"Заң және біз"

Бейнебақылаудың берері мол

Қазір әлем ерекше қарқынмен дамуда. Өркениет көшінен қалып қоймауымыз үшін заманауи ақпараттық технологияларды кеңінен қолданудың артықшылығы зор. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында: «Қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында көшелерде және адам көп жиналатын қоғамдық орындарда бейнебақылау жүргізетін, азаматтарды анықтайтын және жол қозғалысын қадағалайтын интеллектуалды жүйелерді белсенді түрде енгізу керек» деген болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қабылданған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының басты артықшылығы қоғамның бәсекеге қабілеттілігін, халықтың өмір сүру сапасын арттыруды көздейді. Сол себепті, елімізде цифрлық экожүйені дамыту қолға алынып отыр.

Бүгінде цифрландыру жүйесіне көшу бойынша басталған шаруалар өз өңірімізде де көрініс табуда. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында облысымызда 4 негізгі бағыт бойынша 21 бастама мен 10 жоба нақтыланған еді. Соның ішінде инновациялық экожүйені құру бойынша қауіпсіздік саласында 4 бастаманы қамтитын «Қауіпсіз Тараз» пилоттық жобасын іске асыру қолға алынғаны белгілі. Нақты айтқанда, «Ақылды қалалар» шеңберіндегі аталған пилоттық жоба аясында қала бойынша, оның ішінде аулаларда және білім беру мекемелерінде, құқық қорғау тәртібін, жол қозғалысы ережелерін, жол қозғалысын бақылау мониторингін және бейнебақылау жүйесін дамыту, Тараз қаласына «ақылды» жарықтандыруды енгізу, №41 гимназия базасында қауіпсіз мектептің пилоттық жобасын іске асыру көзделген. Тіпті, ата-аналарға оқушының мектепке келуі және шығуы туралы SMS-хабарлама жіберу, «ақылды бағдаршам» интеллектуалды транспорттық жүйесін енгізу де ойластырылуда.

Біз осы орайда «Қауіпсіз Тараз» пилоттық жобасы аясында құқық қорғау саласында қандай шаруалар атқарылып жатқанын облыстық ішкі істер департаменті криминалды полиция басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Ермек Дәулетовтан сұрап, білген едік. Оның айтуынша, бүгінде шаһар көшелеріне, көп қабатты тұрғын үйлердің кіреберісі мен аулаларына жоба бойынша орнатылып жатқан бейнебақылау құрылғыларының қылмыстың жедел ашылуына және алдын алуда тигізер септігі мол екен.

– 2016 жылдан бастап өңірімізде «Көрші бақылауы» бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Бұл негізінен солтүстік облыстарда бастау алған болатын. Ол аймақтарда аталған бағдарлама нәтижесін берді. Бұдан бөлек, қазіргі таңда қылмысты ашудың жолын оңтайландыру үшін жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, көпқабатты тұрғын үйлердің ауласына да бейнебақылау құрылғыларын орнату қолға алынды. Бұл тек ұрлық-қарлықтың алдын алуға ғана емес, қоғамдық орындарды ластау, тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекеттерін азайтуға да септігін тигізеді. Негізінен, қылмыстың дені куәгерлердің жоқтығынан ашылмай жатады. Ал, бейнебақылау камералары қылмыстың жедел ашылуын тездетеді. Қазір Тараз қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласына 300-ден астам бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары жүргізілуде, – дейді Ермек Сабырбекұлы.

«Қазақтелеком» акционерлік қоғамы оңтүстік өңірлік телекоммуникация дирекциясы Тараз қалалық агенттігінің басшысы Айшахан Мәмешова аталған акционерлік қоғам тарапынан «Қауіпсіз Тараз» жобасы шеңберінде көппәтерлі тұрғын үйлердің кіреберісіне «Бұлтты бейнебақылау» бағдарламасы аясында тиісті құрылғылар орнатыла бастағанын айтты. Мысалы, дәл қазіргі уақытта шаһардағы Әйтеке би, Желтоқсан көшелері мен «Аса», «Алатау», «Астана» ықшам аудандарында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлерде барлығы 300-ден астам бейнебақылау құрылғысы жұмыс істеп тұр.

