Қазақстан халқы ассамблеясы

Бейбітшілік пен келісім – тұтастырар ел ішін

Written by Aray2005

Апта басында Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVІІ сессиясы өтті.

Оған еліміздің барлық өңірінен 1 300 делегат келген. Сондай-ақ Ресей, Түркия, Қырғыз Республикасы, Германия елдерінен қонақтар қатысып, келгендердің жалпы саны 1 500 адамнан асты. Жиынға қатысқандар арасында Ассамблея ардагерлері, барлық республикалық, облыстық және аймақтық этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқару органдардың басшылары, саяси партиялар мен діни бірлестіктердің, ҮЕҰ, ЖОО басшылары және шетелдердің дипло-матиялық миссияларының өкілдері, ғылым және шығармашылық интеллигенция, БАҚ өкілдері қатысты.
Сессия жұмысын ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ашып, алқалы жиын «Бейбітшілік пен келісім формуласы: жаңғыру мен бірлік» тақыры-бында өтетінін жариялады. Сессия жұмысын ұйым Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев жүргізіп отырды. Ол баяндама жасау үшін алғашқы сөзді ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа берді.
Алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚХА Төрағасының жаңа орынбасарларын тағайындауды бекітті. Ротация тәртібімен Ассамблея төрағасының екі жаңа орынбасары болып Ассамблея Кеңесінің биылғы мүшесі, «Вайнах» чешен-ингуш мәдени орталығының мүшесі, кәсіби медиатор Юсуп Келигов пен ҚХА мүшесі, Нұр-Сұлтан қаласының «Өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шерзод Пулатов тағайындалды. Қалыптасқан тәртіп бойынша этномәдени бірлестіктер атынан өкілдік ететін ҚХА төрағасының екі орынбасары жылына бір рет ротация тәртібімен Ассамблея сессиясында тағайындалады.
Бұдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев өзінің баяндамасын жасады. Ол Ассамблея құрылған күннен бастап еліміздегі мызғымас бірліктің ұйытқысы, сарқылмас берекенің бастауы болып келе жатқанын атап өтті. «Ассамблея – көпэтносты еліміздің басын біріктіретін, қоғамның пікірін тыңдайтын үлкен мінбер. Бүгінгі таңда құрылым еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың ең басты кепілі болып отыр», деп сөзін жалғастырған Төраға ғаламдық бейбітшіліктің аса құбылмалы өзгерістерге ұшырап отырғанын атап өтті.
«Біз бүгін мүлде жаңа тарихи кезеңде өмір сүріп отырмыз. Елдің экономикасы, қоғам өмірі, технологиялар күрделі өзгерістерге ұшырады. Біз олардың көбін қабылдап, біразын үйренудеміз. Осы өзгерістердің арасында өзгермейтін қуатты құндылық бар. Ол – қоғамның бірлігі мен ұлтаралық келісім. Қазір ол біздің басты құндылығымызға айналған. Күнделікті өмірде біз оны байқамайтын да шығармыз, бірақ болашақта нақ осы фактор біздің бәсекелестікке төтеп бере алуымызға мүмкіндік береді», деген Елбасы оның себептерін де ашып көрсетті.
Біріншіден, өтпелі кезең әлемді бұрынғыдан қауіпсіз ете алған жоқ. Бүгінгі таңда әлемде кикілжіңі 30-дан астам елге жайылған 40-тан артық «ыстық нүкте» бар. Олардағы кикілжіңнің басты себебі – ішкі этносаралық және дінаралық қақтығыстар. Бұдан қазір ешкім де сақтана алмайды. Екіншіден, этносаралық кикілжіңдер тіпті аса қуатты деген елдердің туын құлатып жатқанын сараптамалардан көріп отырмыз. Ұлтаралық және дінаралық саясатта жіберілген болмашы қателіктің өзі тарихи ауыр драмаларға соқтырып, мыңдаған адамдарды қайғы-қасіреттерге ұрындырды. Үшіншіден, әлемдегі бейбітшілік өте құбылмалы және осал болып тұр. Күн сайын бірнеше мың адам жайлы жер іздеп, туған жерінен көшіп кетуде. Бүгінгі таңда дүниежүзіндегі мигранттардың саны 250 миллион адамнан асты. Соның ішінде 70 миллиондайы – босқындар.

