«Бейбітшілік пен келісім» ұйыстырар ел ішін

0 1

Ел ішіндегі бірлік, ұлтаралық татулық өркениетке жетудің бірден бір жолы. Көпұлтты мемлекетіміз Тәуелсіздігін алғалы бері халықтар достығына айрықша көңіл бөліп келеді. Өткен жылы Мемлекет Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен республика көлемінде алғаш рет облысымызда «Бейбітшілік пен келісім» жобасы жүзеге асырылған еді. Биыл жалғасын тауып, жоба аясында ұйымдастырылған істер оң нәтижесін көрсетуде.

Аталмыш жобаның орындалу барысын жауапты тұлғалармен бірге пысықтаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев:

– Былтырдан басталған «Бейбітшілік пен келісім» жобасы облысымыздың 7 ауданын қамтыды. Жақсы нәтижесін ескеріп, биыл да жалғастырудамыз. Халықтар арасындағы достықты, бірлікті нығайтуға күш салған жобамен жүргізілген жұмыстар тұрғындардың игілігіне арналды. Мұндай ізгі істер алдағы уақытта да ұласа беруі керек. Ондағы мақсат – халықтың мемлекет қамқорлығын, қолдауын көруі, сезінуі, – деп жемісті жұмысты одан ары жандандыруды тапсырды.

Облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозовтың мәлімдеуінше, мемлекеттік және құқық қорғау органдары, сарапшылар, қоғамдық ұйымдар, діни және бизнес өкілдерінен тұратын 3 топ жасақталып, этнос өкілдері тығыз орналасқан 145 елдімекен тұрғындарымен кездесу өткізілді. Толығырақ айтқанда этносаралық және конфессияаралық келісім тобы, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу және ауылда бизнесті дамыту тобы, құқық қорғау тобының мүшелері 812 іс-шара ұйымдастырыпты. Әр топ өз бағыттарына қарай тұрғындардың талап-тілектерін тыңдап, олардың орындалуына жұмыс істеуде.

– Этностар тығыз шоғырланған Меркі, Шу, Байзақ, Жамбыл, Талас, Сарысу, Қордай аудандарының өңір тұрғындарының проблемаларын нақты шешу бойынша жұмыстар жүргізілді.

Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру, білім беру, медициналық қызметтер сапасын жақсарту, діни білім деңгейін арттыру және тағы басқа әлеуметтік мәселелер қарастырылып, жол картасы жасақталды.

Карантин талаптарын сақтай отырып, ұйымдастырылған іс шараларға 17748 адам қатысты. Жоба барысында 204 кездесу,        111 қоғамдық қабылдау өткізілді.

Жұмысшы топ мүшелері 1070 азаматтың мәселесін шешуге көмек берсе, 445 азаматқа медициналық көмек көрсетілді. Сала өкілдері тарапынан тұрғындарды толғандыратын 790-ға жуық мәселе қаралып, тиісті жауаптар берілді. 170-ке жуық тұрғынның қайтарымсыз грант алу мәселесі шешілді. 347 адам тұрақты жұмысқа орналасып, 90 адам әлеуметтік жұмысқа, 129 адам қоғамдық жұмысқа, 245 жас жастар тәжірибесіне жолдама алды. 55 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды, – дейді Бейқұт Тілебалдыұлы.

Бұдан бөлек, жоба барысында «Этносаралық және конфессияаралық келісім» тобы әдістемелік көмек, этносаралық келісім құндылықтарын насихаттау, этносаралық қақтығыстардың алдын алу және реттеу, мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін талдау, халықтың діни сауаттылығын арттыру, жергілікті дін қызметкерлерінің жұмысын бағалау негізінде де жұмыстар жүргізілді. Олардың қатарында мәдени-спорттық шаралар да ұйымдастырылды.

«Бейбітшілік пен келісім» жобасы кезінде аудан тұрғындарымен кездесуі барысында көтерілген мәселерге тоқталып өтсем, аймақтарда жиі көтерілген мәселелер суармалы су мен ауыз су проблемасы болды. Тұрғындар және қандастар тығыз орналасқан елдімекендерде пайдаланылмай жатқан жер есебінен тұрғын үй салуға және жайылымдыққа жер беру керек. Сондай-ақ, қандастар тығыз орналасқан Тараз қаласы мен Қордай, Байзақ, Шу, Меркі, Жамбыл және Талас аудандарында да осындай мәселелер айтылды. Меркі, Шу, Байзақ, Жамбыл, Сарысу, Талас және Қордай аудандарында жастардың жұмыссыздығы мен олардың бос уақытын тиімді өткізетін демалыс-сауықтыру орындарының жоқтығы маңызды мәселелер қатарында.

2020 жылы І-ІІ кезеңде өткізілген жоба барысында 175 мәселе жол картасына еніп, оның 139-ы толығымен орындалды. Қалған 36 мәселе (әлеуметтік нысандар мен денсаулық сақтау құрылғыларымен қамтамасыз ету) биылғы жылдың соңына дейін орындалады, -дейді Бейқұт Жамангозов.

Билік пен халықтың тығыз байланысымен атқарылған оң нәтижелі жұмыстар бүгінге дейін шешімін таппай келген талай түйінді тарқатыпты. Биыл да жалғасын тапқан жоба жыл соңына дейін тағы да жемісті жұмыстарды жүзеге асыратынына сенімдіміз. Пилоттық жобаның басты мақсаты да – ел мүддесі.

 

Қамар Рахметуллина

Leave A Reply

Your email address will not be published.