"Шамшырақ"

Білім беру мен даярлаудың сапасы қандай?

Written by Aray2005

Облыстағы оқу орындарында Назарбаев Зияткерлік мектебі мен Назарбаев Университетінің тәжірибесін қолдану көп түйткілдің түйінін тарқатады

Мемлекет қай кезеңде болмасын, білім беру сапасын жетілдіруге мүдделі. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінен бастап, жоғары оқу орындарын қамтитын бұл жүйенің басты мақсаты саналы ұрпақ, білікті маман даярлау екені әмбеге аян. Сол себептен Елбасының Қазақстан халқына кезекті Жолдауында да аталмыш мәселеге басымдық беріліп, отандық білім берудегі көшбасшы мекеме саналатын «Назарбаев Зияткерлік мектебі» мен «Назарбаев Университетінің» тәжірибесін енгізу ұсынылды. Әлемдік білім беру жүйесінің озық үлгісін ұрпақ тәрбиесі мен маман даярлауда жамбылдық оқу орындары да білек сыбана кіріспек.

ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕП – ЗИЯЛЫ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕЙДІ

Елбасы Жолдауында зияткерлік мектептердің тәжірибесін орта білім беру жүйесіндегі стандартқа айналдыру қажеттігін атап өтті. Өз кезегінде, бұл білім саласында толассыз жүргізілген реформалардың қорытынды кезеңіне айналатындығына да баса назар аударылды.
Шынында да осыдан 10 жыл бұрын Елбасы­ның бастамасымен жүзеге асырыла бастаған зияткерлік мектептер құру жобасы бүгінде ұрпақ тәрбиелеу ісінде баламасы жоқ тәжіри­белік алаңға айналып үлгерді. Себебі, зияткерлік мектептеріндегі білім беру жүйесі оқушыларға мектеп қабырғасынан нәтижелі кәсіптік бағдар беруге негізделді. Демек, оқушыға мектеп табалдырығын аттаған күннен өзінің болашақта таңдау жасайтын мамандығы бойынша тереңдетілген мазмұндағы білім беріледі.
Бүгінде облыстағы 40 білім ошағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің тәжірибесін енгізудің базалық алаңы ретінде жұмыс істеуде. Келер жылы аймақтағы 446 мектептің 50 пайызы толығымен осы жүйеге көшпек. Бұл орайда, облыс әкімдігінің білім басқармасы мен педагогикалық шеберлік орталығы және Назарбаев Зияткерлік мектебі арасында үшжақты меморандумға қол қойылып, біріккен жоспар бекітілді. Қазіргі таңда облыс әкімдігі білім басқармасының мұрындық болуымен базалық алаңға айналған мектептердің аптасына бір рет онлайн режимде өз іс-тәжірибесін аймақ көлемінде тарату үрдісі де қалыптасып келеді.
Жалпы, бұл алаңдар бірінші кезекте мұғалімдерге кәсіби қолдау жасаумен айналысуда. Сол секілді оқушылардың IT білімін жетілдіру, басқару менеджментін дамыту да базалық алаңдардың негізгі жұмыс бағытына айналып отыр.
–«Шыңдалу» деп аталатын желілік қауымдастыққа облыс орталығындағы 11 орта мектеп тартылған. Қауымдастықта мектеп мұғалімдері жаңартылған мазмұнда білім беруге, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің әдісін енгізуге қатысты тәжірибелерін толықтырады. Ара-тұра мұнда оқыту жүйесіне жаңа өзгерістерді енгізудегі әдіс-тәсілдерді жетілдіру мақсатында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының мамандарының қатысуымен семинарлар өткізіліп тұрады.
Қазіргі таңда мектептегі 1,2,3,5,6,7,8- сыныптарға білім беруде Назарбаев Зияткерлік мектебінің тәжірибесі қолданылуда. Мектеп оқушылары келер оқу жылынан бастап толықтай осы жүйе негізінде оқытылады. Зияткерлік мектептердегі білім беру жүйесі заман талабына сай бәсекеге қабілетті, білімді, іскер, ойлау жүйесі дамыған, логикалық тұжырым жасауға бейім, еркін ойлай алатын жеке тұлғаны қалыптастыруға негізделген. Сондай-ақ бұл әдіс арқылы оқушы өзін-өзі бағалауды үйреніп, жиған білімінің артықшылықтары мен кемшіліктерін көріп, одан әрі қай бағытта дамыту керектігін түсінеді. Мұнан бөлек, зияткерлік мектептердегі оқушыларды бағалаудың өзіндік критерийі де бар, – дейді Тараз қаласындағы Төле би атындағы №8 мектеп-гимназия директорының ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Үміт Жақсылықова.
Білім беру ісінде Ұлыбритания, Сингапур, АҚШ, Жапония, Швейцария секілді мемлекеттердің озық тәжірибесіне негізделген Назарбаев Зияткерлік мектебінің әдісі Байзақ ауданындағы Ғани Мұратбаев атындағы гимназиясындағы оқу-тәрбие беру үдерісінде де қолданылуда.
– Жаңа оқу жылы басталғалы гимназия базасында бірнеше рет бірлескен семинар жиындар өткізілді. Гимназия ұстаздары кәсіби біліктілігін жетілдіру мақсатында Назарбаев Зияткерлік мектебінде өткізілетін сабақтарға қатысып тұрады. Бұл әдістің тиімді тұсы мұғалімдердің шығармашылығы мен ғылыми ізденісіне еркіндік беруінде болып отыр, – дейді гимназия директоры Мұхит Нәметқұлов.
Педагог ғалымдар да ұрпақ тәрбиесін әлемдік білім беру жүйесінің озық үлгісіне негізделген оқыту бағдарламасымен ұштастырудың тиімділігі мол екендігін алға тартады.
– Негізінен, Зияткерлік мектептерде қолданылатын білім берудің заманауи жүйесі 4 іс-әрекетке бағытталған. Яғни, оқушы әуелі ұстаздан үйренеді. Оны терең меңгеріп, өмірде пайдаланады. Демек, тәжірибе жүзінде сынап көреді де, кем-кетігін жетілдіруге күш салады. Сондықтан қазір жоғары білімді педагог дайындауда қалыптасқан стереотиптер мүлдем басқа бағыт алды. Өйткені, студент – ертеңгі маман. Ол тұтас ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін ұстаз. Сол себептен де оқытушы-профессорлар құрамы студенттермен қалыптасқан тұлға ретінде жұмыс жасауға көшті. Соның арқасында студенттер кез келген жағдайда өз ойын ашық айта алады. Дәл осы ұстанымды олар өздерінің педагогикалық қызметтерінде қолданады,– дейді педагогика ғылымдарының докторы Тұрсынай Әбдіқадырова

