"Көңілашар"

Береке бесігі – бірлік

Written by Aray2005

Ғаусар ғасырлар бұрын ғадауатпен арпалысып, ғазиз ғұмырын бұқараның бейбітшілігі үшін бағыштаған Білге қаған «Ел болып бірігуден асқан бақыт жоқ» десе, «Тату елге – тыныштық пен тоқшылық нәсіп» деп Күлтегіннің кесіп айтқаны бар. Бұл ұғым арада дәуірлер көшіп, жылдар жылжып, айлар аунап, күндер сусылдап өткенімен әлі де өзіндік өзекті мағына биігінен түскен жоқ. Осы қағиданы ұстанған қасиетті ұлы дала татулықтың темірқазығы, бірліктің бәйтерегі, ынтымақтың ырысханасына айналды.

Батаменен өсіп өнген байтақ еліміздің өзгені де өзегіне басқан ақеділ мейірімі бұл күнде қамқорлық пен қайырымдылықтың құтты панасы, дархан пейілдің дара даңғылы десек артық айтқандық емес. Жүздеген ұлттың мыңдаған ұрпағын мейіріміне бөлеген Мәңгілік ел бұл күнде көпшіліктің риясыз рақметі мен кіршіксіз алғысына кенеліп отыр.
«Жалғанда ойлап тұрсаң бірлік керек, Бірлікті ойлау үшін тірлік керек» деп Төле би бабамыз айтқандай, Қазақстан халқының бірлігі күні – шаңырағы тәуелсіздіктің тәжіне айналған байтақ дала жұртын мәңгілікке біріктіруге бағытталған «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының, қазақстандық бірегейліктің негізгі арқауы – еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын тұғырлы мереке.
Бәйтерегім сен едің, бір бүршігің мен едім,
Қолым қысқа демедім, қолтығымнан демедің.
Қазақ деп соққан жүрегі, қазығыңның бірі едім.
Тайғағында тағдырдың табанды саған тіредім.
Рақмет саған, туған ел, – деп өлеңмен өрнектеген ақын Нарша Қашағанұлының жауһар жыры дәл осы мерекенің, Ұлы дала, Отан ананың әр перзентінің жүрек алғысына ерекше үн қосып тұрғандай. Өйткені бірлік пен ынтымақтың қадірі өмірдің өзіндей құнды, бақыттың өзіндей бағалы.

