Олжалы 10 округ

Бесағашты берекелі табыс күтіп тұр

dav
Written by Aray2005

Қайтсек ауыл-аймақтың әл-ауқатын арттырамыз деген мақсат еліміздің басты мемлекеттік саясатына айналғалы қашан. Елбасы Н.Назарбаев кезінде Мемлекет басшысы ретінде агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың талай тетігін қарастырды. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау қорлары арқылы жүзеге асырылған «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» сынды көптеген жобалар соның айғағы. Бүгін де халықтың әл-ауқатын арттыру, кәсіппен айналысуына бар жағдайды жасау мемлекеттің алдында тұрған ең басты саясатының бірі болып қала бермек. Оның үстіне шағын және орта бизнес субъектілерінің аяққа тұруы – өз кезегінде еліміздің әлемдегі бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарынан ойып орын алуына бастар басты бағыттардың бірі. Сондықтан Үкімет қазір әр аймақтың басшылығына шағын кәсіпкерлікті дамытуға зор талап қойып, оның тиімділігін арттыру тетіктерін табуды жүктеп отыр. Бұл ретте Жамбыл облысы аймақтардың алды болып, бұрын-соңды болмаған жобаны қолға алды. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов жуырда кезекті Үкімет отырысында бекіттіріп алған Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасы «қарапайым заттар экономикасын» дамытуға негізделген. Бұл жобаға облыстың он ауылдық округі таңдалып, пилоттық негізде жұмысын бастап кетті.

Жоба бойынша ауылдардағы қайнаған тіршілік бес бағыт бойынша жандандырылмақ. Газетіміздің өткен сандарында бұл бағыттың мақсат-мұраты жайлы ашып жазғанбыз. Бастысы бірінің жоғын бірі түгендейтін бір-бірімен біте қайнасқан бағыттар үй ауласы мен ауыл маңындағы қосалқы жер учаскелерінде іске аспақ.
Осы жоба аясында тайлы-тұяғымен қалмай бір кооперативтің астына бірігіп, келешегінен көп үміт етіп отырғандардың қатарында бесағаштық тұрғындар да бар. Бесағаш –
Жамбыл ауданындағы аграрлық әлеуеті зор, тірлігі тектелген елді мекендердің бірі. Бір айта кетерлігі, тоқырау кезінде колхоз, совхоздарды таратып, мүлкін жекешелендіргенде аталған ауылдық округ бұл саясаттан аман қалған.
Жуырда осы жобаның қалай жүзеге асып, нендей мұратты көздегенін тағы бір пысықтап, тұрғындардың пікіріне құлақ түру мақсатымен аймақ басшысы Асқар Мырзахметов Бесағашта болып қайтқан-ды. Сонау Кеңес заманында Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының сынақ өткізу шаруашылығы болған Бесағаш ауылы бұрынғыдай емес. Тұрғындардың жеке қосалқы шаруашылық жерлерін тиімді пайдаланып, ұтымды ұқсатуы үшін қолдау керектігі көзге көрініп тұр. Десек те еңбек еткеннің ғана табысқа кенелетінін ескерсек, аулалар мен ауыл маңын баяғы дәулетті шаруашылыққа қайта айналдыру көп жағдайда тұрғындардың өзіне ғана байланысты.

