Бесаспап Жанболат

Жас өнертапқыштың өзін-өзі жөндейтін тракторына сұраныс көп

0 38

Отандық ғылым-білімнің дамуына өнертапқыш жастардың қосып жүрген үлесі аз емес. Мәселен, Т.Рысқұлов ауданының Құмарық ауылында тұратын жас өнертапқыш Жанболат Әмір бүгінге дейін шаруашылыққа қажетті шағын трактор ойлап тауып, үшеуін сатып та үлгерген. Өзі автомеханик болып жұмыс істейтін Жанболат Сұлтанбекұлы түрлі көліктердің жарамсыз бөлшектерін біріктіріп, жарамды дүние ойлап табуды хоббиіне айналдырған. Яғни бос уақытында айналысатын, жаны сүйген ісі. Алдағы уақытта жүзеге асыруды көздеген көптеген жобалары да баршылық.

Жас өнертапқыш қазір шаруашылыққа, құрылысқа қажетті және өзінің сынған жерін өзі дәнекерлей алатын бесаспап трактор жасап жатыр.
– Әзірге трактордың 50 пайызы ғана жасалды. Толықтай аяқталғанда трактор жер жыртып, шөп шаба алады. Ал құрылысқа келгенде құм мен цементті өзі салып, араластырып, бетон дайындайды. Бұған қажетті материалдарды жинастыруға 1 миллион 200 мың теңге кетті. Мұнда 20 көліктің бөлшегі бар, – дейді өнертапқыш.
Жас жігітті жаңа дүние ойлап табуға жетелеген физика пәніне деген қызығушылығы екен.
– Бала күнімде физика пәнінің есептері қызықтыратын. «Егер мына есепті былайша жасасам, қандай жаңа дүние туар еді…» деген ой үнемі көкейімде тұратын. Қазір бұл менің хоббиіме айналды. Жұмыстан шаршап келгенде сызбаларыма қарасам, тынығып қаламын. Әлі жүзеге асырсам деген көп жобаларым бар. Солардың бірі – «Мәңгілік қозғалтқыш». Яғни табиғаттың өзінен қуат ала отырып, адамның тұрмысына қажетті істерді тындыруға көмектесетін «Мәңгілік қозғалтқыш» атты жобам жүзеге асса, талай табысқа кенелтер еді. Ешбір тоқтамастан қозғалыста жұмыс істейтін бұл аппарат ешқандай шығын шығармайды. Себебі ол табиғаттың өзінен қуаттанады, – дейді жаңалыққа жаны құмар жас азамат.
Жанболат Әмір алдымен жаңа дүниесінің жұмыс істеу барысын анықтап алады. Содан соң оның сыртқы формасын сызады. Сыртқы сәні мен ішкі жұмыс істеу жүйесін жан-жақты ойластырып, толықтырып алғаннан соң оған қажетті материалдарды іздейді екен.
– Өзім ауылда тұрғандықтан, бұзылған көліктердің бөлшектерін табу оңай болып тұр. Толық дайын болған жобама қажетті материалдардың тізімін шығарып, WhatsApp желісіндегі барлық топтарға салып, сөйтіп ауыл-ауылды аралап жүріп іздеймін. Сондай ізденіс барысында дәл сол жобама керегі болмаса да кездесіп қалған бөлшектер болса жинай беремін. «Керек тастың ауырлығы жоқ» демекші, келесі бір жобама пайдасы тиетіні анық. Мысалы сіз пайдаланған затыңыздың қалдығын қажетсіз деп қоқысқа тастайсыз. Бірақ оның да басқа бір әжетіңізге жарайтыны сөзсіз.
Қазір де үйімнің ауласында көлік қозғалтқышы немесе қаңқасы секілді темір-терсектер жетеді, – дейді қатарластарынан оза туған Жанболат Сұлтанбекұлы.

Қамар ҚАРАСАЕВА,

Т.Рысқұлов ауданы,
Құмарық ауылы

Leave A Reply

Your email address will not be published.