Жастар.kz

Биіктерді бағындырған Амангелдінің аруы

Біздің кіндік қанымыз тамған, базарлы бал дәуреніміз өткен киелі топырақтың адамдарын ақын Нарша үш топқа жатқызған екен. Біріншісі – Батырлар. Алпыс түтіні бар алақандай ауылдан 12 Социалистік Еңбек Ері шықты. Оған қадау-қадау қайраткерлерді қосыңыз. Екіншісі – Таласты Алашқа танытқан ақын – жазушылар мен оқымыстылар. Ал, енді үшінші топ – туған жерге қазық болып қағылған, тағдыр құрсауы, тұрмыс тұсауы шідерлеген тұлпарлар. Олар да тегін емес, бар екенін байқатып, талай басты шайқатып, тектілігін танытатын, қазақы қалжың мен қара сөздің тиегін ағытатын нағыз мықтылар. Қысқасы, мінезсіз, екпінсіз, жалынсыз жан осынау алабөтен ауылда жоқтың қасы.

Жидебек ағамыз да осы ортадан, осы қалыптан айныған жоқ, елден ерек омырауына «Еңбек Даңқы» орденін таққан озат жүргізуші. Әкемізбен қатар еңбекке араласқан ағамыздың беделі де, тұрмысы да сол кездің өлшемімен бір басынан артылып жататын. Алайда, тарландар топ жарып, таланттар түлеп ұшқан орта мен ағамыздың бойындағы білімге деген құштарлық пендешіліктің қарабайыр, құбатөбел тіршілігінен алыстатып, ағаны Алматыға жетелеген. Жасы едәуір егделеніп қалған ол 1982 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетінің сыртқы бөліміне ешбір кедергісіз қабылданды. Өйткені, мемлекеттік марапаты бар, әрі білімдар ағамыздың бұл жерде бірінші үміткер екендігіне дау жоқ болатын. Мен де сол жылы осы факультеттің күндізгі бөліміне түстім. Інілік жолымен тау етегінде пәтер жалдап жатқан ағаға амандасуға барсам, ауылдас досым Серік Томанов та осында екен. Серіктің университеттің журналистика факультетінің сыртқы бөліміне қабылданғанын білетінмін.

Талас болып, әттең-ай, жаралғанда,
Тәуелді болмас едім адамдарға,
Толқындарым жол тосқан тоспаны ұрып,
Тобарсып жатпас едім тар аңғарда.
Талас болып, не керек, жаралмаппын.
Ақын болып, алайда, алаңдаппын.
Туған жердің тамыры болу бақыт,
Бақытымды тек солай таба алмақпын.
Қайран, Серіктің өлеңінен басталған әңгіме елдегі жаңалықтармен жалғасып, аға бауыр болып сан қырлы тақырыпқа салдық түренді. Жидекеңнің дүниетанымы ерекше, өресі кең, ғылым мен мәдениет, әдебиет пен өнердің барлық саласынан хабардар, құлағы түрік, пайымы тастай. Содан бері сыйластығымыз үзілген емес. Соңынан Серік екеуі аспиранттар үйінде тұрғанда аспирант қыз Баянмен танысып, пікірлері мен ортақ көзқарастары түйісіп, тағдырлары тоғысты. Ұзамай отбасын құрды, шын қуандық.

«Соны некеден саналы ұрпақ туады» деген сөзді естіген едім. Кейін Қаратау қаласына қызметпен барып, ағам мен жеңгемнің үйінде тұрғанда, кішкентай Жаннұр мен Ақнұрдың тапқыресөздері мен мәнді тақпақтарын тыңдап, осы сөздің шындығына көз жеткізгендей болдым. 1986 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің аспирантурасын тәмамдаған жеңгеміз Баян Әлімжанқызы Қаратау қаласындағы политехникалық институттың жоғары математика кафедрасында оқытушы, ал Жидебек аға адвокаттық қызметпен айналысты. Қос қарлығаштың мектеп тапсырмаларын аға-жеңгем қосылып, кәдімгі университеттегі семинар сабақтары сияқты талқылағанын көріп таңқалатынмын. Ара-тұра мені де қосып алып қыздарды мектепке дайындау үлкен шығармашылық процеске айналатын. Қазір бағамдасам, өздері армандаған ғылым белесіне Жаннұр мен Ақнұрдың көтерілуінің алғы шарттарын қалыптастырған екен.

Расында, екеуі де мектепте озат оқып, көзге түсе бастаған. Ақнұр мектеп қабырғасында жүргенде-ақ ғылыми жұмыстармен шұғылданып, 2007 жылы оқушылардың республикалық ғылыми жобалар жарысына қатысып, 2-орын алған. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, аудан, облыс, республика көлеміндегі интеллектуалдық сайыстардан жүлделі орындарға ие болды. Пікірсайыс клубының жетекшісі, оқушылардың өзін-өзі басқару жүйесінде мектептің премьер-министрі ретінде көшбасшылық қасиеттерімен көрінді. Жаннұр да Талас ауданы, Қаратау қаласындағы А. Байтұрсынұлы атындағы гимназияны «Алтын белгімен» аяқтап, әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік Ұлттық университетін «экономист маркетолог» мамандығы бойынша үздік бітірген. Құқық және экономика негіздері магистрі.

Ал, 2008 жылы осы гимназияны «Алтын белгімен» тәмамдаған Ақнұр Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік Ұлттық университетінің «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша білім алып, Президенттік шәкіртақы иегері болды.

