Бердібек Сапарбаев: Әрбір азамат МӘМС жүйесінің артықшылықтарын түсінуі керек

0 0

Жамбыл облысында әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жұмысшылардың жарнасын уақтылы аудармайтын 4 мыңнан астам кәсіпорын анықталды. Бұл орайда тексерісті «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ аймақтық филиалы мен Мемлекеттік кірістер департаменті бірлесіп өткізген.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында «ӘМСҚ» филиалының директоры Мавлюда Боқаева барлық кәсіпорындарда түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқандығын жеткізді.

Жалпы, 2017 жылдың 1 шілдесі мен 2020 жылдың 30 сәуірі аралығында облыс бойынша қорға 9,6 млрд.теңге түскен, оның ішінде осы жылдың соңғы төрт айында түскен жарналар мен аударымдар көлемі – 2,4 млрд.теңге.

— Егер ағымдағы жылдың қаңтар айында бірыңғай жиынтық төлем төлеушілердің саны 20,9 мың болса, сәуір айында ол көрсеткіш 168,4 мың адамға дейін өсті, — дейді М. Боқаева.

Оның айтуынша, БЖТ төлеу арқылы азаматтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушысы бола алады, алайда ол тұрғындар жарналарды төлеуді жалғастыра бергенде ғана мүмкін болмақ.

МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесіне облыс бойынша барлығы 1 134 506 адам ие болған. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов мәлімдеді. Олардың ішінде мемлекет тарапынан сақтандырылатын он бес жеңілдік санатындағы тұрғындар, ресми жұмыс істейтіндер, жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар бар.

Ағымдағы жылдың 26 мамырындағы мәліметтерге сәйкес, 3 531 адамның мәртебесі анықталмаған. Бұл орайда төмен көрсеткіштер Тараз қаласында, Сарысу және Мойынқұм аудандарында орын алуда. Осыған қарамастан, азаматтардың мәртебесін өзектендіру бойынша аймақтар рейтингінде Жамбыл облысы алдынғы қатарда.

— Байқап отырғанымыздай, тұрғындар арасында МӘМС маңыздылығын түсіну деңгейі әлі де жоғары емес. Түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. МӘМС жүйесінің артықшылықтары туралы әрбір азаматтың хабардар болуы аса маңызды, — деді Бердібек Сапарбаев.

Ол бір рет қана БЖТ төлеген азаматтар бойынша талдау жүргізу керектігін тапсырды. Сондай-ақ, қорға уақтылы жарналар енгізуге мүмкіндік беретін терминалдар орнату қажеттігін баса айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.