«Бес айда 100-ге жуық күбі жасаймын»

0 15

Бүгінде ел ішінде астау, күбі, ат әбзелдерін жасайтын шеберлер көп емес. Әрі олардың қолынан шыққан бұйымдарды да жиі кездестіре бермейсіз. Ал тараздық күбі жасайтын хас шебер Қалмұрат Есқараевтың қолынан шыққан бұйымдар бүгінде үлкен сұранысқа ие. Себебі оның жасаған күбілеріне қызығушылар алыстан арнайы ат терлетіп келіп, аттай қалап алып кетеді екен.

Бала кезінен ұсталыққа ебі бар Қалмұрат Әлиханұлының күбі жасауды кәсіп еткеніне 20 жылға жуықтапты. Қолы алтын шеберге мейрам қарсаңында жолығып, күбінің жасалу жолдарымен танысып қайттық.
– Мен Түркістан облысының Төлеби ауданының тумасымын. 1984 жылы Жамбыл облысының Тараз қаласына оқуға түсіп, содан осы қалада қалып кеттім. Кейін осында отау құрып, үйлі-жайлы болдық. Алғашында құрылыс саласында монтаждаушы болып жұмыс істедім. Дәнекерлеуші де, бригадир болған кездерім де бар. Бірақ кейінірек денсаулығыма байланысты зейнетке шығып, мұндай жұмыстарды қоюыма тура келді. Кейін отбасыммен тұратын үйді өз қолыммен көтердім. Ол кезде 1 000 доллар деген кәдімгідей ақша. Соған үйге керек-жарақтың бәрін сатып алдым. Бірақ үй құрылысына деп алған материалдарым әжептәуір артылып қалды. Соны қандай кәдеге жарататынымды білмей, ой құшағында жүргенімде керемет бір идея келіп, көп ұзамай күбі жасауға кірісіп кеттім. Күбі жасайтын бір шеберден оның технологиясын бар-жоғы 2-3 сағатта үйреніп алып, жасай бастадым. Алғашында базардағы алыпсатарларға сатып жүрдім. Бірақ соңғы жылдары оларға бермейтін болдым. Өйткені мен бір күбіні жасау үшін екі күн уақытымды кетіремін. Одан бөлек оған қолданатын материалды сатып алып, оны өңдеп, кептіремін. Ал алыпсатарлар оны менен бар-жоғы 10 мың теңгеге ғана алып, базарға апарып 20 мың теңгеге өткізеді. Еш қиналмай, яғни қалаған бағасына саудалайды. Қазір балаларым жасаған дүниелерімді интернетке жүктеп, жарнамалайды. Сол арқылы сатып алушылар өзімізге тікелей тапсырыс беріп жатады. Сондай-ақ қазір базардан алынған күбілердің түбінен сүттің ағып кететін кінәраты болады. Оны бекітудің де өз айла-тәсілі бар. Сондай күбілерді жөндетуге маған келіп жатады. Ақысына осындай да қызмет көрсетеміз, – дейді ол.
Күбіге тапсырыс көбіне мал төлдеген кезде, яғни көктем, жаз айларында көптеп түседі екен. Қысқа қарай толастайды. Жаз бойы күбі пісіп, май түсіргендер қысқа таман күбіні керек қылмай, қалай болса солай қора-жайға тастай салады. Қатты суыққа ағашы шыдамай жидіп, қаңсып қалады. Ал Қалмұрат ұста күбі алушыларға бірден оны қалай күтіп-сақтау қажеттігін қоса түсіндіріп береді.
– Күбі сату науқаны – сәуірден тамызға дейінгі бес ай. Сол бес айда 100-ге жуық күбі жасаймын. Енді жылдан-жылға жастың келуіне байланысты жыл өткен сайын күбінің саны межеден азайып бара жатыр. Көбіне Атырау, Ақтөбе, Ақтау, Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Қызылорда, Орал қалаларынан тапсырыс береді, біз оны пойыз арқылы салып жібереміз. Керек адамдар телефон арқылы хабарласып, мынандай күнге дайындап беріңіз деп тапсырыс береді, дәл уақытында салып жіберемін.
Негізінде күбіні арша ағашынан жасаған дұрыс. Ол берік, арасы қаңсымай ұзақ уақытқа жарайды. Кейде күбіге қажетті ондай ағаштар табыла бермейді. Сондықтан да жақсы кепкен қарағай, қарағаш, еменмен, қайың ағаштарынан да жасай беремін. Ағашты арнайы ағаш цехынан аламын. Жалпы қымыздың жақсы шығуы күбінің ағашына емес, қымыздың жасалу жолына байланысты, – дейді Қалмұрат Әлиханұлы.
Қалмұрат Әлиханұлы күбіден бөлек моншаға арналған шелек, маникюр, педикюр жасайтын салондарға шағын ағаш леген де жасайды. Алайда ұстаның айтуынша, әлі де болса кәсібін кеңейтіп, шеберхана салу үшін қаржы тапшылығы қолбайлау болып отыр екен. Атакәсіпті арқау еткен шебер алдағы уақытта мемлекеттік бағдарлама аясында берілетін төменгі пайызды несиеге қол жеткізуді ойлайды.
– Шағын несие алып, цех ашсам бірге жұмыс істейтін жастар да бар. Бірақ кәсіпкерлерге несие беретін мекеменің мамандары «Қалада мұндай кәсіпті жүргізу оңайға соқпайды. Алған несиеңізді өтей алмайсыз» деген желеумен несие беруден бас тартты, – дейді шебер.
Кім-кімге де бұл өнер қиын тиген.
Біреуге атақ,
Біреуге тиын тиген.
Шын шеберлер темірден шілтер тоқып,
Шын шеберлер ағаштан түйін түйген, – деп ақын Қадыр Мырза-Әлі жырлағандай, атакәсіпті жалғастырып жүрген шебердің еңбегін қалай дәріптесек те орынды.

Айжан Өзбекова

Leave A Reply

Your email address will not be published.