– «Бұлтты бейнебақылау» бағдарламасының басты артықшылығы – тұрғындар компания желісіндегі жеке кабинеттеріне онлайн режимде мобильдік құрылғылар арқылы қосылып, қай жақта жүрсе де өз үйлерін бақылай алады. Кімнің келіп, кімнің кеткенін кез келген уақытта көруге де мүмкіндігі бар. Бейнежазба жеке кабинетте 7 күн сақталғанымен, компания бүгінде өтінім түсірген тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыруды қарастыруда. Яғни, қажет болған мерзімдегі бейнежазбаға қол жеткізуге болады. Құрылғылар тегін орнатылғанымен, пәтер саны 8-ден 14-ке дейінгі тұрғын үйлердің абонементтері ай сайын 500 теңгеге дейін ақы төлейді. Ал, 15-20 пәтерлі тұрғын үйлер 350, 20 пәтерден көп тұрғын үйлердің тұтынушылары үшін ай сайынғы төлемақы – 300 теңге. Бұл, түптеп келгенде, «Қауіпсіз Тараз» пилоттық жобасының жемісі, – дейді ол.

Облыстық білім басқармасы берген мәліметке сүйенсек, өңірдегі жалпы білім беретін 450 орта мектептің 411-інде бейнебақылау камералары орнатылыпты. Ал, қалғанына ол құрылғыларды орнату алдағы уақытта жүзеге асырылатын көрінеді. Соның ішінде Тараз қаласының білім беру мекемелеріндегі ішкі және сыртқы қауіпсіздікті күшейту мақсатында жергілікті бюджеттен бейнебақылау камераларын орнатуға және жаңартуға қажетті қаржы қарастырылуда екен. Бұл тұрғыда А.Пушкин атындағы №41 көпсалалы гимназияның директоры Жәмилә Төребекова «Қауіпсіз мектеп» жобасы бойынша аталған білім беру мекемесінің кіреберісіне «LOGITEX» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл 4 турникет орнатқанын айтады. Ұстаздар мен оқушылардың мәліметтер базасын бағдарламалық қамтамасыз ету бағытындағы маңызы зор осы құрылғыны пайдалану өте қолайлы көрінеді.

– Мұндай заманауи технологиялар білім беру мекемесіне бөтен адамдардың кіруіне тосқауыл жасап, оқушылардың сабаққа қатысуын бақылауға мүмкіндік береді. Мұның бәрінің негізгі компоненті — мектептегі турникеттің бақылау жүйесі. Соның арқасында ата-ана да баласының жүріп-тұрғанынан үнемі хабардар болып отырады. Жүйенің негізі – адамның суреті мен ақпарат салынған оқушының қолжетімді картасы. Мектеп ғимаратына кіру үшін оны мәліметті оқу құрылғысына жақындату керек. Бұл баланың сабаққа қатысуын және кешігуін белгіліп отыруға да ыңғайлы. Турникет күзетшінің қызмет орнымен жабдықталған. Күзетші картасыз келген бөтен адамды өткізбейді. Картадағы сурет пен тұлғаның сәйкестігін бақылайды. Жалпы, мектеп ғимаратының ішінде 20, қосалқы шығу есіктеріне 8 бейнебақылау құрылғысы орнатылған, – дейді Жәмилә Мәулетқызы.

Жалпы, тұрғын үйлердің аулаларына, кіреберісіне, мектептерге бейнебақылау құрылғыларын орнату жасалатын қылмыс санын азайтады деп күтілуде. Осы бағыттағы жұмыстардың өзге де мекеме, кәсіпорындарда кеңінен көрініс табуы қуантады. Цифрлық технологияның тиімді бір тетігі осылайша қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларымен де ұштасып жатыр. Өркениет деген – осы.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР