"Шамшырақ"

Білікті маман даярлаудың шеберлері

Written by Aray2005

Еліміздің оңтүстік өңіріндегі беделді жоғары оқу орындарының бірі – М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті республикаға білікті мамандардың ұстаханасы ретінде белгілі. Білім ордасында әр жылдары тәлім алған студенттер бүгінгі таңда байтақ мемлекетіміздің төрт тарабында табысты еңбек етіп жүр. Әсіресе оқу орнының мұнай мен газ өндіру және механика салаларына дайындаған мамандары әрдайым еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие.

Жуырда сапалы кадр даярлау ісінде табысты еңбек етіп келе жатқан университеттің Мұнай, газ және механика факультеті өзінің жартығасырлық мерейтойын атап өтті. Осыған орай оқу ордасында «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы энергетика мен механика салалары дамуының негізгі тенденциялары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.
Жиынның ашылуында университет ректоры, Оңтүстік аймақтық жоғары оқу орындары ректорлары кеңесінің төрағасы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков сөз алып, факультет ұжымын 50 жылдық белесімен құттықтады.
Келесі кезекте Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Абдрахым Мавлянов пен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының омбудсмені, мұнай-газ саласының ардагері Анатолы Тегісбаевтар сөз алып, оқу ордасының аталған салалардың дамуына қосып отырған үлесіне тоқталды.
Жиын соңында М.Сарыбеков шәкірт тәрбиелеу ісінде талмай еңбек етіп келе жатқан «Электр энергетика» кафедрасының доценті Сейітжан Орынбаев пен «Мұнай-газ ісі» кафедрасының доценті Қанат Жылысбаевқа Тараз қаласы әкімінің Құрмет грамоталарын табыстады. Сондай-ақ факультеттің алғашқы оқытушылары, ардагер ұстаздар Әбдірахман Кенжебаев мен Мұхтарбек Әбдіғалиевке «М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне 60 жыл» төсбелгісі тағылды. Жоғарыда аталған және М.Х.Дулати атындағы «Үздік табыстары үшін» төсбелгілері факультет оқытушылары мен танымал түлектеріне де үлестірілді. Еңбегі еленген ұстаздарға Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы мен осы кәсіподақтың облыстық ұйымының атынан марапаттар тапсырылды.
Конференция жұмысы одан әрі пленарлық мәжіліске, секциялық отырыстарға ұласып, онда белгілі ғалымдар мен мамандар мұнай-газ және механика салаларын заман сұранысына сай дамытудың жолдарын қарастырды. Сонан соң факультеттің әр жылдарда бітірген түлектері оқу орнын аралап, студенттік шақтарын еске алды.
Факультет мерейтойы аясында «Ұңғыларды күрделі жөндеу» аудиториясы ашылып, пайдалануға берілді.
Сондай-ақ мерейтойға орай факультет атынан «Мехфак мерейі» және «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы энергетика мен механика салалары дамуының негізгі тенденциялары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының материалдары» атты қос кітап жарық көрді.

Ақназар НҰРТАЗАЕВ,
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ
«Көлік техникасы және технологиялар»
кафедрасының аға оқытушысы

ПІКІР