Рухани жаңғыру

Берікқара шатқалы туризмге сұранып тұр

Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегімен әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды», — деп туған жердің қасиетіне ерекше тоқталды.
Расында да, әрбір адам үшін туған жерден қадірлі, ыстық мекен жоқ. Дана халқымыз «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» деп бекер айтпаса керек. Ал туған жердің табиғатын танытып, қадірлеу әр азаматқа парыз.
Облысымызда қойнауы құтқа толған, табиғаты тамылжыған ғажайып мекендер аз емес. Олардың әрқайсысы туристік орынға сұранып-ақ тұр. Міне, сондай «жер жұмағының» бірі — Берікқара шатқалы.

Шілденің шіліңгір мезгілі. Қаратау қаласының тау бөктеріне асып түссеңіз оң жақ қапталыңыздан түйе өркешті жоталар сізге ілеседі. Жолай жолыңыздан бастауын таудан алған жылғалар мен өзеншелер кесіп өтеді. Оның ең ірісі – Арбатас өзені деп аталады. Сәл әрірек жүрсеңіз Жарғантас әулие өзеншесі кезігеді. Адам таңғаларлық есім әрине. Берікқара ауылының белгілі азаматынан: «Жарғантас әулие деп неге қойылған?» деп сұрадым. Таңғалдым дейтінім, ол бұл атауды білмейтін болып шықты. Мен бұл туралы осыдан 15 жыл бұрын Қотырбұлақ әулие бұлағының шырақшысынан естігенімді айттым. Сол Жарғантас әулие бастауын тау етегіндегі Көкбастау сайынан алады екен.
Әзіреті Қаратаудың Берікқара ауылдық округінің тұсындағы бөктерінде ірі-ірі деген жеті сай бар. Соның алғашқы екеуі өсімдіктің және жануардың атауымен Тұтты және Елікті сай деп аталады. Одан аққан сулар құлдыраңдай ағып, Қожағаппар әулие мен Майтөбе ауылын орай өтіп, айдынды Билікөл көлін толтырады. Одан ары қарай асуы биік Аралтөбе сайы, одан кейін Айырсай, Амансай, Ақсақалсай, Шымырбай сайы, Тік асу сайы, Жұрынды сай, Берікқара сайы деп жалғаса бермек. Енді санамаласақ 7 сайдан асып тұр.
Бұл сайлардың қай-қайсысы да ата-бабамызға құтты қоныс болған, қиын-қыстау замандарда панасына айналған қасиетті мекендер. Айтпақшы, құдірет көремін десең тауға бар демекші, Таразға бара жатқан асфальт жолдың сол жағында қып-қызыл шағылтасқа тамыр салып, мәуе жайған жападан-жалғыз бой көтерген долана ағашын көресіз. Табиғат-Анаға табынған бейбақтар сол ағашқа аялдап, ақ шүберек байлап, тәу етіп өтеді. Құдайдан бақ-береке тілейді. Долана ағашы өсіп тұрған жердің солтүстігін Шыған ойпаты деп атайды. Бір кездері ол жерде Атабай дамолланың мешіті болған.
Жалпы, тауы мен тасы Жуалы мен Таласқа ортақ Берікқара қорығы жайлы не білеміз? Сіз сол қорықта ғалымдардың дәлелдеуі бойынша АҚШ-та ғана өсетін Берікқара терегін көзіңізбен көрдіңіз бе? Шымырбай сай тұсында салынған «Таусамалы» мейрамханасына жолыңыз түсті ме? Берікқара шатқалы не қорықшасы туралы танымыңыз қандай? Ендеше интернет берген қысқаша анықтамалыққа зер салсақ.
Берікқара шатқалы – республикалық маңызы бар кешенді мемлекеттік табиғи қорықша. 1986 жылы Жамбыл облысының Жуалы ауданында құрылған. Аумағы 17,5 мың гектар. Берікқара шатқалы Қаратаудың Билікөл маңындағы өсімдіктер мен жануарлардың реликт және эндемик түрлері көп кездесетін өңірде орналасқан. Қорықшада сирек кездесетін Семенов үйеңкісі, Сиверс алмасы, Согдиана шағаны сынды өсімдіктер өседі. Мұнда әсіресе, Берікқара терегіне ерекше мән берілген. Өйткені, қазір бұл терек тек Қазақстанда ғана сақталып қалған. Реликт түр болғандықтан Берікқара терегіне Канада ботаниктері үлкен көңіл бөлуде. Олар 4 жыл сайын келіп, теректің өсу ерекшелігін зерттеп отырады. Өсімдіктің 51 түрі қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.
Сан мәрте сапарлап жүріп мен де Қаратаудың осы бөктерінің құпиясына үңіліп, сұлулығына сұқтанып көрмеппін. Тек, кей кездері ұйытқи соғатын Берікқара желін ғана айтып, содан аман-есен өтсек, көңіліміз жайланатындай күй кешіп жүре беріппіз.
Әдетте Швейцарияны, көңіліміз қаласа Бурабайды, Жасыбайды, Шарын шатқалын айтып, аузымыздың суы құритыны бар. Оның бәрі бекер екен. Мысалы, әлгі айтқан жер жаннаттарында Берікқарада өсетін өсімдіктердің сирек екендігіне күмәніңіз болмасын. Оны мен емес жеті ата-бабасы Берікқара маңайын, оның ішінде төртінші атасы Ақсақал мекен еткен сайдың бүгінгі егесі Үрістембек Назарбеков нақты дәлелдермен айтып, бізді иландырды. Оның айтуына қарағанда сайды бойлай алма ағашының сан түрі өседі. Әлгі әңгіме қылған Берікқара терегінің ұзын саны – 17. Ол Берікқара сайындағы тасты жарып өсіп тұр. Бүгіндері «Қызыл кітапқа» ене бастаған тау арқарлары, еліктер де осында. Алайда, оның санының қанша екендігін Үрістембек айта алмады. Бірақ, қолында отты қаруы бар, мықты темір тұлпар тізгіндегендер осы жануарға оттай өш.