Қала іргесіндегі бұл ауылға апта басында біздің де жолымыз түсті. Бізді қызықтырған басты сауал: ауқымды жобаны ауылдықтар еңсере ала ма? Бір қарағанда Бесағаштың бұрынғы және қазіргі әлеуетіне сүйеніп сұраққа жауап тапқандай боламыз. Өйткені тұрғындары малға да, бау-бақшаға да икемді. Оның үстіне округтің орналасқан жері де қайнаған тіршілікке сұранып-ақ тұр. Олай дейтініміз, өнімді өткеру нарығы ауылға тиіп тұр. Ол – Тараз қаласы. Екіншіден, логистика мәселесінде де қиындық жоқ. Округтегі қос ауыл да Қырғыз елі мен Тараз шаһарын байланыстыратын күрежолдың бойында жатыр. Айтпақшы, осы тұста экспорт жайлы да ойланып көруге болады.
Алдымен ауылдық округ әкімі Бейбіт Нигматуллаевпен жолығып, істің жай-жапсарына қанықтық. Мұнда басшылық етіп жүргеніне бес жылға жуықтаған әкім пилоттық жобаны жүзеге асыруға ауылдың әлеуеті жететінін әрі тұрғындарының құлшынысы да жаман емес екенін айтты.
– Бесағаш ауылдық округіне Бесағаш және Түрксіб елді мекендері қарайды. Онда барлығы 1 336 аула иелері және 10 көпқабатты тұрғын үйде тұратын 160 отбасы бар. Жалпы халық саны – 6 820 адам. Округтегі 1 176 аулада жеке қосал­қы шаруашылығы бар десек, ондағы үй іргесіндегі жер көлемі 154,9 гектарды құрайды. Оның сумен қамтылғаны 771 аула – 104,5 гектар, пайдаланбай жатқаны 405 аула – 50,4 гектар.
Жалпы округке кіретін Түрксіб және Бесағаш ауылдарының ауыл шаруашылықпен айналысуға мүмкіндіктері көп-ақ. Кезінде елде жаппай жекешелендіру жүргенде біздегі егін алқаптары пайлық үлес бойынша бөлінген жоқ. Өйткені 960 гектар жерді Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының осындағы филиалы игілікке жарату мақсатында алып қалыпты. Ал тағы бір бөлігі «Бесағаш-Ынтымақ» шаруа қожалығының еншісінде қалған. Есесіне бізде егін және мал шаруашылығы қатар дамып отыр. Тұрғындар бау-бақша егіп, картоп, жүгері, қант қызылшасы және көптеген көкөніс түрлерін егіп, қалаға өткеріп келеді. Облыс орталығына сатылатын табиғи сүт өнімдерінің басым бөлігі біздің ауылдан барады. Мәселен, былтыр бесағаштықтар 912 тонна сүт сатса, биыл жыл аяқталмай жатып-ақ сиырларынан 1 017 тонна сүт алды. Ең бастысы тұрғындардың еңбекке ынта-жігері бар. Тек осындай бір ауқымды жобаның, мемлекеттік қолдаудың керек болып жүргені рас еді, – дейді округ әкімі.
Әкімнің айтуынша, бүгінге дейін жобаның бірінші бағыты бойынша осы округтен 1 176 аула өтінім беріп үлгерген. Ал мал шаруа­шылығы бойынша 128 аула иелерінен тиімді несиеге сұраныс түскен. Басқа да бағыттар аясында жұмыстар жүргізілуде.
Ауыл шаруашылығы саласынан басқа, пилоттық округте жалпы шағын кәсіп бойынша 30 миллионнан астам теңгенің 16 жобасы ұсынылып отыр. Оның ішінде шаштараз, монша, қаңылтыр цехы, дүкендер, техника жөндеу орталығы және тағы басқа да жобалар бар. Ал тұрғындардың әлеуметтік тұрмысын жақсартуға барлығы пилоттық округ бойынша 131 жобаға сұраныс білдірілген. Округ әкімінің айтуынша, мұнда бұған дейін монша, ТЖО болмаған екен.
Ауылдық округтің жобаға қатысты басты көрсеткіштеріне тоқталсақ. Екі елді мекендегі 6 820 адам 1 336 аулада, оның ішінде 160 отбасы көпқабатты үйлерде тұрып жатыр.
6 820 тұрғынның жартысынан азы, яғни 2 956-сы ғана жұмысқа жарамды. Ал округтегі 117 шаруа қожалықтың біреуі ғана Бесағашта, қалған 116-сы Түрксіб ауылында екен.
Біздің түсінгеніміз, жобаны жүзеге асыру Түрксіб ауылында күрделірек болатын тәрізді. Себебі округте үй іргесіндегі егіске жарамды жер көлемі 154,9 гектарды құраса (1176 аула), оның 700 ауласы Түрксібте екен. Сумен қамтылу көрсеткіші бойынша аталған ауылда 31,35 гектар болса, Бесағашта көбірек – 73,15 гектар. Сондай-ақ пайдаланбай бос жатқан жер көлемі де Түрксібте – 40,32 гектар, Бесағашта небәрі 10,08 гектар ғана.
