Бердібек Сапарбаев: “Тәртіпсіз тұрақтылық болмайды”

0 0

Қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуде ұсақ-түйек деген болмайды. Жұмыс орындарының жетіспеушілігі, бағаның өсуі, жер мәселелері, жастардың бос уақыты және басқа да мәселелер тұрақсыздыққа себеп болуы мүмкін. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында ондай олқылықтарға жол бермеу жайы жан-жақты талқыланды.

Ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұловтың айтуынша, «Қазақстан Республикасындағы бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу туралы» заңына енгізілген өзгертулерге сәйкес Тараз қаласы мен аудандарда 13 арнайы орын және 12 маршрут белгіленген.

Басқарма басшысы наразылыққа әсер етуі мүмкін факторлардың қатарындағы бірқатар өзекті мәселелерге тоқталып өтті. Атап айтсақ, біріншіден, жамбылдықтардың 42 500 теңге және коммуналдық төлемдерді өтеу үшін 15000 теңге көлемінде әлеуметтік төлемдердің төленбеуіне қатысты шағымдары. Екіншіден, Тараз қаласының маңындағы тұрғын алқаптар тұрғындарының әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық мәселелері. Үшіншіден, таратылған «Қаратау» ААҚ кәсіби қызметкерлеріне төлемдер. Сондай-ақ Меркі ауданындағы «Сыпатай батыр» ЖШС қатысушылары арасындағы жер дауы және қаржы пирамидасы қағидаты бойынша жұмыс істеген ломбардтар салымшыларының мәселелері де маңызды күйінде қалып отыр.

– 1600 шара өткізілген, бірақ нақты нәтиже қайда? Олардың дені есеп үшін өткізілген. Аталған мәселелер бойынша кешенді іс-шаралар жоспары мен оларды орындау кестесін әзірлеу қажет. Негізгі мәселе – әлеуметтік төлемдер. Олармен жұмыс қалай жүріп жатыр? – деді облыс әкімі.

Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубековтің айтуынша, 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік жәрдемақы бойынша жағдай тұрақтанған, арнайы штабтар өз жұмыстарын атқаруда. Бүгінде 24,9 мың өтініш түссе, оның 20 мыңға жуығы қанағаттандырылыпты. Түсіндіру жұмыстары төлем алуға құқығы жоқ азаматтармен жүргізілуде. Жалпы алғанда, шілде айында 171 мың адамға жалпы сомасы 10,2 млрд. теңге үлестірілген.

Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев жазғы коттедждер тұрғындарының әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелерін шешу, балаларды қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру туралы баяндады.

– Саяжай алқаптары тұрғындарымен жиі кездесіп, оларға мәселелерді шешу үшін жасалып жатқан әкімдік жұмыстарының алгоритмін түсіндіру қажет. 163 ауланы абаттандыру, науалар орнату, қоқыстарды уақтылы шығару, жалақы бойынша берешекті өтеу бағытындағы шаруаларды жандандыру қажет, – деді облыс әкімі.

Жастар үшін пайдалы демалыс ұйымдастыруға да көп көңіл бөлу керек. Тәрбие мәселесіне де терең назар аударып, ата-аналардың белсенділігін арттыру қажет. Бүгінгі таңда кез келген жанжалды ұлтаралық қақтығыс санатына жатқызуға дайын арандатушы топтар бар. Қазіргі пандемия жағдайы қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді нығайтуға бағытталған іс-шаралардың ұйымдастырылуына кедергі келтіреді. Алайда мұның өзге де тиімді жолдарын қарастыру керек.

– Тәртіпсіз тұрақтылық болмайды. Әлеуметтік және саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселесінде Қазақстан халқы Ассамблеясының, үкіметтік емес ұйымдар мен саяси партиялардың жұмысын жандандыруға тиіспіз, – деді Бердібек Сапарбаев.

Облыстағы мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын, жылы дәретханалар мен бейнекамералардың бар-жоғын тексеру қажет. Қашықтықтан оқытуға келетін болсақ, аймақтағы білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенованың айтуынша, қажетті компьютерлердің 30-40 %-ы қыркүйек айына дейін сатып алынады.

Жиындағы екінші мәселесі бойынша облыс әкімі аппаратының басшысы Қанатбек Мәдібек хаттамалық тапсырмалардың орындалуы туралы баяндады. Орындалмаған жұмыстардың көпшілігі, нақтылай айтқанда 12-сі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасына тиесілі екен. Ведомство жетекшісі бұл олқылықтың себеп-салдарын түсіндірді.
«Пандемия жағдайында, көптеген шағын және орта бизнес нысандары жұмыс істемейтін кезде біз кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетіп, олардың сұраныстарына жедел жауап беруіміз керек», – деп атап өтті облыс әкімі.

Аймақ басшысы сонымен қатар жамбылдықтардың жолдардың, әсіресе аудан орталықтары мен Тараздағы жолдардың сапасына шағымдары көп екенін айтты. Сондықтан қабылдау актісіне қол қойып, қаржы төлемес бұрын, тиісті зертханалардың көмегімен жол төсемінің сапасын мұқият тексеру қажет.

– Біз азаматтармен ашық сөйлесуіміз керек. Бос уәделер бермей, өзімізге жүктелген міндеттемелерді сапалы және уақтылы орындауға күш салуға тиіспіз, – деп қорытындылады аймақ басшысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.