Бекзаттың берекелі бизнесі

0 109

Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы жариялаған бес әлеуметтік бастама әрбір қазақстандықтың өмір сүру сапасын, әлеуметтік көңіл күйді жақсартуды қамтамасыз ететін, жаңғыру жолындағы жаңа елеулі қадам. Аталған бастама өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті оқыту мақсатында шағын несие беруді көбейтуге бағытталған.

Мамандардың дерегіне сүйенсек, нәтижесіз еңбектен нәтижелі жұмысқа жетудің бір тетігі – осы бағыттар. Келешегінен мол үміт күттіретін бағдарламаның бірі – «Бастау бизнес» жобасы.
Жемісті жобаның шапағатын көріп отырған жанның бірі– Бауыржан Момышұлы ауылының тумасы Бекзат Кеңесбекұлы.
Ол ауылдағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияны бітірген. Әрі қарай Жамбыл политехникалық колледжінде «Электрик» мамандығы бойынша білім алады. Арнаулы орта біліммен тоқтап қалмай, оқуын М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде жалғастырып, жоғарғы білімді маман атанады.
– Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін мамандығым бойынша жұмыс жасаудың реті келмеді. Дегенмен қолымызда үш-төрт бас сауынды сиыр болатын. «Неге осы сауынды сиырдың басын көбейтпеске?» деп ойладым. Өзім кішкентайымнан малға жақын болып өстім. Үйдегі төрт түлікті де өзім қарайтынмын. Содан отбасымызбен ақылдаса келе, 2017 жылы құжаттарымды жинап, «Бастау бизнес» жобасына қатыстым. Жоба арқылы бір ай кәсіпкерлік негізінен дәріс алып, сертификат иелендім. Оқу барысында бізге өз кәсібімізді қалай ашу керектігі туралы мол түсінік, бағыт-бағдар берілді. Соның нәтижесінде сүт бағытында өз кәсібімді ашуға бел будым. Бүгінде сүт бағытындағы мүйізді ірі қара мал өсіруді қолға алып отырған жайым бар. Ауылда отырған соң ауыл шаруашылығы өнімін өндірумен айналысамын.
2018 жылы мемлекеттік қолдау ретінде ең төменгі пайызбен 3 миллион теңге көлемінде шағын несие алдым. Ол қаражатқа 10 сауынды сиыр алдым. Қазіргі таңда 27 сауынды сиыр бар. Жаздыгүні бір күнде 200 литрдей сүт аламыз, ал қыста сүттің көлемі 60-70 литрдей болып қалады. Оларды сауын аппаратымен сауамыз. Сүтті «Мешелов» шағын сүт зауытына өткіземіз.
Негізі мал асырау оңай шаруа емес. Олардың күтімі, жемшөбін дайындау керек. Өзіміздің жеріміз болмағандықтан малдың жемшөбін өткізген сүттің ақшасына сатып алып отырмыз.
Жалпы «Бастау бизнес» өте тиімді, ауылдықтарға өз кәсібін ашуға зор мүмкіндік беретін бірден-бір жоба. Мұндай мүмкіндіктер бұрын-соңды болған емес,– дейді Бекзат Кеңесбайұлы.
Жас кәсіпкер қосымша мал бордақы­лаумен де айналысады. Қазіргі таңда бір адамды жұмыспен қамтып отыр.
Жас кәсіпкер алдағы жоспарларымен де бөлісті. Бекзат болашақта сауынды сиырлар мен бордақы малдың басын көбейтсем деп отыр.
Ол отбасында төрт ағайынды. Әкесі Кеңесбек аудандық электр желілерін тарату мекемесінің қызметкері, анасы Анафия Ақбастау ауылындағы №14 Б.Майлин атындағы орта мектепте мұғалім.
Бекзаттың өмірлік жары Айжан Тараз қаласының тумасы, қазіргі таңда Тараз қаласындағы «INVIVO» зертханалық орталығының аудандағы филиалында медбике болып жұмыс істейді. Екеуі отбасында екі ұл тәрбиелеп отыр.

Баян ТҰРСЫНҚҰЛҚЫЗЫ,
Жуалы ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.