«Бейбітшілік пен келісім» жобасы талай мәселенің шешілуіне ықпалын тигізді

0 29

Өткен жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен облысымызда «Бейбітшілік пен келісім» жобасы жүзеге асырылған болатын. Жемісті жоба биыл да жалғасын тауып, ұйымдастырылған істер оң нәтижесін көрсетуде.

Баянды бастаманың орындалу барысын жауапты тұлғалармен бірге пысықтаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев:
– Былтыр басталған жоба облысы­мыз­дың 7 ауданын қамтыды. Жобаның нәтижелілігін ескеріп, биыл да жалғастырудамыз. Халықтар арасындағы достықты, бірлікті нығайтуға күш салған бастама тұрғындардың игілігіне арналды. Мұндай ізгі істер алдағы уақытта да жалғаса беруі керек. Ондағы мақсат –
халықтың мемлекет қамқорлығын, қолдауын сезінуі, – деп берекелі бастаманы одан ары жандандыруды тапсырды.
Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзовтың мәлімдеуінше, қазіргі таңда мемлекеттік және құқық қорғау органдары, сарапшылар, қоғамдық ұйымдар, дін және бизнес өкілдерінен тұратын
3 топ жасақталып, этнос өкілдері тығыз орналасқан 145 елді мекен тұрғындарымен кездесу өткізіліпті. Толығырақ айтқанда, этносаралық және конфессияаралық келісім тобы, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу және ауылда бизнесті дамыту тобы, құқық қорғау тобының мүшелері 812 іс-шара ұйымдастырыпты. Әр топ өз бағыттарына қарай тұрғындардың талап-тілектерін тыңдап, олардың орындалуына жұмыс істеуде.

– Этностар тығыз шоғырланған Меркі, Шу, Байзақ, Жамбыл, Талас, Сарысу, Қордай аудандарының тұрғындарын толғандырған мәселелерін нақты шешу бойынша жұмыстар жүргізілді.
Сонымен қатар ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру, білім беру, медициналық қызметтер сапасын жақсарту, діни білім деңгейін арттыру және тағы басқа әлеуметтік мәселелер қарастырылып, Жол картасы жасақталды.
Карантин талаптарын сақтай отырып ұйымдастырылған іс-шараларға 17 748 адам қатысты. Жоба барысында 204 кездесу, 111 қоғамдық қабылдау өткізілді.
Жұмысшы топ мүшелері 1070 азаматтың мәселесін шешуге көмек берсе, 445 азаматқа медициналық көмек көрсетілді. Сала өкілдері тарапынан тұрғындарды толғандыратын 790-ға жуық мәселе қаралып, тиісті жауаптар берілді. 170-ке жуық тұрғынның қайтарымсыз грант алу мәселесі шешілді. 347 адам тұрақты жұмысқа орналасып, 90 адам әлеуметтік жұмысқа, 129 адам қоғамдық жұмысқа, 245 жас «Жастар тәжірибесіне» жолдама алды. 55 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды, – деді Бейқұт Тілебалдыұлы.
Сондай-ақ жоба барысында «Этносаралық және конфессияара­лық келісім» тобы әдістемелік көмек, этносаралық келісім құндылықтарын насихаттау, этносаралық қақтығыстардың алдын алу және реттеу, мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін талдау, халықтың діни сауатын арттыру, жергілікті дін қызметкерлерінің жұмысын бағалау негізінде де жұмыстар жүргізіпті. Олардың қатарында мәдени-спорттық шаралар да ұйымдастырылған.
– «Бейбітшілік пен келісім» жобасы барысында аудан тұрғындары суармалы және ауызсу мәселесін көтерді. Тұрғындар және қандастар тығыз орналасқан елді мекендерде пайдаланылмай жатқан жер есебінен тұрғын үй салуға және жайылымдыққа жер беру керек. Сондай-ақ қандастар тығыз орналасқан Тараз қаласы мен Қордай, Байзақ, Шу, Меркі, Жамбыл және Талас аудандарында да осындай мәселелер айтылды. Меркі, Шу, Байзақ, Жамбыл, Сарысу, Талас және Қордай аудандарында жастардың жұмыссыздығы мен олардың бос уақытын тиімді өткізетін демалыс-сауықтыру орындарының жоқтығы маңызды мәселелер қатарында.
2020 жылы І-ІІ кезеңде өткізілген жоба барысында 175 мәселе Жол картасына еніп, оның 139-ы толығымен орындалды. Қалған 36 мәселе (әлеуметтік нысандар мен денсаулық сақтау құрылғыларымен қамтамасыз ету) биылғы жылдың соңына дейін орындалады, – дейді Бейқұт Жамангөзов.
Билік пен халықтың тығыз қарым-қатынасы арқасында атқарылған оң нәтижелі жұмыстар бүгінге дейін шешімін таппай келген талай түйінді тарқатыпты. Биыл да жалғасын тапқан жоба жыл соңына дейін тағы да жемісті жұмыстарды жүзеге асыратынына сенімдіміз. Пилоттық жобаның басты мақсаты да – ел мүддесі екені анық.

Қамар Рахметуллина

Leave A Reply

Your email address will not be published.