Жамбыл жаңалықтары

Биіктей бер, «Бәйтерек»!

«Бәйтерек» ықшамауданында алғашқы тұрғын үйлердің пайдалануға берілгеніне он жылдан асса да, жөні түзу жолдың салынбағаны жұртшылықтың жанын ауыртатын. Батпақ кешіп, байбалам салған бұқараның базынасы билік өкілдерін бейжай қалдырған жоқ. Осы аумақта өткен жылдан бастап инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстары қарқын алды. Қазір бір емес, бірнеше мердігер ортақ іске жұдырықтай жұмылған. Мысалы, «БизнесЭлитСтрой-2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ықшамауданның №2, 3, 4, 5, 6, 9 телімдеріндегі ішкікварталдық жолдар мен тротуарлардың құрылысын жүргізуде. Сонымен қатар, аялдамалар орнатып, арық желілерін тартуда. Бұл мақсатқа былтыр қазынадан 100 миллион теңге бөлініп, игерілген. Ал, биыл 150 миллион теңгеге бағаланған жұмыстар атқарылуда.

Сонымен қатар, ықшамауданның №7, 8, 10, 11, 12, 13, 14, 15 телімдерінде де тындырымды тірлік толастап жатқан жоқ. Бұл аумақта да жолдар мен тротуарлар қатар төселуде. Сондай-ақ, абаттандыру шараларына да басымдық берілуде. Қаралған қаржы да қомақты. Нысанның тендерлік құны 503 миллион теңгені құрайды. Былтыр 250 миллион теңге игеріліпті. Мердігер «Интеграл Строй Life» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мамандарының айтуынша, құрылыс жұмыстары алдағы маусым айында толық аяқталмақ.

Ықшамауданның №16, 17, 18, 19, 20 телімдері де түрлі техникаға толы. Мердігер «Идель» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауапты мамандары мен жұмысшылары аянып жатқан жоқ. Ертелі-кеш еңбекке жұмылып, құрылысты ертерек аяқтауға күш салуда. Мұндағы жұмыстар да маусым айында мәресіне жетеді деп күтілуде. Осы орайда Тараз қаласының әкімі Рүстем Дәулет бұл жұмыстардың өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі және қаланың даму бағдарламалары аясында атқарылып жатқанын айтады. Тағы бір ескерте кетерлігі, құрылыс жұмыстарының нәтижесінде қоғамдық көлік қатынасын реттеу мәселесі де оң шешімін таппақ. Бұған дейін автобустар көпшілік «Көпір» атап кеткен аялдамадан кері бұрылып жүрген болса, енді тұрғын үйлердің аумағымен қатынайтын күн де алыс емес.

Назардағы нысанның бірі – 1200 орынға арналған мектеп. Білім ошағының құрылысы өткен жылы басталған болатын. Сәтін салса, ғимарат ағымдағы жылдың қараша айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

– Осы аумаққа мектептің қажеттілігі көптен бері айтылып жүрген болатын. Тұрғындардың тілегі ескеріліп, қазынадан қаржы бөлінді. Құрылыс жұмыстары Білім беруді және ғылымды дамыту 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асуда. Бұл мектеп «Бәйтерек» мөлтек ауданымен бірге «Арай», «Көктем» және «Дорожник» тұрғын алқаптарын да қамтитын болады, – дейді қала әкімдігі білім бөлімінің басшысы Мүбарак Жинақбаева.
Осылайша, «Бәйтерек» ықшамауданы ағымдағы жылы алып құрылыс алаңына айналып шыға келді. Мұнда әлеуметтік нысандар мен жол құрылысынан бөлек, жаңадан 100 және 60 пәтерлік 2 арендалық тұрғын үй де бой көтеруде. Олардың есебінен қоныстойлар қатары да көбейгелі тұр. Ел игілігін көздеген игі шаралардың бәрі де қала тұрғындарының қуанышын еселеп, ертеңге деген сенімін нығайта түсетіндігі сөзсіз.
Биіктей бер, «Бәйтерек»!

Тұрсынбек Сұлтанбеков

ПІКІР