2012-2014 жылдары «Инновациялық менеджмент» мамандығы бойынша магистратураны үздік дипломмен бітірді. Осы жылдар аралығында қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, Алматы қалалық және республикалық пікірсайыс турнирлерінде бірнеше рет жеңіске жетіп, үздік спикер атанған Ақнұр «Хабар» агенттігі, «Ел арна» телеарнасына шақырту алып, 2010-2012 жылдары «Азамат» пікірсайыс бағдарламасының редакторы, шеф-редакторы болып қызмет етті. 2010-2011 жылдар аралығында ҚР Парламенті Мәжілісі депутатының қоғамдық көмекшісі болып, ел үшін маңызды мәселелерді талқылауға қатысты. Бұл нағыз шыңдалу мектебі еді. Үздіксіз еңбек, тынбай ғылыми іздену нәтижесіз болған жоқ, 2014 жылы докторантурада білімін жалғастырған Ақнұр ғылым жолына нық қадам басты.
2017 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Экономика және бизнес жоғары мектебі тарихында алғаш рет ағылшын тілінде «Қазақстандағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының коммерцияландыруын басқару (жасыл технологиялардың мысалында)» тақырыбында докторлық диссертация қорғап, 2018 жылдың 19 наурызында ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің №490 бұйрығымен «6D051700 – Инновациялық менеджмент» мамандығы бойынша философия Докторы (PhD) дәрежесіне ие болғанда ата-ана еңбектерінің еселеніп, үміттерінің ақталғаны анық еді.
Айтуға оңай, әйтпесе көп адамдар жылдап ағылшын тілінің ауызекі сөздерін игере алмай жатқанда, ғылым мен техниканың соны соқпағына именбей еніп, ауқымды жобаны, азулары алты қарыс, алқалы топтың алдында ағылшын тілінде қорғап шығу, 25 жасар қыз бала тұрмақ, ердің еріне сын боларлықтай ерлік деп ойлаймын. Еріксіз Серік марқұмның өзінің жыр кешінде, «Сіздің ауылда неге шығармашыл кісілер көп?», – деген оқырман сұрағына, «Қадым замандарда біздің ауыл үлкен теңіздің орны болған, ал інжу-маржан теңіз түбінде жататыны белгілі болғандықтан, ар жағын өзіңіз пайымдай беріңіз», – деп қайтарған орынды жауабы еске түседі. Міне, біздің қасиетті топырақтың інжу-маржаны, Нарша ағам айтқан алдыңғы топтан өз орнын ойып тұрып, айшықтап алған алқалы қызымыз.

2014 жылдан бері Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқытушы ассистенті, «Менеджмент және маркетинг» кафедрасының оқытушысы, бірнеше ғылыми гранттық жобалардың қатысушысы болған Ақнұр Жидебекқызы биылдан бастап еліміздің жоғары оқу орындарының көшбасшысы болып саналатын Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Экономика және бизнес жоғары мектебі деканының ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық қатынастар жөніндегі орынбасары қызметін атқаруда. Сонымен қатар, жалпы бюджеті 1 миллион евроға жуық Еуроодақтың Erasmus+ ENINEDU халықаралық жобасында ҚазҰУ атынан координатор болып табылады. Бұл жобаға Испания, Франция, Грекия, Венгрия, Ресей және Қазақстан елдерінен 8 ЖОО қатысады.

Сонымен қатар, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген Ақнұр – Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша қазақ тіліне аударылатын «Strategic management of technological innovation» кітабының ғылыми редакторы. Әлемнің ең үздік Оксфорд, Кэмбридж, Гарвард университеттерінде оқытылатын бұл оқулық енді ағылшын тілінен қазақ тіліне тікелей аударма арқылы жастарға жол тартатын болады.

Ұлыбританиядағы Эксетер университеті мен Испаниядағы Барселона менеджмент университетінде ғылыми тағылымдамадан өткен Ақнұр Жидебекқызы оқу-жұмыс бабымен және халықаралық бағдарламалар арқылы Сингапур, Франция, Италия, Германия, Швейцария, Грекия, Ирландия Республикасы, Нидерланды, Чехия, Түркия сияқты 18 мемлекетте болған.
Тәуелсіз Қазақстанның қарқындап дамуы үшін әлемдік еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға өз үлесін аянбай қосып жүрген Ақнұр Жидебекқызы жаңа формациядағы экономика саласы үшін үлкен мүмкіндіктерді жүзеге асыратын ұшқыр ойлы, жаңа ғылыми білім мен идеялар және жаңалықтар аша білетін, халықаралық ғылым кеңістігінде өз орнын тапқан жас маман.

«Толқындарым жол тосқан тоспаны ұрып»,–деп Серік ақын жырлағандай, Ақнұрдың ғылым жолындағы жетістіктері әйгілі суретшінің тоғызыншы толқынындай орасан жойқын, өр, асқақ, сондықтан да Серіктің толқындарымен үндесіп тұр. Ендеше, әлі де талай тосын жаңалықтар мен толайым тірліктердің куәсі болатынымызға сенім мол. Ардақты әке мен асыл ана аманаты да–осы. Оған Ақнұрдың жасы да, мүмкіншілігі де жететіні ақиқат. Іске сәт, Амангелдінің аяулы аруы.

Әбиірбек ҚОНЫСБАЕВ,
прокуратура саласының ардагері,
Тараз қаласы

ПІКІР