Ерекше қорғалған Берікқара қорығында небәрі жеті орманшы-қорықшы жұмыс істейді. Тау асып, дүрбімен төңіректі шолдыратын тікұшақтары да жоқ. Алайда, олардың табиғатты ерекше сүйетіндігі тікұшақтан да артық. Жалпы алғанда қорықтың өзі биологиялық және зоологиялық деп екіге бөлінеді. «Тегінде осы бөлініс те дұрыс емес сияқты», – дейді Үрістембек.
Бір кездері осы сайларды оның ата-бабалары мекен еткен. Берікқараның тумасы, белгілі ғалым, тарихшы Әбдіқадір Жүргенов өзінің «Жел өтінде өскен бір ұлыңмын» атты кітабында сол төңіректің тамылжыған табиғатын, өр мінезін өзінше өрнектеп, «Өткен ғасырдың 20-30 жылдары әр сайдың бойын ата-бабалары қоныс етіп, аң-құсын қорғап, тал-дарағын аялап, өсіріп, күн кешкен еді» деп жазады. Табиғаты тұмса. Суы мөлдір. Аң-құсқа бай. Осылайша, бейкүнә өмір кешіп жатқан халықты 1929-1930 жылдары ұжымдастырамыз деп, белсенділер бар малын тартып алып, онысымен қоймай салықтың сан түрін ойлап тауып, ақыры ашаршылыққа ұрындырған. Талай халық тау асып, талайы қырылған. Әбдіқадір ақсақалдың жазуына қарағанда Билікөлді сағалап отырған 300-ге тарта үйден 50-60 шаңырақ қана аман қалған. Осы жұрт Үрістембектің атасының атындағы Ақсақал сайында «Жаңа талап» деген ұжымшарға бірігіп, таудың жуасын теріп, жауқазынын, түйіртпегін, желкегін, сарымсағын, алғысын қорек етіп, көктем шыға тау шатқалдарының ойпаң саздау жерлеріне қара тары егіп, тау бұршақты, бидайлықты, тоқтышақты жеп күнелткен.
Өткен ғасырдың 50-жылдарына дейін, «Жаңа талап» ұжымшарында 70-ке тарта отбасы тұрған екен. Өзінің мектебі, мешіті болған. Тып-тыныш отырған ауылдың халқын 1951 жылы Жамбыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Александр Просолуопов сайларды қоныстанып отырған ұжымшарларды аралауды қиынсынып, сол кездегі әсіре саясаттың кесірінен Оңтүстік Қазақстанда мақта өсіру керек деген сылтаумен үш ұжымшардың халқын күштеп, көшірді де жіберді. Сол көшке ілескендері тау асып, көштен қалғандары Талас ауданының Майтөбе кеңшарына, Жамбыл ауданының «Бірлесу-Еңбек» ауылына келіп жан сауғалады. Сөйтіп, сайлары самсыған тірлікке толы жерлер қаңырап бос қалды.
Еліміз тәуелсіздігін жариялаған соң Берікқара аймағы да түрленіп келеді. Кәсібін ашып, несібесін таудан теріп жейміз деген кәсіпкерлер де шықты. Оның алды тау аңғарынан демалыс орындарын ашып үлгерді. Мыңғыртып мал өсіріп, жайқалтып жеміс-жидек егіп, оның өнімін сатып пайда табушылар да аз емес.
– Қаратау қойнауының туризмін дамыту үшін кешенді бизнес-жоспар жасап, оны саяхатшылардың игілігіне айналдыратын кез жетті. Сонау Күйік асуынан бастап Созақ ауданының аумағына дейінгі алып аймақта, адам баласы сүйсінер небір ғажайып асулар, өсімдіктер, аңдар кезігеді. Оларды қырып-жоюға емес, тамашалауға жағдай жасау керек. Адамзаттың алтын бесігі – Қаратау екендігін бүкіл әлем білуі тиіс, – дейді Үрістембек Назарбеков.
Қорықшының жанайқайын түсінуге болады. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов туристік кластерді дамыту үшін мүмкіндіктерді қайта саралауды тиісті мекемелерге табыстап отырғаны белгілі. Жуалы өңірінен тау шаңғысы саласын дамытуға көңіл бөлінуде. Алайда, оның қыс мезгілінде ғана қарекетке жарары анық. Ал, Берікқараның биігіндегі Теріс-Ащыбұлақ пен Қаратаудың етегінде айнадай жалтырап жатқан Билікөлдің жағажайын демалыс орындарына айналдыра алсақ, туристер лек-легімен ағылып, жасыл желек жамылған сайларды қиялай өтіп, шатқалдарда серуендеп, өсімдіктердің сан алуан түрін көріп, тіпті, дәрілік шөп жинап (әрине белгілі бір тәртіппен) «Қызыл кітапқа» енген аң-құстарын тамашалап, елімізді, өңірімізді жаңа қырынан танып кетер еді.
Бұл игі істің басында облыстық туризм, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, мәдениет, архивтер және құжаттама, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармалары тұрады деген ойдамыз.

Сәулембай Әбсадықұлы
ҚР-ның үздік өлкетанушысы,
Жуалы және Талас аудандары

ПІКІР