Төртіншіден, қазіргі заманның көңіл аудармауға болмайтын тағы бір қаупі –
цифрлы коммуникацияның дамуы. Пайдасымен қатар ол деструктивті әлеует тудыруда. Цифрлы коммуникацияның мүмкіндіктері этносаралық және дінаралық жеккөрініштерді туғызуға пайдаланылады. Кейбір жүйелі қауымдастықтар жаулық пен ксенофобияның тұтастай ошағы болып отыр. Мемлекет мұндайларға қарсы батыл шаралар қолдануы керек». Елбасы бұдан бөлек 30 жыл бұрынғы пікірлерді еске алып, Орталық Азияны тұрақсыздық ошағы болады деген болжамдарды айтып өтті.
«Алайда Қазақстан тәуелсіздік жылдарында барлық деструктивті болжамдарды жоққа шығарды. Біз серпінді экономикасы бар мығым мемлекет орнаттық. Сонымен бірге прагматикалық және болжалды сыртқы саясаттың арқасында халықаралық беделге де қол жеткіздік», дей келіп Нұрсұлтан Назарбаев осы биікке шығарған құралдарды атап берді.
«Біріншіден, ол – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Халықтың қалауымен құрылған Ассамблея беделді конституциялық органға айналды. ҚХА мемлекеттік құрылысқа барлық қазақстандық этностар мен діни конфессия-ларды тарта білді. Ассамблеяны мемлекеттің саяси жүйесімен астастыра отырып, біз ұлттық бірлікте өзіміздің айрықша бағытымызды таңдадық.
Міне, 12 жылдан бері ол Парламент Мәжілісінде ресми өкілдікке ие. Екіншіден, этносаралық және конфессияаралық теңдіктің қуатты құқықтық базасы жасалды. Үшіншіден, этносаралық саладағы біздің мемлекетіміздің саясаты «Әралуандықтан бірлікке» қағидаты негізінде құрылды. Бұл әсіресе тіл саясатында көрініс тапты. Қазір елімізде мемлекеттік тілде оқытатын мектептер жүйесі артып келеді. Олар қазір 4 мыңға жетіп қалды. Бұл 90-жылдармен салыстырғанда 2 есе көп. Ал қазақ тілін үйрететін орталықтар бәріне қолжетімді», деген Елбасы «Мәміле» атты ситуациялық қазақ тілі жобасын ұсынатынын жеткізді. Сонымен бірге Нұрсұлтан Назарбаев этностар тілінде оқытатын мектептер санына тоқталды, соның ішінде өзбек, тәжік, ұйғыр және украин тілдерінде 88 мектептің бар екенін айтты.
«Туған жер» бағдарламасы бойынша Қазақстан азаматтарының жауапкершілік пен патриотизмі жоғары екендігі көрінгенін, осы орайда көптеген кәсіпкерлердің аймақтарда әлеуметтік нысандар тұрғызғанын сөз етті. Солардың ішінде Елбасы, Гарик Бернецян, Владимир Лыткин, Никон Ким, Шамсадин Гусейнов, Виктор Хильниченко, Виктор Сычев, Хасан Абуев, Сергей Блок, Рубик Аветисян және басқаларды атап өтті.
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасында 20-дан артық этностық топ өкілдері бар. Ал биыл біз Жастар жылы аясында көптеген шаралар атқаратын боламыз», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бейбітшілік пен келісім құндылықтарын халықаралық қоғамдастық аренасына шығаруда қандай шаралар іске асырылғаны туралы айтқанда Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның 2003 жылдан бері Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съездері өткізіліп келе жатқанына, сонымен қатар БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ және АӨСШК аясындағы белсенді әрекеттерге екпін берді.
