«Бейбітшілік пен келісім» керуені төрт ауданда болды

0 5

«Бейбітшілік пен келісім» керуені наурыз айының басында аудандарға жол тартқаны белгілі. Бүгінге дейін үгіт-насихат тобы Жамбыл, Байзақ, Шу және Меркі аудандарында болып үлгерді. Аталған елді мекендерде қандай жұмыстар атқарылды? Тұрғындардың түйінді түйткілдері тарқатылды ма? Зер салып, бір зерделеп көрсек.

Ең әуелі Жамбыл ауданынан жұмысын бастаған «Этносаралық және конфессияаралық келісім» тобы аудандық «Бәйдібек» мешітінде болып, ауылдық округ имамдарымен кездесті. Басқосуда топ жетекшісі, облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров, облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев және облыс әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» ақпараттық-түсіндіру бөлімінің басшысы Ерзат Жақыпов тәуелсіздігіміздің тұғырын нықтап, этносаралық ынтымағымызды нығайтқан бірлік екенін, достық пен татулыққа арқа сүйеген мемлекет ретінде әлем мойындағанын мақтанышпен жеткізді. Ал топ мүшесі Ерзат Жасқанбайұлы Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңына негізделген діни әдебиеттерді тарату, саясатқа араласпау, неке қию және кәмелет жасқа толмағандар туралы өзекті ақпараттар берді.

