Бейқамдыққа салынып, басты байлықтан айрылып қалмайық!

0 2

Жаһанды шарпыған коронавирус індетінің алдын алу бойынша облысымызда біршама жұмыс жүргізіліп, санитарлық талаптарды қатаң сақтау туралы сан мәрте ескертіліп жатса да COVID-19 жұқтырғандар күн сайын тіркелуде. Бұл ретте қойылған талаптарды сақтауға немқұрайлы қараған тұрғындар кінәлі ме, әлде індеттің қаупін жамбылдықтардың жетесіне жеткізе алмай жүрген жергілікті атқарушы органдар айыпты ма? Осы және өзге де сұрақтар облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевтың төрағалығымен өткен өңірдегі коронавирустық инфекцияның эпидемиологиялық жағдайы туралы кеңес отырысында кеңінен қаралды.

Жиынды ашқан Ержан Жұматұлы Қордай, Жуалы аудандары мен Тараз қаласында індет жұқтырғандардың саны азаймай тұрғанына тоқталды. Осы уақытқа дейін айтылған ескертулер мен берілген тапсырмалардан нәтиже шықпағанын айтқан облыс әкімінің орынбасары бұдан ары да нақты көрсеткіштерге қол жеткізілмесе, тікелей жауапты қызметкерлерге штабтың шешімімен шара қолданылатынын қатаң ескертті.
– Өкінішке қарай, аймақтың денсаулық сақтау және білім беру салаларында кемшін кетіп жатқан тұстар жетерлік. Әсіресе медицина саласының қызметкерлері, мұғалімдер мен оқушылардың сырқаттанып жатқаны жанға батады. Бұл ретте тиісті басқарма басшылары жауапкершілікті бір-біріне сілтеуді қоюы қажет, – деген Е.Жылқыбаев алғашқы сөзді облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевке берді.
Ал аймақтың бас дәрігері елімізде коронавирус инфекциясы таралғалы бері облыс бойынша 411, оның ішінде биыл 54 медицина қызметкері індет жұқтырғанын жеткізді. Әсет Әскерұлының сөзіне сүйенсек, жүргізілген тексерулердің нәтижесі бойынша сырқаттанғандардың 70 пайызында жұқтыру деректері жұмыс орнынан тыс жерлерде тіркелген.
– Осы тұста айта кетер жайт, денсаулық сақтау саласы мамандарын қажетті қорғаныс киімдерімен қамтуға баса назар аударылып отыр. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 2 миллиард 735 миллион теңге бөлініп, маска, арнайы киімдер секілді керек-жарақтың барлығы алынды. Бұл қор күн өткен сайын толығып келеді. Мәселен соңғы есеп бойынша аймақта аталған заттардың 77 күнге жететін мөлшері бар.
Дегенмен медициналық мекемелерде санитарлық талаптарды сақтау бойынша біршама кемшіліктер тіркеліп отыр. Атап айтсам, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жүргізген тексеру барысында 273 дерек тіркелген. Бүгінде оларды жою жұмыстары қолға алынып, аталған мекемелерде қызметтік тексеру жүргізілуде, – деді Ә.Қалиев.
Сонымен қатар басқарма басшысы желтоқсан-қаңтар айларында бірқатар денсаулық сақтау саласының қызметкерлері ерікті түрде екпе салдырғанын атап өтті. Жыл басынан бері 850 доза вакцина тағы егілген. Нәтижесінде аймақта 1 180 маман егілген. Аталған жұмыстарды жалғастыру мақсатында күні кеше аймаққа қосымша
5 250 доза екпе жеткізіліпті. Жалпы алғанда, бас-аяғы 13 870 денсаулық сақтау қызметкері вакцина салдырады деген жоспар бар көрінеді.
Бүгінгі таңда өңірде білім саласы қызметкерлерін вакциналау жұмыстары да бастау алған. Екпе салу ең әуелі бастауыш сынып мұғалімдеріне жүргізіледі екен. Ол үшін айдың соңына дейін тағы 6 мың доза вакцина алу жоспарлануда. Ал екпе егудің үшінші кезеңінде студенттерді де қамту көзделіп отыр.
Баяндаманы мұқият тыңдап шыққан Ержан Жұматұлы денсаулық сақтау саласы мамандары мен мұғалімдердің арасында індеттің таралуын тежеуді тапсырды.
– Санитарлық талаптарды сақтаудың үлгісін көрсетуге тиіс мамандар ауырып жатқанда өзге тұрғындарға сақтану туралы қалай ақыл айтамыз?! Сол себепті денсаулық сақтау және білім басқармасының басшыларына талаптарды қатаңдату қажеттігін тағы да ескертемін. Қажет болған жағдайда мекеме басшыларына айыппұл салыңыздар, – деді Е. Жылқыбаев.
Келесі кезекте сөз алған облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Байділдә Шыналиев аймақтағы медициналық мекемелердің санитарлық-гигиеналық ахуалы жайында әңгімеледі. Департамент басшысының айтуы бойынша, ведомство бақылауында
