Sport

Бейбіт Шүменов WBA белбеуін иеленді

Астанада бірінші ауыр салмақтағы WBA титулы сарапқа салынған бокс кеші жанкүйерлердің делебесін қоздырды. Әсіресе, отандасымыз Бейбіт Шүменов пен түрік спортшысы Хизни Алтынкайдың арасындағы жекпе-жекті көпшілік тағатсыздана күтіп, тамашалады. Бұл кездесуде жеңіс біздің еншімізге жазылып, Шүменов WBA белбеуіне ие болды.

Екі жылға жуық шаршы алаңдағы бәсекелерден қол үзіп қалған Бейбіт алғашқы раундты ширақ бастады. Ол 30 секундтық барлаудан кейін бірден тактикасын өзгертіп, шабуылға ден қойды. Алайда, Хизнидің қорғанысы берік болғанын айта кету керек. Алғашқы раундтың аяқталуына бір минут қалғанда Бейбіт қарсыласының бүйір тұсынан қақырата соғып, тізерлетіп тастаған еді. Десе де, орнынан көтерілген түрік боксшысы оңай беріле қоймайтынын көрсетті. Екінші раундта Бейбіт басымдығын сақтай отырып, қос бүйірден жиі соққы жасады. Алайда, бұған түрік боксшысы дайын екенін байқатты. Үшінші және төртінші раундта да отандасымыздың басым екені айқын байқалған болатын. Шаршы алаңға әлсіздердің шықпайтынын ескерсек, бесінші раундта Алтынкай да шабуылымен көзге түсіп, көрермендер нағыз боксты көргендей болды. Бірақ, ол раундта ешқандай ногдаун тіркелген жоқ. Сегізінші раундта Алтынкай Шүменовтің бірнеше ауыр соққыларын жіберіп алды. Тоғызыншы раундта Алтынкай ногдаунға түсіп, төреші есеп ашты.

Көрермендердің көз алдында түрік боксшысы үшін жеңістің ауылы алыстап бара жатқаны анық көрінді. Тоғызыншы раундтан кейін Хизнидің бапкерлері оны келесі раундқа шығарудан бас тартты. Осылайша, Бейбіт Шүменов 10-раундта жеңіске жетті.

Айта кетерлігі, Шүменов пен Алтынкай арасындағы басты бәсеке алдында екінші орта салмақтағы Айдос Ербосынұлы әзірбайжандық Исмат Эйнуллаевты техникалық нокаутпен жеңіп WBA Asia белбеуін иемденсе, аталмыш салмақтағы Арман Рысбек грузиялық Сандро Терашвилиді, бірінші ауыр салмақтағы Али Балоев әзірбайжандық Казим Умудовты мерзімінен бұрын ұтып, жанкүйерлерді желпінтіп тастады. Сондай-ақ, шаршы алаңға көтерілген бірқатар боксшыларымыз да кездесулерінде жеңіске жетіп, мерейімізді үстем етті.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

ПІКІР