Бұдан кейін үгіт-насихат тобының күнтізбелік жұмыс жоспарымен Гродеково ауылдық мәдениет үйінде «Қоғамдық бірлік пен келісімді нығайтудағы өзара іс-қимыл» тақырыбында аймақтық кеңейтілген отырыс өтті.
Мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы келісім мен ұлттық бірлікті нығайту, этносаралық қақтығыстардың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізуді мақсат еткен шараға облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сержан Қуанышов, «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Парида Мамедова, әдістемелік бөлімнің меңгерушісі Аққу Қаратаева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев және ауыл тұрғындары қатысты. Берері мол басқосуда бірлік пен татулық жайы сөз болып, көпшілік көңілі дарқан, құшағы кең қазақ елінің досқа адал, мейірбан халық екенін тілге тиек етіп, естеліктер айтып, өткеннен ой қозғады. Кеңейтілген отырыстан соң алқалы топ жұртшылықты жеке сұрақтарымен қабылдап, ұсыныс-пікірлерін назарға алды.
Мұнан соң Жалпақтөбе ауылдық мәдениет үйінде «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» және «Рақмет саған, туған ел!» тақырыбында ашық алаң ұйымдастырылды. Топ мүшелері өнер ордасындағы түрлі ұлт өкілдерінің шығармашылығына арналған көрмені тамашалағаннан кейін ауданның Құрметті азаматы Абдулхалил Маюфи қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту жөнінде салмақты сөз айтты.
Сонымен қатар форумда өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілге деген құрметін жан-жақты көрсетіп, қазақ тілінде ән шырқап, өнер көрсетті. Арифты Шамсутдинов «Көроғлы» күйін киелі домбырамен орындаса, «Мен қазақ тілін қалай үйрендім?» тақырыбында Забида Мирзоева мен Роза Юнусова өз ойларын ортаға салып, тілге деген ыстық ықыласын жеткізді. Сахнаға көтерілген «Барбанг» күрд этномәдени орталығының аудандағы төрағасы Сабри Асанов елге, жерге деген құрметін білдіріп, қысылтаяң шақта пана болған халыққа қарыздар екенін тілге тиек етсе, «Вынхуа» дүнген этномәдени орталығының өнерпаздары сахна сәнін бимен келтірді.
Сондай-ақ ортаға шыққан Роза Майорова, Баси Ибрагимова, Калым Аймен, Мустава Шакенов жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Күләш Ахметованың 75 жылдық мерейтойларына орай ақындардың шығармаларын мәнерлеп оқып берді. Танымдық шарада «Дүнген қызы» әнін Алтынай Тілеубаева нақышына келтіре шырқап, көптің көңілін бір серпілтіп тастады.
«Атамекен» әнімен аяқталған шарада Жамбыл ауданының жастары өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында Байзақ ауданынан қабыл алған «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» эстафетасын Талас ауданына жолдады.
«Әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу және кәсіпкерлікті дамыту» тобы Жамбыл ауданындағы округтерді аралап, тұрғындармен кездесті. Жұмысшы топтың «Ауылда бизнесті дамыту» бағыты бойынша семинар-кеңесі Аса ауылындағы М.Төлебаев атындағы балалар өнер мектебінде өтті. Оған Аса, Қаракемер, Өрнек, Ерназар, Тоғызтарау ауылдарының кәсіпкерлері мен шаруалары қатысты.
Басқосуда топ мүшесі, облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары Данияр Жаманқұлов жұмысшы топтың жоспарын жіті түсіндірді.
– Ауыл – кәсіпкерлікке қолайлы орта. Қазіргі таңда осы салаға айрықша көңіл бөлінуде. Ауылдық жерлерде кәсіппен айналысу, кәсіпкерлікті дамыту – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Талапты орындау – бәрімізге ортақ іс. Бұл бағытта облысымызда ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. «Бейбітшілік пен келісім» жобасының бір бағыты кәсіпкерлер мен шаруаларға арналған. Мақсат– кәсіпкерлерге қолдау білдіру, көмек көрсету. Біз сіздерді тыңдауға келдік,– деді Д.Жаманқұлов.
Басқарма басшысының орынбасары және банк өкілдері шаруалардың кәсіп ашу, оны кеңейту үшін несие алу бойынша қойған сұрақтарына нақты жауап берді.
Семинар-кеңес Ащыбұлақ ауылында жалғасты. Ауылдық клубта өткен жиынға қатысқан ауыл шаруалары мен кәсіпкерлер өздерін толғандыратын мәселелердің мән-жайын ашық сұрап білді. Тұрғындар көкейде жүрген жайылым жер, мал басын көбейту үшін несие, техника алу туралы сауалдарын қойды.
Семинар-кеңестен кейін жұмысшы топ Қаракемер, Ащыбұлақ ауылдарында орналасқан кәсіпкерлік нысандарын, мал бордақылау алаңдарын аралап көрді. Нысан иелерімен жүздесіп, әңгімелесіп, ондағы тыныс-тіршіліктен, түйткілді мәселелерден хабардар болды.
«Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова да аудан әкімдігі жанындағы ономастика жөніндегі жұмыс тобының мүшелерімен кездесті.
– Атаулар тарихтан сыр шертіп тұруы керек. Тәуелсіздік жылдарында облыста 2 ауданның, 2 300-ден астам көшенің атауы өзгерді, 200 нысанға жаңа атаулар берілді. Жасыратыны жоқ, бұрындары нысанға атау беруде бірізділік сақталып келді. «Ауылдар атаның атымен, көшелер көкенің атымен» аталып кеткен жағдайлар да кездесті. Ендігі жерде кезінде жіберілген кемшіліктерді қайталамай, алдағы ауқымды жұмыстарды ақылдасып атқаруымыз керек. Тіл саясатында, ономастика саласында заңдылықты сақтау, халық наразылығын тудырмау, мәселелерді тұрғындармен бірге талқылау маңызды роль атқарады. Әсіресе көше атауын өзгерту кезінде мәселені тыңғылықты тексеріп, мұқият зерттеп, жоғары жауапкершілік танытуға тиіспіз. Идеологиялық тұрғыдан ескірген, қызыл империядан қалған атаулар өзгертілуі қажет. Көше атаулары мен үй номерлері анық жазылуы шарт, – деді Рахия Сейтбекқызы.
Дәл осындай кездесулер Байзақ, Шу және Меркі аудандарында өтті. Мұнда да жұмысшы топ тұрғындармен кездесіп, көпшіліктің көкейінде жүрген сауалдарына жауап берді. Енді «Бейбітшілік пен келісім» керуені Талас пен Сарысу аудандарын бетке алды. Ал үгіт-насихат тобының жұмысы 27 наурыз күні Қордай ауданында түйінделмек. Топ жетекшілері сол күні атқарылған жұмыстардың толық нәтижесін жария етеді деп күтілуде.

Төлен ДЕДЕК

Leave A Reply

Your email address will not be published.