1 777 мекеме бар екен.
– Тексеру барысында Меркі ауданындағы «Сарығобы», «Маханда» және Сарысудағы «Үшарал» медициналық пункттерінің санитарлық талаптарға сай келмейтіні анықталды. Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі және Талас аудандарының орталық ауруханаларында желдету-ауа сору жүйелері істен шыққан. Ауа алмасу үдерісі бұзылғандықтан аталған мекемелерде індеттің таралу қаупі жоғары болып тұр.
Өткен жылы департамент тарапынан 350 нысанда тексеру жүргізіліп, 69 айыппұл салынды. Анықталған кемшіліктер толықтай көрсетіліп, оларды түзеуге уақыт берілген. Аталған мерзім өткен соң қайта тексеру жүргізіледі, – деді Байділдә Сейділдәұлы.
Сондай-ақ Б.Шыналиев Жуалы ауданында індеттің тарау қарқынының өсіп кетуін жіті назар аударылуы қажет мәселе ретінде атап өтті.
– 1 наурыздағы жағдай бойынша Жуалы ауданының Шақпақата ауылдық округінің Ынтымақ ауылында Ынтымақ негізгі мектебінің мұғалімдері арасында 5 індет жұқтыру жағдайы және оқушылар арасында 8 жағдай анықталып, мектепте 2021 жылдың 14 наурызына дейін карантин жарияланды, – деді департамент басшысы.
Өз кезегінде Ержан Жылқыбаев ауыл ішінде дертті дендетіп алған аудан басшылығын қатаң сынға алды.
– «Ауылда ауырып жатқандар көбейіп келеді» деген ақпарат шыққанда-ақ елді мекенді толықтай оқшаулау қажеттігі жайында айтылған еді. Алайда бұл жайтты назарға алған ешкім болмады. Енді міне, тұрғындардың бір-біріне жұғып, науқастар саны көбейіп кетті. Ахуалды ушықтырып алған аудан басшылығының іс-әрекетін ақтауға келмейді. Әлі де ауылды карантинге жабу қажет, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Сонан соң облыстың бас эпидемиологы білім беру мекемелерінде тіркелген инфекция жұқтыру жағдайларына тоқталды. Оның сөзіне сүйенсек, оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап, бүгінгі күнге дейін облыстың жалпы білім беретін мектептерінің оқушылары арасында коронавирустық инфекцияның 88 жағдайы тіркелген. Індет жұқтырған 67 оқушы онлайн режимде оқыса, 21 оқушы штаттық режимде білім алып келген. Сондай-ақ жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдері арасында COVID-19-дың 37 жағдайы тіркеліпті. Тараз қаласының өзінде 18 мұғалім науқастанған.
Осыған орай Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Садубаевтан жауап алған Ержан Жұматұлы қадағалауды күшейту қажеттігін айтып, қажет болған жағдайда оқушыларды қайтадан онлайн оқу жүйесіне ауыстыру мәселесін қарастыруды тапсырды.
Ал облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмила Бекбатырова ауру жұқтырған ұстаздардың 70 пайызы үй жағдайында сырқаттанғанын, түсіндірме жұмыстары жүргізілгенімен ауадағы вирустың таралуына тоқтау бола алмайтындарын айтып, ақталмақ болды. Берілген жауапқа қанағаттанбаған Е.Жылқыбаев «Білім басқармасының өкілі бұлай жауап берсе, қатардағы мұғалімдерден не сұраймыз?! Демек, жалпы жүйеде тәртіп жоқ! Жауапкершілік жүгін түсінбей отырсыздар!» – деп кесіп айтты.
Жиын барысында «Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру» ҰАҚ облыс бойынша филиалының директоры Мавлюда Боқаева облыс көлеміндегі сақтандыру жұмыстары жайында мәлімет беріп өтті.
Кеңесте талаптарды орындамағаны үшін сот шешімімен жабылған Тараз қаласындағы бірқатар нысандардың меншік иесін ауыстырып, қайта қызмет етіп жатқаны да айтылды. Аймақ басшысының орынбасары аталған басбұзарлыққа жол берген шаһар басшылығының жұмысын сынға алып, мұндай демалыс орындарының жұмысын тоқтату туралы тапсырма берді.
Кеңес отырысының соңында Ержан Жылқыбаев алда келе жатқан мерекелік демалыс күндері кезінде халықтың бейқамдыққа салынып, көпшілік орындарда той тойлауы салдарынан инфекция таралуы күшейіп кетпеуін қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Мұратхан ӘЛІМХАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.