«Бейбітшілік пен келісім» жобасы Байзақта жалғасты

0 2

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен өткен жылы республика көлемінде алғаш рет облысымызда бастау алған «Бейбітшілік пен келісім» жобасы ағымдағы жылы да қайта жалғасын тауып, осы бағытта арнайы желілік кесте әзірленген болатын.

Аталмыш кестеге сәйкес, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің ұйытқы болуымен жастар ресурстық орталығы Бурыл ауылдық клубында кездесу өткізді. Ауыл тұрғындарына облыстық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының директоры Нұрбек Жаманқұлов, «Отбасы банк» акционерлік қоғамы облыстық филиалының бас қаржы кеңесшісі Ардақ Абдибаева, жастар ресурстық орталығының заңгері Бағдат Молдағалиев, аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Тимур Серікбаев несиелендіру, бизнесті қолдау және дамыту бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалар мен мемлекеттік бағдарламалар туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ауыл тұрғындары клуб маңына көптеп жиналып, кезек бойынша қабылдауға қатысып, өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, заң аясында тиісті жауаптарын алды.

Клубтың кітапхана бөлімінде облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Таутен ауыл жастарымен және тұрғындармен кездесті.

– Басқосуда жастар тарапынан қойылған сауалдың басым бөлігі жеке кәсібін ашу және тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі төңірегінде өрбіді. Осы сауалдарға қатысты түсіндіру, бағыт-бағдар беру жұмыстарын жүргіздік, – дейді Айбек Қанатұлы.

Ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау және нығайтуға бағытталған «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясындағы шаралар желілік кесте бойынша алдағы уақытта өз жалғасын таба бермек.

Сондықтан кез келген аудан тұрғынының шешілмеген мәселесі немесе көкейде жүрген сұрақтары болса, жобаның жұмысшы тобымен кездесіп, кеңес алуына мүмкіндіктері бар.

Кәмшат Кәдірбек,

Байзақ ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.