Бердібек Сапарбаев бес томдық әдеби қазынаның тұсауын кесті

0 97

Облыс басшысы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, ардақты һәм аяулы ақын Күләш Ахметованың шаңырағына арнайы ат басын бұрып, жуырда ғана жарыққа шыққан бес томдық жинағының тұсауын кесті.

Қастерлі қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, хас сұлу өлеңнің өрнегі бөлек ханшайымы Күләш Ділдәқызы Алла жазса биыл сәруәр сәуірде 75 жасқа аяқ басқалы отыр. Саналы ғұмырын қазақ әдебиетіне, қастерлі поэзияға арнаған ақын қазыналы қазақ әдебиетін тағы да өзінің інжу-маржандарымен толықтырды. Осы ретте облыс әкімі Бердібек Машбекұлы көрнекті ақын Күләш Ахметова мен жары Қайырбек Асановтың шаңырағына арнайы ат басын бұрып, көптомдық авторының қуанышымен бөлісті.

– Ұлтты танытатын әдебиет пен өнер. Әдебиет те, өнер де мәңгілік жасай береді. Әкімдер қызметпен келеді, кетеді. Бірақ ақынның жазған жазбалары өмір бақи қалады. Баладан балаға, ұрпақтан ұрпаққа кетеді. Сондықтан  Сіздің еңбектеріңіз орны бөлек. Себебі біріншіден Сіз қазақтың қызысыз. Екіншіден жастайыңыздан қаламды жанға серік еттіңіз. 14 жасында жыр жазу деген әркімнің басына беріле бермейтін бақ. Сіз сол Ұлбике апамыздың жолын жалғастырып, осындай әдеби мұраларды басып шығардыңыз. Сізді қазақ поэзиясының ақ гүлі деп бекерден бекер ел айтқан жоқ. Бес кітапқа Әбділдә Тәжібаев ағамыздан бастап, Әбіш Кекілбаев, Қадыр Мырза Әлилердің алғы сөз жазуы тегін емес. Бұл Сіздің өлеңдеріңіздің құндылығы, әсіресе қазіргі заманға керек екендігінің нышаны. Отанды қалай сүю керек, қалай таза еңбек ету керек, соның барлығы жырларыңызда тұнып тұр. Махаббат деген тек қана адам мен адамның арасында ғана емес екенін, ұлтына, Отанына, жеріне деген махаббатты жақсы жазғансыз. Сіздің өлеңдеріңіздің аттарының өзі керемет. Таңертең қалай күнді бастасаң, солай өтеді. Мысалы түріктер таңертең «гюнайдын» дейді. Бізде қайырлы таң деп сирек айтылады. Сол секілді сіздің «Күн шыққанда күліп оян» деген жазбаларыңыз керемет. Сіздің шығармаларыңыз арқылы қазақты басқа ұлттар, мемлекеттер біледі. Әсіресе қазіргідей аумалы-төкпелі заманда осындай дүниелер ауадай қажет. Қазір жастарымыз кітап оқуды қойды. Барлық ақпаратты ғаламтордан алады. Олай болмайды. Біз сол үрдісті қайтадан қайтаруымыз керек.  Көптомдықта жастарға, өскелең ұрпаққа қажетті оқитын дүниелер көп. Мұның барлығы өзіңіздің еңбегіңіз. «Қыз қылығымен, жыр жылылығымен мықты» деп Әбіш ағамыз айтқандай, Сіздің өлеңдеріңіз адамға жылулық сыйлайды. Оны ештеңемен салыстыруға болмайды.  Бестомдықты жазу үлкен жұмыс. Ондай жинақ шығару қазіргі заманда оңай емес. Сіздің жолыңыз жастарға өнеге болуы керек. Сіз шығармашылығыңызға арқау еткен адалдық, шындық, ұлтты сүю әрбір ұрпаққа үлкен перзенттік парыз. Сондықтан ең алдымен Алла тағала зор денсаулық берсін, шаңырақтарыңыз қуанышқа толы болсын, – деді Бердібек Машбекұлы.

Ал ақынның өзі алдағы уақытта Отан  жайлы кітап шығаруды жоспарлап отырғанын тілге тиек етті.

– Сізге арнаған өлеңімнің бір жолында:

«Сен жүгірсең елге қарай жүгірдің,

Сен жүгінсең әділетке жүгіндің,

Сен халықтың төбесінен қарамай,

Сен халықтың жүрегіне үңілдің» – деп жазғанымдай әрдайым халықпен бірге екеніңізді көріп жүрміз. Оны өзіңіз ілкімді істермен дәлелдеп келесіз. Осы ретте алдағы уақытта Отан деген кітап шығарайын деп жатыр едім. Оған өзімнің табаным тиген еліміздің әр өңірі, яғни Қазақстанның пейзаждары жайлы жырларым енетін болады. Сіз секілді әдебиет жайлы шағып сөйлеу әрбір әкімнің  қолынан келмейді. Сондықтан сол кітабыма өзіңіз алғы сөз жазып берсеңіз, – деген ұсынысын жеткізді.

Бұдан кейін ақынның шаңырағындағы шығармашылық шеберханасында облыс әкімі мен жазушы-драматург Елен Әлімжан жаңа жинақтың тұсауын кесті. Ақынның ізбасарлары Хамит Есаман, Нұржан Қадірәлі, Жұлдыз Бейсек, Арайлы Жақсылықтар арнау жырлардан шашу шашса, қалалық мәслихат депутаты, «Жамбыл-Тараз» газетінің директор-бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали ақынның өлеңдерін нақышына келтіріп оқып берді. Ақынның шығармашылығы жайлы ізгі лебіздер айтылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.