Елбасы: «2017 жылдан бастап біз мемлекет­тік саясаттың әлеуметтік бағдарында жүйелі шараларға бастамашылық жасадық», деп олардың аясында халықтың табысын өсіру, аз қамтылған тұрғындарды қолдау мәселелері қамтылғанын айтты. Сондай-ақ Елбасы: «ҚХА – бұл қоғамдық сананы жаңғырту процестерінің белсенді қатысушысы. Білімге жүгіну, жаңа идеяларға жол ашу, ұлттық кодты сақтау және Қазақстанның эволюциялық дамуы – міне, осылар жалпыұлттық тарихи сана мен біртекті құндылықтарды қалыптастырудың негіздері. Осылар Ассамблеяның тікелей жауапкершілігіне жатады. Осыдан екі жыл бұрын мен тұсауын кескен «Рухани жаңғыру» жобасы оған барлық қазақстандықтардың қатысуына мүмкіндік береді. Қоғамдық сананы жаңғырту дегеніміз – барлық қоғамның рухани және интеллектуалды жаңаруы. Біз күшті және жауапты адамдардың біртұтас халқымыз, біздің ойлау жүйемізді және тәртібімізді нақ осылай қалыптастыру керек», деді.
Елбасы ендігі жылы Ассамблеяның 25 жылдық мерейтойы болатынын атап өтті. Ал Төраға сөзінің соңын «Халықтың береке-бірлігі патриотизмді және ортақ құндылықтарды дәріптеу арқылы нығая түседі. Біз әл-ауқатымызды арттырып, жұртымызды биік мақсаттарға жұмылдыру үшін берік негіз қалыптастырдық. Ассамблея әрдайым татулық пен тұрақтылықтың кепілі болып қала береді деп сенемін», деп аяқтады және қатысушыларды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады.
Елбасынан кейін сөз кезегі жазушы Смағұл Елубайға берілді. Ол алдымен 90-жылдардағы өтпелі кезеңді еске түсіріп өтті. «Сол бір алмағайыпта ел батасын алған Елбасы тәуекелдің ақбоз атына мінді. Алайда алда тұрған өтпелі кезең көпірі оңай кедергі емес еді. Ол көпірде көшбасшы бір шалыс қадам жасаса, шашылып қалу қаупі болды. Бірақ бізді Құдай сақтады, көшбасшымыз жүрістен жаңылмады. Қиын өткелден Қазақстанды аман-есен алып шықты. Қазақстан халқы сол тұста бір атаның баласындай бірігіп, жаңа елдің қабырғасын көтерді. Жаңа астана салынып, әлем елімізге ат басын бұрды. Қазақстан Орталық Азияның көшін бастады.
Біз бүгін тағы да еңсесі биік, төрі кең қазақ шаңырағында отырмыз. Осы орында тәуелсіздік жылдары заманауи саясат көгіне самғап, бір жұлдыз туды. Ол – Назарбаевтың жұлдызы еді. Сол жұлдыздан жанартаудай атқылап, ұлттық пассионарлық рух оянды. Оны оятқан пассионар тұлға Назарбаев еді. Жас, жаңа Қазақстан өмірге келді. Осының арқасында қаншама мәдениет, спорт жұлдыздарымыз жанды, әлі де жанып келеді», деді С.Елубай. Бұдан бөлек ол Ұлы дала жазуын латын әліпбиіне бұруды ең ірі реформа деп санайтынын атап өтті. «Өйткені тіл жұлдызы жанғанда ғана ел жұлдызы жанары хақ. Ел жұлдызы жансын десек, тіл жұлдызын жағайық, ағайын», деді жазушы.
Сондай-ақ С.Елубай Елбасының тапсырмасымен ұлт санасын жаңғыртқан киножобалардың өмірге келгенін, әдеби жауһарларымыздың әлем тілдеріне аударылғанын еске салды. «Сіздің бастамаңызбен түгел түркінің бесігі Түркістан түлей бастады, ендігі жерде Әзірет Сұлтан басында түгел түркінің бас қосқан күніне аман жетейік», деп сөзін аяқтады.