Ауылдық округ әкімі Б.Нигматуллаевтың сөзіне сүйенсек, Түрксіб ауылына тиесілі пайдаланылмай жатқан бос жерлерді аудан әкімдігі аудан қорына алып, осы жоба аясында кәдеге жаратпақшы. Ал жерін қайта өткізген түрксібтік шаруаларға басқа жерлерден учаске беру көзделіп отырған көрінеді.
– Ал ауласы жоқ 10 үйде тұратын 116 отбасының мәселесі де жобадан тыс қалмайды. Оларға ауыл сыртындағы бос жатқан жерлерден бау-бақша егуге 3-4 сотық жер учаскелері дайындалуда. Қазір бос жерлердің нақты аумағын толық есептеп жатырмыз. Кейін
1 жылға жалға беріп, ары қарай кооперативке кіруіне жол ашып, бақша шаруашылығымен айналысуына көмектесеміз. Әзірге айналымы бар, мал шаруашылғына бейімделген 1 176 ауланың құжатарын реттестіруді қолға алдық, – дейді округ әкімі.
Кооператив бұл ауылда бұрын-соңды болмаған екен. Осы жоба төңірегінде қозғалыс пайда болғалы округте «Іске сәт» ауыл шаруашылық кооперативі ашылып, ол биыл 20 қыркүйекте тіркеуден өтіпті.
– Қазір ауласы барлар өтініш беріп, ұжымға мүшелікке кіріп жатыр. Бүгінде елуге жуық тұрғын мүшелікке өтті. Дегенмен мүшелікке қабылдау ісінде әлі де кейбірінің құжаттары тиянақталып жатыр. Әрине, ол уақытша нәрсе. Өйткені кооператив жұмысын жандандару ісіне «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының білікті заңгерлері де жұмылдырылған, – дейді кооператив басшысы Қадыржан Дөненбаев.
«Іске сәт» кооперативіне жерімен бірге кіріп отырған шаруа қожалықтардың бірі – «Бесағаш-Ынтымақ». Бұл шаруа қожалық кезінде ауыл мүлкі мен малының, егіс алқаптарының тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетуіне жол бермей, ауыл игілігінің біраз бөлігіне иелік етіп қалған екен. Сол арқылы ауылдықтарды жұмыспен қамтып келеді.
Қазір кооперативті құру, жабдықтау кезеңі жүріп жатыр. Кооператив басшылығына бекітілген Қадыржан Дөненбаев бұл салаға бүгін ғана келген маман емес екен. Бесағаш ауылындағы жалғыз шаруа қожалығы – «Бесағаш-Ынтымақтың» тасын өрге домалатып келе жатқанына біраз жылдың жүзі болып қалыпты. Тұрғындардың ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалануда осы «Ынтымақ-Бесағаштың» жері кәдеге әжептәуір жарағалы тұр.
– Округ тұрғындары бұл жобаны дұрыс түсініп, бір ұжымға біріксе көп нәтижеге жетеміз деген ойдамын. Біз де өз тарапымыздан тұрғындардың түсінбей жатқан нәрсесіне қолдау көрсетуге дайынбыз. Ең бастысы жұмылған жұдырықтай жұмыс істеп, нағыз еңбек адамына тән үлгі көрсетсек, округтің де аты шығып, мерейі тасымақ, – дейді Қ.Дөненбаев.
Кооператив өзі толық тіркелгенімен мүшелері әлі түгел емес екен. Толыққанды жұмысқа кірісе алмай отырғандары да сондықтан. Оның үстіне мүшелікке өтініш бергендердің кейбірінің ішінде несие тарихы бұзылғандары да бар. Үйінің құжаттарында да кілтипан көп. Басында түсініспеушілік көп болған. Яғни істі жеделдетуге қолбайлау болып отырған себептер аз болмапты.
– Қазір өтініш берушілер көбейіп келеді. Қысқасы, округ әкімдігінің алдында әзірге 150 отбасыны кооператив мүшелігіне қабылдау міндеті тұр. Осы жұмыс қалай бітсе, кооператив мүшелеріне несие берілмек. Бірақ болашақта жоғарыда айтқан округтегі барлық 1 179 ауланы мүшелікке өткізу ісі өкшелеп келе жатыр. Өйткені ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту үшін 150 ауланы ғана жобада қарастырылған бар жақсылықпен, жеңілдетілген несиемен жарылқау жеткіліксіз. Оған округтегі отбасы түгел қатысуы тиіс. Оның үстіне ғылыми-зерттеу институтының филиалында 960 гектар егістік алқабы бар. Одан кейін ауыл ішінде 280 гектар жері бар «Бесағаш-Ынтымақ» шаруа қожалығы бар. Одан