Берген қарыз беделді өсіреді

0 12

Адам баласы болған соң бір-бірімізден қарыз алмай тұрмаймыз. Қарыз алуды біреудің аманаты деп білу керек. Аманатты уақытында өзінің егесіне қайтару парыз. Қарыз – біреуге үстемесіз, қайтарымымен берілетін материалдық көмек. Шариғат бойынша ол – рұқсат етілген игі іс. Мұсылмандарға бір-бірінен қарыз сұрауына болады, бергені де дұрыс. Бірақ қарыз беруші қарыз алушының ол ақшаны теріс істерге (құмар ойындары, ішімдік және тағы басқа) жұмсайтынын біле тұра қарыз берсе – харам. Сондықтан қарызды мұқтаж жандарға, отбасын асырауға, тағы сол секілді жақсы істерге беру керек. Ал үстіне өсім қосып, пайызымен қарыз беруге де, алуға да тыйым салынған. Біреудің таршылықтан қиналып барып сұраған қарызынан пайда көріп, өсімін шығару адамгершілігі бар пенденің ісі емес.

«Жаманнан би қойма – кесім салады,
Залымнан қарыз алма – өсім салады» деп бекер айтпаған.
Сондай-ақ қарызға беріліп жатқан нәрсенің (ақша, егін, көлік, тағы басқа құнды заттар) құны мен мөлшерін нақты білген дұрыс. Қайтарарда дәл сол мөлшерде (кем қылмай), келісілген уақытта беру керек.
«Бақара» сүресінің 282-аятында: «Алла Тағала алыс-берістің тәртібін аятпен бекітіп қойған. Қарыз алған кезде екі кісіні куәге тарта отырып, ал үшінші кісі қағазға жазып, қарыздың, алыс-берістің болғанын растап, қағазға түсіреді. Қарызды беруде, уақытылы қайтаруды Алла Тағала осы аятпен бұйырады», дейді.
Сондықтан кімнің мойнында қарыз болса, оны өтеуге асығу керек, ал кімде біреуден алашағы болса, оны алған адамның есіне салу керек. Қарызыңды уақытылы қайтара алмасаң, қарыз берушіден қосымша мерзім сұрауға болады. Ең бастысы қарыз беру, қарыз алу адамдардың сыйластығын бұзып, сенімімізге селкеу түсірмеуі тиіс.
Егерде адамның қарызды қайтаруға жағдайы жоқ болса, шамасы келмесе, ол қарызды кешкен жөн. Себебі қарыз беру– сауапты іс. Қазіргі жағдайда осындай адамгершілік жетіспейді. Халық «Адамның күні – адаммен» деп бекер айтпаған. Алайда қарыз беруші қиналған жанның жағдайын көріп, қарызын кешірген жағдайда ол кісіге екі есе сауап жазылатынын пайғамбарымыздың хадистерінен кездестіреміз. Біріншіден, қарыз беріп, жәрдемдескені үшін сауап алса, екіншіден, қарызын қайтарып алмай кешіріп жібергені үшін сауап алады.
Ал қарыз алып, бірақ қайтармай жүргендер мынаны білсін! Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай дейді: «Қандай да бір адамның мүмкіндігі бола тұра қарызын өтемей немесе кешіктіретін болса, (қарызын өтегенге дейін) күн сайын амал дәптеріне зұлымдық ету күнәсі жазылады». Сондай-ақ тағы бір хадисінде «Өтемеу ниетімен қарыз алған адам қияметте ұры болып келеді» деп екерткен. Қарызы болған адам қарызын өтемей тұрып садақа бермеуі керек. Өйткені хадис шәрифте: «Қарызы бола тұра берілген садақа қабыл болмайды» делінген. Қысқасы, қарызданбауға қатты мән беру керек. Хазіреті Лұқман хакім: «Мойныма қарыз жүгін арқалап езілгенше, тас арқалағанды таңдаймын», деген екен. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай дейді: «Алған қарызын өтегісі келмегендерге Аллаһу Тағала қиямет күні: «Бұл адамның ақысын өзіңде қалдырады деп ойладың ба?», деп ол адамның жақсы амалдарын алып, қарыз иесіне береді. Егер қарызын бермеген адамның жақсы амалы болмаса, қарыз иесінің жаман амалдарын, күнәларын қарыздар адамның мойнына жүктейді» (Табарани).Өйткені қарыздану адамды күпірлікке дейін апаратынын ұмытпайық!
Сонымен бірге қарызды бұл дүниеде қайтару керек. Қарызын қайтармаса, ақыретте ғана емес, бұл дүниеде де қарыз иесінің жағдайы қиын болады.

Сұлтаншарип қажы ДЖАДРАЕВ,
«Сұлтан» орталық мешітінің бас имамы

Т. Рысқұлов ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.