Бейбітшілік пен берекенің бастауы

0 6

Құрметті жерлестер!
Сіздерді бірлік пен берекенің, тоқшылық пен молшылықтың бастауы саналатын, көктемнің тамылжыған жайдары күндерімен бірге келген Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мерекесімен құттықтаймыз!
Наурыз – жылдың басы, күн мен түннің теңелер шағы. Тамырын тереңнен тартқан мереке – ежелден халқымыздың берекесі мен бірлігіне, бір-біріне деген риясыз тазалығына, татулығы мен ынтымақ-ықыласына арқау болып, шаттық пен қуанышқа кенелтетін ұлы күн.
Наурыз – жыл басы ғана емес, бұл ең алдымен ізгілік пен жақсылықтың мейрамы. Рухани тазару мен үйлесімнің, бейбітшілік пен берекенің символы. Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әз Наурыз ат шаптырып, ұлан-асыр той жасау деген сөз емес. Игі бастама, ең алдымен ағаш отырғызу, қоршаған ортаны тазарту сияқты қарапайым істерден басталуы тиіс», деп атап өткені тегін емес. Көктемгі жаңару мерекесі ауылды күтіп-баптап, қалаларды көркейту, абаттандыру секілді жұмыстарымен мәнді болады.
Атадан қалған ұлы аманат – тәуелсіз елімізді көркейтуге үлес қосу болса, атадан қалған асыл сөз «Бірлігі жарасқан елдің жұлдызы биік болады» деген қасиетті ұғымнан тарап жатады.
Халқымыз бүгінде пандемия кезеңінде түрлі ауыртпалықтарды бастан өткеріп жатқаны жасырын емес. Елімізде жер-жаһанға зор қауіп төндірген қауіпті дертке қарсы күрес әлі де жалғасуда. Дегенмен біз ортақ күш-жігерімізбен, ынтымағы жарасқан халқымыздың жұдырықтай жұмылған бірлігіміздің арқасында бұл қиындықтарды да еңсереміз деп сенеміз.
Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз, айбыны асқақ, көк Туы көкте желбіреген қазақ елінің болашағы жарқын, бақыты баянды болсын деп тілейміз.
Наурызда айтылған барлық тілек қабыл болады деген наным бар. Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болып, еліміздің қуаты арта берсін!
Ақ мол болсын! Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!

Облыс әкімі Б.САПАРБАЕВ,

облыстық мәслихаттың хатшысы М.САРЫБЕКОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.