бөлек 6000 гектарлық мал жайылымы да бар. Округ мал шаруашылығын да, егіншілікті де қатар дамытып келеді. Негізі, біз кейде өткенге көз жүгірте беремейміз. Олай дейтінім, кезінде осы ауыл бір жылда жерден екі рет өнім алатын. Күзде сарымсақ егіп тастап, оны келесі жылдың шілде-тамыз айларында жинап алатын. Орнына картоп, сәбіз, қияр, жүгері егіп тастап, қара күзге дейін ертелі-кеш бау-бақшаның басы-қасында жүретін. Кейін тоқырау жылдары мұндай тіршілікке шама болмай қалды да, қазір міне, облыс басшысы қолға алған кооперативтің арқасында сол береке қайта келе жатыр, – дейді Бесағаш ауылдық округінің әкімі Б.Нигматуллаев.
Бесағаштық тұрғындар тарапынан көбіне жобаның екінші бағытындағы мал шаруашылығына қызығушылық артып келеді екен. 2,5 пайызбен 5 миллион теңге несие берілмек. Бұл ауылдықтар үшін өте жақсы қолдау.
Бесағаш ауылы дәл қазір кооперативке өтуге ынталы тұрғындардан құжат қабылдау, яғни жұмыс процесі жөнінен облыста 2,3-орындарда келе жатыр екен.
Осы ретте өндірілген өнім қайда өткеріледі деген де сұрақ туады. Кооперативті қалыптастыру жобасында сүт жинайтын арнайы техника да қарастырылып отыр. Ол азанымен тұрғындардан сүтті жинап шығып, қаладағы сүт өңдеу зауытына жөнелтеді. Әр литрін 104 теңгеден қабылдамақ, оның 10 теңгесі – Үкіметтің субсидиясы. Кооператив сүт жинайтын танкер алатын болса, тұрғындарға бұл өте жақсы жаңалық болғалы тұр. Өйткені бесағаштықтар осы күнге дейін жинаған сүтін қалаға өз көліктерімен, кейбірі такси, автобуспен жеткізіп келген.
Кооператив ауыл шаруашылық техникасы мәселесіне де аса мән беріп отыр. Өйткені көнерген техникамен күнелтіп келе жатқан шаруа қожалықтар жаңа трактор, жаңа комбайн болғанын қалайды. Сол үшін «Іске сәт» кооперативі жалпы сомасы 35 160 335
теңге болатын 6 МТЗ-82 тракторын сатып алмақшы. 28 миллион теңгеге астық комбайнын алсақ дейді. Сондай-ақ екі шөп шапқыш комбайн қажет екен. Бас-аяғы тоғыз техникаға тапсырыс беріп отыр. Бұған қоса дән сепкіш, тырма, соқа, шөп тайлағыш, дәрі сепкіш сынды барлығы 36 қосалқы техниканы да қажет деп тауыпты. Бір сөзбен айтқанда, мұндай техникалық әлеуетпен кішігірім колхоздың жағдайына жетіп қалмақ.
Ауылда отбасылық шаруасын тіктеп, бұған дейінгі мемлекеттік бағдарламалар арқылы мал өсіріп отырған тұрғынның бірі –
Берікқасым Ешенқұлов. Бұрынғы ауыл зоотехнигі мамандығы малға жақын болған соң осы бағытта несие алып, атакәсіптен береке көрсем дейді.
– Осы жобаны жүйелеп, Үкіметте бекіткізіп алған облыс әкімі Асқар Мырзахметовке алғыс айтамыз. Өйткені бұл қарапайым шаруаға нағыз керек дүние екен. Бұрын несиеге мал, не техника алатын болсақ, оның қайтарымы қалтаға ұратын. Ал кооператив арқылы 2,5 пайызбен несие алуға болады екен. Бұл деген мемлекеттің нағыз қолдауы ғой. Азын-аулақ малымыз бар еді. Енді солардың санын көбейтіп, шаруашылығымызда аздап кеңейтсек деген ниеттеміз. Оның үстіне өзім ертеректе осы ауылда 15 жылдай зоотехник болып жұмыс істедім. Осы жоба арқылы біраз отбасының бастай алмай жүрген тірлігін тіктеп, жағдайы жақсарып қалар деген сенімдемін, – дейді кооператив мүшесі Б.Ешенқұлов.

Қысқасы, ел Үкіметі соңғы жылдары ауылдың ахуалына алаңдап, ондағы қосалқы шаруашылықтарға жіті көңіл бөле бастағанын жоғарыда жаздық. Мысал керек болса, бір ғана «қарапайым заттар экономикасын» дамыту аясында бизнес жобаларын қаржыландыру 2025 жылға қарай 16 мың тұрақты жұмыс орнын құруға, бюджетке 1,1 триллион теңге салық түсімдерін қамтамасыз етуге, «қарапайым заттар экономикасы» өнімдері импортының үлесін 59 пайыздан 37 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді.

Жасұлан Сейілханов

Жамбыл ауданы

ПІКІР