Одан кейін сөз Мәскеу қаласы халықтары ассамблеясының төрағасы, ресейлік Светлана Смирноваға берілді. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясы секілді азаматтық институттың әлемде жоқ ерекше түрі екенін атап өтті. «Мен үнемі Нұрсұлтан Назарбаевтың Ассамблеяны бүкілхалықтық өкілеттіктің инновациялық моделі деп бағалаған сөзін айтып жүремін. Ол шын мәнінде біздің жас демократиямыздың табысты институтына айналды», дей келіп С.Смирнова Ресей Ассамблеясының тарихы туралы сөз етті. «Біздің Ассамблеяны құрушылар барлық тәжірибені Қазақстан халқы Ассамблеясынан алған еді. Тіпті бүгінгі күні де біздің Ассамблеямыздың сіздерден үйренері көп. Қазақстанның түрлі халықтар арасында өзара татулық пен келісімді сақтау үлгісі бізге ғана емес, әлемнің көптеген елдеріне үлгі болуға тұрарлық», деді ол. Бұдан кейін Нұрсұлтан Назарбаевқа бұрылып: Сіз өз еліңіздегі тұрақтылық пен тыныштықты ғана сақтап отырған жоқсыз, Сіз барлық әлемге үлгі көрсетіп, түрлі халықтардың өзара қатынасы осындай болу керектігін танытып отырсыз. Еуразиялық экономикалық интеграция идеясын да алғашқы болып Сіз айттыңыз. Осы идеяны ММУ-дың үлкен аудиториясынан жариялағаныңызға да 25 жыл болып отыр. Бүгінгі таңда Сіздің идеяларыңыз бен ұсыныстарыңыздың дұрыстығын өмір көрсетті. Ол саясаткерлер мен экономистердің тарапынан ғана емес, барлық тұрғындар тарапынан қолдау табуда. Нақ Сіздің осы идеяңыз біздің елдеріміздің стратегиялық дамуының бағдары болды», деді.
Сөзінің соңында С.Смирнова бейбітшілік мәселесі – барлық әлем қатысқанда ғана шешіледі, сондықтан бәрімізге ұлы мақсат жолында бірігу керек. Жыл сайын болатын Еуразия халықтарының форумында кездесіп, бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін этномәдени ерекшеліктерді сақтау жолдарын талқылап отыруымыз қажет», деді.
Осыдан кейін сөз әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дың студенті Милина Вавулидиге берілді. «Мен Грекияға барған сапарымда жергілікті қауымдастықтың төрағасымен кездестім. Менің Қазақстаннан екенімді білген ол «Назарбаевтай басшысы бар елдің болашағы жарқын. Біздің Грекияда бәрі бар, тек Нұрсұлтан Назарбаевтай басшы ғана жетіспейді деп қатты күрсінді», деді М.Вавулиди. Өз әжесінің «қазақтар мен гректер – өмір бақи туысқандар» дейтін сөзін еске алған ол мен грек қызы болсам да, жүрегім қазақ деп соғады», дей келіп, Н.Назарбаев өзінің өкілеттігін тоқтату туралы жариялағанда көзіне жас алғанын жеткізді. «Енді не болады деп қорықтым. Біз көрші елдердегі билікке таласқандардың кикілжіңі неге соқтырғанын көріп жүрміз ғой. Бірақ мен Сіздің таңдауыңызға таңғалдым. Сіз нағыз лайықты адамды атадыңыз. Сіз қай күндегідей ең қиын мәселеде ең дұрыс шешім қабылдадыңыз. Сізге осы істеріңіз үшін де рақмет айтқым келеді. Олар біздің ертеңге деген сенімімізді арттырады. Журналист ретінде мен елдегі тыныштық пен келісімді, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау жолындағы өзімнің жауапкершілігімді түсінемін. Мен өзімнің өмірімдегі ең басты жоспарымды Елбасының идеяларын ілгерілетуге арнайтын боламын», деді ол.
Мінберге көтерілген «Эмир-Ойл» кен орнының басқарма бастығы Джамалайл Элимханов Шешенстанда туып, сәби шағы соғысқа тура келгенін және сол ауыр шақта қазақ халқының көрсеткен бауырмалдығын атап өтті.