Себебі, біз, Қазыбек бише айтқанда:
Төрімізден құт-береке қашпасын деп,
Жеріміздің шетін жау баспасын деп,
Туырлыққа – ту іліп,
Қыннан қылыш суырып,
Көк найзаның ұшына күдері үкі таққан елміз!
Бұл туралы хәкім Абай да аз айтқан жоқ. Мәселен хәкім алтыншы қара сөзінде: «Қазақтың бір мақалы: «Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік» дейді. Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады – білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік – ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады! Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек, сонда әркім несібесін құдайдан тілейді, әйтпесе құдайдан тілемейді, шаруа іздемейді. Әуелі біріне-бірі пәле іздейді. Не түсін, не ажарын, не өкпесін бұлдап, ол болмаса, бір пәле салып, қорғалатып, әйтеуір бірін-бірі алдаудың амалын іздеседі. Мұның қай жерінен бірлік шықты? «Ырыс алды – тірлік» дейді, ол қай тірлік? Ол осы жан кеудеден шықпағандық па? Жоқ, ондай тірлік итте де бар. Ондай тірлікті қымбат көріп, бұлдаған адам өлімді жау көріп, ахиретке дұшпан болады. Жанын қорғалатып, жаудан қашып, қорқақ атанып, еңбек қылудан, қызмет қылудан қашып, еріншек атанып, ез атанып, дүниеде әлгі айтылған ырысқа дұшпан болады. Ол айтқан тірлік олар емес. Көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады. Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың. Кеселді жалқау, қылжақбас, Әзір тамақ, әзір ас, Сыртың — пысық, ішің — нас, Артын ойлап ұялмас, – болып жүріп, тірімін деме, онан да Алла жіберген ақ бұйрықты өлімнің өзі артық» деп тереңнен тұспалдап, тұңғиық тұжырым жасайды. Иә, ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Әлемде 256 ұлт болса, соның 130-дан астамы қасиетті қара шаңырақ – Қазақстанда.
«Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» тату-тәтті өмір сүріп, тіршілік кешіп жатыр. Мемлекетіміз тәуелсіздігін алғалы бері татулық, бірлік, келісім сынды құндылықтарды ту етіп көтеріп келеді. Еліміздің осы жылдар ішінде жеткен жетістігі тұрақтылық пен бейбітшіліктің арқасында болса, оның негізі Елбасы айқындаған этносаралық келісім мен бірліктен бастау алады. Бүгінгі күні Қазақстанда әлемде теңдессіз саналатын татулық пен бірліктің, көпэтностық қоғамдық келісімнің бірегей үлгісі қалыптасқаны баршаға аян.
Бірлік пен татулық тәлімінің қазіргі көп этносты Қазақстан жағдайында маңызы ерекше. Мемлекет құраушы, елдің, жердің иесі ретінде қазақ халқы өзге ұлттар мен ұлыстарға оның асқан үлгісін көрсетіп келеді десек, артық емес. Тарихымызға үңілсек, оған анық көз жеткізе аламыз. Қиын-қыстау кезеңге тап болған өзге этнос өкілдеріне қамқорлық танытып, мейірімін аямаған қазақ халқы тағдырдың тауқыметімен жер аударылып келген түрлі ұлт өкілдеріне төрден орын беріп, бір үзім нанын бөліскені белгілі. Сол үшін көптеген ұлыстардың өткен және бүгінгі буыны қазақ ұлысына риясыз риза.
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнін еліміз жыл сайын үлкен дәрежеде тойлап келеді. Бүгінде үлкен жетістіктерге жеткен ұлт өкілдері қазақ халқын – адамгершілігі асқақ, арамдықтан ада, тумысынан таза, қиянаттан шет, өзі дара, жүрегі иманға толы кең халық деп бағалайды.
Достық пен ынтымақ – бұзылмайтын қорған, жол көрсетер баған десек, осы тұрғыда өңірдегі әрбір диаспора, әр этнос өкілдері өз мәдениеті мен тілін, салт-дәстүрлерін сақтауға мүмкіндік ала отырып, ел игілігі жолында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға атсалысу арқылы олар тәуелсіз Қазақстанның көк байрағының астына тығыз топтаса түсуде.
Қазіргі таңда Қазақ хандығының қазығы қағылып, тұңғыш рет туы тіктелген текті топырақ – Жамбыл өңірінде 87 этнос пен этникалық топтың өкілдері жарасымды ғұмыр кешуде. Аймақта 26 облыстық, 1 қалалық және 47 аудандық этномәдени бірлестік пен 175 Қоғамдық келісім кеңесі жұмыс жасауда. Еліміз ең алғаш тәуелсіздік алып, еңсесін көтерген күннен-ақ адамзат үшін ең қымбат қазына –
ұлтаралық татулықты, конфессияаралық келісімді, өзара түсіністік пен құрмет сезімін, жарастық пен келісімді – қастерлеп сақтай отырып, еркін дамуда. Бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі достықтың бай тәжірибесі мақсатына мірдің оғындай асыққан мемлекетіміздің күш-қуатын, толағай табыстарын, өміршеңдік энергиясын еселеп арттыруда.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының: «Қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзінің егемендігі мен тәуелсіздігі үшін күресіп келді. Өзінің ең жақсы қасиеттерінің: қатер төнген сәтте бірігіп, ұйымдаса білуінің, сондай-ақ басқа халықтармен бейбітшілік, келісім мен тату көршілік жағдайында тұруға деген ынта-ықыласының арқасында ол тарих тасқынының астында қалып қоймай, өзінің мемлекеттігін қалпына келтіре алды», – деген сөзі кешегі мен бүгінгі тарихымызды ұштастырып тұр. Ендеше бірлігімізді нығайтып, берекемізді байытқан мейірім мерекесі құтты болсын! Сөзімізді алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың парасатты ойымен аяқтасақ: «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса – халықтық мақсат сонда орындалады. Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана».

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР