Жамбыл жаңалықтары

Береке бастауы – бизнесте

Елімізде 2050 жылға қарай шағын және орта бизнестің үлесі ішкі жалпы өнімнің кем дегенде 50 пайызын құрауы тиіс. Мемлекет басшысы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында осындай межелі міндет қойған болатын. Бүгінде Елбасы тапсырмасына сәйкес облысымызда кәсіпкерлік көкжиегін кеңейту бағытында келелі бастамалар көтерілуде.

Кеше аймақ басшысы Асқар Мырзахметов­­тің қатысуымен өткен облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің отырысында да саланы серпілту жайы жан-жақты қаралды. Жиынды кеңес төрағасы, «Қазфосфат» ЖШС-ның бас директоры Мұқаш Ескендіров ашып, жүргізді.

Басқосу барысында сөз алған облыс­тық кәсіпкерлер палатасының директоры Мәріпбек Шәкербек өңірдегі тіршілігі тұралап тұрған өндірістік кәсіпорындарға жүргізілген зерделеу жұмысының нәти­же­сіне тоқталды. Оның айтуынша, облыс­та осындай санаттағы 88 кәсіпорын қар­жы­лай қолдауды қажет етеді. Сондай-ақ, ол өткен жылы Тараз қаласында ашыл­ған «Кәсіпкерлер үйі» қызметіне кәсіпкерлердің көңілі тол­май­тынын ашық айтты. Өйткені, онда кәсіп­кер­лер­ге қызмет көрсетуі тиіс жауапты мекеме-кәсіпорындардың мамандары жұмыс орнында уақытылы отырмайды екен. Бұдан бөлек, М.Шәкербек Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағына жүргізілген жаңғырту жұмыстары барысында алынып тасталған дүңгіршек иелерінің талап-тілегін жеткізді. Кәсіпкерлер өз меншіктеріндегі дүниенің қайда жөнелтілгенін білмей, дал болып жүрген көрінеді.

Өз кезегінде облыс әкімі Асқар Исабек­ұлы «Кәсіпкерлер үйіндегі» олқылыққа қатысты мәселені назарға алуды Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымовқа тапсырды. Сонымен қатар, «Жеңіс» саябағындағы заңсыз орналасқан дүңгіршектер «Жасыл ел – Тараз» жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігінің ауласында тұрғанын, иелері іздеп келсе, қайтарыла­ты­нын айтты. Алдағы уақытта арнайы орын қарастырылып, кішігірім саудамен айналысушыларға жағдай жасалатынын жеткізді.

Өңірлік кеңес мүшесі Әлімбек Жұмабаев Қапал көшесінің 4-бұры­лы­сы­­нан салынған 9 қабатты екі тұрғын үйге су жүйесі тар­­тылмағанын, шаһарда мал ұрлығы толастамай отырғанын мәсе­ле етіп көтерді. Өңір басшысы үйлер салынбай тұрып, алдымен инфрақұрылым жүргізілгенде мұндай мәселе туын­да­май­тынын, дегенмен, тұрғындар тілегі ескерусіз қалмайтынын тілге тиек етті. Ал, мал ұрлы­ғына қатысты облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Байжан Байгелді түсінік берді.

Жиын барысында кәсіпкерлер тарапы­нан заңсыз адам тасымалы, сүт өнімін өндіру, кооперативтердің болашағы, республикадан облысқа ай сайын қажетті мөлшерде сұйылтылған газ отынын бөлдіру секілді көптеген мәселелер көтерілді. Айтылған ұсыныс-пікірлер бойынша Асқар Мырзахметов нақты жауап беріп, кейбір мәселелерді шешуді тиісті сала басшыларына жүктеді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР