарихшы Қуаныш Дәуренбековке хабарласып, ойын білген едік.

– Жалпы ортағасырлық Бектөбе қалашығын зерттеу барысында, бұл маңның шаруашылық аймағы болғанын анықтаған болатынбыз. Яғни, қазіргі Бектөбе ауылының маңында шаруашылық нысандар көп болған. Және осы жерлерде қалаға кіретін қақпалар орналасқан деген болжам бар.

Ал, құрылыс басынан табылған сүйектер ортағасырдағы адамдарға тиесілі деп пайым жасау қиын. Өйткені, адамның бассүйектері жақсы сақталу үшін ол өте құрғақ жерде болуы керек. Екіншіден, бұл сүйектер қанша метр тереңдіктен табылғаны белгісіз. Егер дәстүрлі жерлеу болса, адам денесі кем дегенде 1,5-2 метр тереңдікте жатуы тиіс.
Егер Бектөбе ауылынан табылған сүйектерге қарасаң, соңғы жүз жылдықтың бедерінде жерленген адамдар секілді.

Өйткені, сүйектер өте жақсы сақталған. Егер ғасырлар бойы жер астында жатқан сүйектер болса, ол экскаватордың қалағы тиісімен-ақ құмға айналып кетер еді.
Енді бассүйектер неге үлкен деген мәселеге келсек, бір ғасыр бұрынғы адамдар шын мәнінде ірі болған ғой. Қазірдің өзінде алып денелі жігіттеріміз аз емес. Бұл бассүйектің бірі сондай азаматқа тиесілі болуы мүмкін. Тағы бір айта кетерлігі, біз Бектөбе қаласында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп жатқанда 2 түрік және 1 қытай азаматшасының қаңқаларын тапқанбыз. Бұл біздің бабаларымыздың өзге ұлт өкілдерімен отау құрғанын растап тұрғандай. Сол секілді, бәлкім Бектөбе ауылындағы сүйектер де осында көшіп келген өзге ұлт өкілдеріне тиесілі шығар. Бұның бәрінің анық-қанығына жету үшін арнайы археологиялық зерттеу жүргізу керек. Сонда ғана бір тоқтамға келуге болады, — дейді тарихшы.

Маманнан осындай мәлімет естігеннен кейін, ендігі кезекте облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясына хабарластық. Ә дегеннен археологиялық қазба жұмыстарын жүргізудің заңдылығын сұрадық. Мекеме басшысы Сейітжан Ілиястың айтуынша, егер терең тарихи қазба жұмыстарын бастау үшін тұтас Бектөбе ауылының тұрғындарын көшіру керек екен.
– Археологиялық қазба жұмыстарын бастау деген оңай шаруа емес. Бір-екі бассүйекке қарап, бұл адамдар ежелгі дәуірде өмір сүрген деген байламға келе алмаймыз. Ол үшін бүкіл ауыл тұрғындарын басқа жаққа қоныстандырып, бұл бағытқа үлкен қаржы құю керек. Біз 2011 жылы Бектөбе қалашығына қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан кезімізде осындай бас пен жақ сүйектері үлкен адамдардың қаңқаларын тапқанбыз. Және бұл адамдар ХІ-ХІІ ғасырда өмір сүрген деген болжамға келгенбіз. Алайда, Бектөбе ауылының маңынан табылған сүйектердің жақсы сақталғанын көріп, бұл мәселеге біржақты тұжырым жасай алмай тұрмын.

Тағы бір қырынан қарайтын болсақ, бұл аймақтарда ертеде әскери бекіністердің болғаны тарихтан белгілі. Бәлкім, осы маңда үлкен шайқастар болып, содан қалған адам қаңқалары жылдар өткеннен кейін топырақтың бетіне шығып жатқан шығар. Мұндай болжамдарды көптеп жасай беруге болады. Алайда, арнайы зерттеу жүргізбей бір байлам айту қиын. Ал, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге жоғарыда айтқанымдай үлкен күш және қыруар қаражат керек, – дейді дирекция директоры.

Иә, құзырлы сала маманынан осындай жауап естідік. Негізі тарих беттерінде Бектөбе қалашығы атақты «Атлах» шайқасында арабтардың қорғаныс орталығы болған деген дерек бар. Одан бері ғасырлар сырғып, тарихи шындықтың көмескілене түскені белгілі. Кім біледі, бәлкім соның бірін Бектөбе ауылы да қойнауында жасырып жатқан шығар. Ал, енді оның қашан топырақтан аршылып, жарыққа шығатыны белгісіз. Әзірге жұмбағы көп Бектөбеге қарап, тек болжам айту ғана мүмкін болып тұр.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ
Жамбыл ауданы

ПІКІР