– Шешенстанда соғыс басталғанда мен екі жаста едім. Соғыс – әр отбасы үшін зор ауыртпалық пен қасірет. Сол тұста біздің көпқабатты үйіміз қирап, әкемнің ағасы опат болды. Ал менің көзім көрмей, зағип болып қалдым. Мыңдаған шешендер сияқты бізге де туған жерімізді тастауға тура келді. Сонда менің ата-анам ойланбастан Қазақстанды бетке алды. Өйткені осыдан 75 жыл бұрын 1944 жылы қиын-қыстау күндері кеңпейіл қазақ халқы шешендерді панасына алған еді. Қазақ жері бізді тағы да құшақ жайып қарсы алды, өзім қазақ отбасында тәрбиелендім, осында екінші өмірім басталды. Қазақстанда жасалған мүмкіндіктің арқасында мектеп пен университетті үздік бітіріп, қазақ, ағылшын және қытай тілін меңгердім. Бұрынғы босқын, соқыр, соғыс жылдарының ұрпағы – мен 26 жасымда малайзиялық «Эмир-Ойл» кен орнының басқарма бастығы болдым. Енді маған келіп, өз еңбегіңмен жетістікке жету мүмкін емес деп айтуға ешкімнің дәті жетпес. Жастар, білім ал да, білікті бол. Бәрі – өз қолыңда. Менің өмірім – соған дәлел, – деді.
Сондай-ақ шешен халқының басына күн туғанда бірінші көмек қолын созып, арнайы тапсырмасымен мектеп пен көпқабатты үй салып берген Елбасының еңбегін ерекше атады. Бүгінде ол мектеп пен үй тұрған көшеге құрмет ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі беріліпті.
Ал көпбалалы ана, математика пәнінің мұғалімі Лариса Кравцова ата-анасымен Қарағандыға Башқұртстаннан 1976 жылы келген екен. 43 жылда әулеті қазақ жерінде өркен жайыпты. Ол өзінің жұбайы – орыс, күйеу балалары – татар және қазақ, оған қоса тату-тәтті шаңырағында дағыстандық пен корей ұлтының өкілдері барын айтып, отбасымыз – қазақстандық бірліктің кішігірім үлгісі, деді. Л.Кравцова Қазақстанда көпбалалы аналарға барлық жағдай жасалғанын айтып, өзінің төрт қыз, бір ұлдың анасы екенін жеткізді.
Анкарадан келген саясаттанушы Күршад Зорлу Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркі әлеміндегі көшбасшылық тұлғасы туралы сөз қозғады.
– Мен Қазақ елі туралы ең алғашқы зерттеу мақаламды 1999 жылы жаздым. Халықаралық шолушы ретінде Қазақстанның Тұңғыш Президентінің еңбектерін жиырма жылдан бері зерттеп келемін. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы – тек қазақ халқы үшін ғана емес, түркі халықтары үшін де болашаққа жол көрсеткен айқын бағдарлама. Менің жақында «Елбасы Назарбаев» атты кітабым төрт тілде жарық көреді. Бұл еңбектен әлем көшбасшылықтың жаңа қыр-сырымен қанық болады. Екі жыл бұрын Түркияда әлеуметтік желіде сауалнама жүргіздім. Қатысқандар Елбасыны бірауыздан Түркі әлемінің ең көрнекті және танымал тұлғасы деп таныды. Сізді бүгінгі күннің Білге қағаны деп біледі. Сирияға қатысты келіссөздер Елбасының бітімгерлік қасиетін айқын танытты. Сіздің президенттік өкілеттілігіңізді өз еркіңізбен тоқтатқаныңызды естігенде Түркияның миллиондаған халқы алаңдаушылық білдірді. Қазақстан – қазір тәуелсіздігін енді алған жас мемлекет емес, болашағына нық сеніммен қараған Мәңгілік Ел. Сіздің тәуелсіздіктің алғашқы жылдары көтерген Түркі әлемін біріктіру идеяңыз бүгінде толық жүзеге асты. Сіздің бастамаңызбен құрылған Түрксой, Түркі кеңесі, Халықаралық Түркі академиясы түркітілдес мемлекеттердің темірқазығына айналды, – деді түркиялық саясаттанушы.
Оңтүстік Кореяның Сеул қаласынан келген Чу Ионг-Мин – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты. Кореяда жүріп, қазақ тілін меңгерген ол өз елінде 97 пайыз корейлер тұратын моноұлтты мемлекет екенін, сондықтан Қазақстанның көпэтносты құрамы қатты әсер еткенін тілге тиек етті. Чу Ионг-Мин осы жердегі татулық, теңдік, ауызбіршілік таңғалдырғанын, Қазақстан корейлері шынайы патриот, қоғамның белсенді мүшелері екеніне көз жеткізгенін сөз етті.
Жергілікті корейлердің арасынан 60-тан аса ғылым докторы, 400 ғылым кандидаты шыққанына қуанышты екенін жеткізген оның зерттеп жүрген тақырыбы – Қазақстанның көпэтносты қоғамы және Қазақстан халқы Ас-самблеясы. Ол бұл зерттеуі арқылы моноұлтты мемлекеттерге татулық пен келісім салтанат құрған Қазақстанды танытқысы келеді екен.
Қазақстанда дүниеге келіп, бүгінде тарихи Отанына оралғандардың арасынан Гаукс Вальтер сөз алды. Біздің елден 15 жасында көшіп кеткен ол қазіргі таңда Германияға шеттен келген немістердің жастар ұйымын басқарады.
«23 жыл бұрын мен туған ауылым Қоңыраттан Германияға қоныс аудардым. Бүгін қайтадан Қазақстанға оралу бақыты бұйырды. Қазақстан қашанда менің Отаным болып қала бермек. Осы сәтте Елбасына Еуропадағы миллиондаған немістің атынан алғыс білдіргім келеді. 800 мыңнан аса неміс тарихи Отанына оралып, туысқандарын тапты, отбасын құрды. Алғыс айту күнін біз назардан тыс қалдырмай, қазақ халқына шын жүректен алғыс айттық. Бізді Германияда қазақстандық немістер деп атайды, ал Қазақстанда 180 мыңнан аса неміс қазақ халқының бір бөлшегіне айналып кетті. Елбасына неміс мәдениеті мен тіліне көрсеткен қолдауы үшін ризалығымызды білдіреміз», деді Г.Вальтер.
Ал Қазақстанда кәсіпкерлерге жасалған қолдау туралы Елена Свечникова әңгімеледі. «ZIBROO» брендімен белгілі спорттық киімдер тігетін компанияның негізін салушы Елена тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өз кәсібін қалай бастағанын баяндап, Елбасы жүргізген сарабдал саясаттың септігі тиіп, бүгінде жетістікке жеткенін айтты. Ол Елбасының «Кез келген дағдарыстан жаңа мүмкіндіктер іздеу керек» деген сөзін басшылыққа алады екен. Қазір «ZIBROO» брендімен танымал өнімдер кеңге жайылып, олардың тіккен киімдерін ұлттық құрамамыз Азия ойындары мен Олимпиада ойындарына киіп барыпты.
Атажұртқа Моңғолиядан 2005 жылы 17 жасында оралған Дұрвудхан Сұраған –
бүгінде математика ғылымы бойынша философия докторы, Д.А.Қонаев атындағы сыйлықтың лауреаты, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі. 2018 жылы математика саласындағы зерттеуімен халықаралық «Ferran Synyer i Balaguer» сыйлығын иеленген, бұл жыл сайын әлем бойынша математика саласындағы ең үздік еңбекке беріледі.
Ол Елбасының арқасында шеттегі қазақтарға елге қарай жол ашылып, ата-баба аманаты орындалғанын ерекше атап өтті.
«Моңғолияда орта білімді сырттай аяқтадым. Қазақстанға келіп Ұлттық бірыңғай тест тапсырып, соның нәтижесінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің механика-математика факультетіне грант жеңіп алдым. Университеттен кейін «Болашақ» бағдарламасымен Лондонда теориялық физика мамандығы бойынша магистратураны үздік аяқтадым. Елге келген соң конкурстан өтіп, Назарбаев Университетінің оқытушысы болдым. Бұл – орындалған ғажайып арман. Сіздің бастамаңызбен құрылған Назарбаев Университеті – қазір әлемге танымал оқу орындарының бірі. Біздің оқытушы-зерттеушілеріміздің ғылыми еңбектері әлемнің ең басты басылымдарында жарық көріп жатыр. Бастысы, еліміздің жастары халықаралық деңгейдегі жоғары сапалы білім алатындай толық мүмкіндіктерге ие болды», деді Д.Сұраған.
Жиында талапты жастардың бірі, қазақстандық жас ІТ-маман, 11-сынып оқушысы Евгений Демиденко өзі жасаған бірегей жобалары туралы мәлімет беріп, мүмкіндігі мол ұрпақтың өкілі ретінде Елбасының қамқорлығына алғыс білдірді. Евгений былтыр арнайы білімсіз-ақ цифрлық технологияның көмегімен «Boeing 757» ұшағының базасы негізінде техникалық және жобалық ұшақтардың апгрейді бойынша жоба әзірлепті. Бұл жобаны «Boeing» компаниясы сатып алып, қазір Ұлыбританияның Кренфильд аэроғарыш университетінде жүзеге асыру бойынша жұмыс істеп жатыр екен. Бұл жоба әуе кемелерін құрастыру құнын төмендетіп, жолаушылар санын көбейтуге, лайнердің қауіпсіздігін және энергия тиімділігін арттыруға арналған.
Бұған қоса Е.Демиденко YouTube-тің баламасы – «I LEARN» мобильді қосымшасын дайындап жатқанын айтты. Жаңа буынның сұранысына сай келетін бұл қосымша «Google scinse fair» олимпиадасында 25 мың қатысушының ішінен ІІ орынды иеленіпті. Ол алдағы уақытта Назарбаев Университетінде білімін шыңдағысы келетінін, жастар бір-бірімен білімін бөлісу керектігін айтып, «Зерен» жазғы лагерінде Ассамблеяның арнайы жастар маусымын өткізуді ұсынды.
Тәжірибелі журналист, Қостанай облыстық телеарнасының жүргізуші-редакторы Алла Чечеткина мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге қатысты пікірін білдірді.
«Ұлтым – молдаван. Өзім қазақтың салт-дәстүрі және мәдениетімен сусындап өскенмін. Қазақ тілін білу үшін мен сияқты әженің тәрбиесін көріп өсу керек. Қолдың сарымайы қосылып дайындалған таба нанның дәмі әлі таңдайымнан кетпейді. Ата-анамның ақылымен қазақ сыныбында оқыдым. Қазір Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде журналистика мамандығы бойынша магистратурада оқимын. Елбасының «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген сөзі – мен үшін өмірлік мақсат. Сондықтан мен қазақтың нанын жеп, суын ішіп өскендіктен, ең алдымен, қазақ тіліне құрмет көрсетілуін жөн деп білемін. Мемлекеттік тілде сөйлемесек, білуге тырыспасақ, біздің егемендігімізге қосқан үлесіміз немен өлшенеді?! Барлық қандас бауырларымды қазақ тілін білуге, сүюге, өмірлік рухани азық етуге шақырамын. Жаһандану заманында қазақи тәрбие ұмытылмаса екен деп тілеймін», деді А.Чечеткина.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сессия жұмысын қорытындылап, «Айтылған сөз, жасалған баяндама – барлығы бағытымыздың дұрыс екенінің дәлелі», деді. Сондай-ақ ортада сөз сөйлеген Алла Чечеткина сияқты жастарға қарап, әр сессия сайын қазақ тіліне деген құрметтің арта түскенін байқағанын жеткізді.
«Мен кеше ғана Бейжіңнен келдім. «Бір белдеу, бір жол» екінші халықаралық ынтымақтастық форумына 40-тан аса мемлекет басшылары жиналып, бірлесіп экономиканы дамыту мәселелерін талқылады. Жібек жолы 150 елді жалғайды, сол жолдың бойында экономика өсіп-өркендейді. Бұ-ған біз де кірісіп кеттік, өз жолдарымызды салдық. Қазақстан арқылы жүк тасымалын өткізіп, былтыр 2 миллиард доллар пайда таптық. Мен қашанда интеграциялық процестерді қолдап келемін. 25 жыл бұрын Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы идеяны ұсындым. Осы идеяны жүзеге асырғанымызға биыл бес жыл болады. Енді елордада ЕАЭО-ның бесінші мерейлі сессиясы өтеді», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сөз соңында Елбасы татулық пен тұрақтылық және еңбек қана алға жетелейтінін айтып, жастарды еңбекқор болуға, білікті маман атануға шақырды.

Жақсыбай САМРАТ,
Орынбек ӨТЕМҰРАТ
(«Egemen Qazaqstan» газеті,
№82 (29561) 30 сәуір, 2019 жыл)

ПІКІР