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАҒЫ ҚАРЫШТЫ ҚАДАМДАР

Өз кезегінде, стратегиялық құжатқа сай білім беру жүйесін тұтастай қамтыған өзгерістер жоғары мектептердегі маман даярлау ісіне де соны серпін әкелмек. Бұл өзгерістер ең әуелі маман дайындау сапасына қатысты талаптардың күшейтілуінен басталады. Сондай-ақ түлектердің нәтижелі жұмыспен қамтылуы сынды критерийлер басты назарда болмақ. Демек, жоғары оқу орындарында маман даярлауда олардың кәсіби біліктілігін шыңдай отырып, еңбек нарығындағы бәсекеге төтеп бере алуына көңіл бөлген жөн. Сәйкесінше, тапсырманы мүлтіксіз орындауда жоғары оқу орындарын Назарбаев Университетінің тәжірибесіне сүйеніп, әлемнің жетекші оқу ордаларымен әріптестік орнатуға иек арта алады. Мәселен, өңірдегі жоғары білім беру ісінің үздігі саналатын М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті қазірдің өзінде әлемнің әр еліндегі 67 жоғары оқу орны мен ғылыми ұйымдарымен байланыс орнатқан.
– Біздің университетте Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлі­гі­нің шетелдің үздік жоғары оқу орындарынан мамандар шақырту бағдарламасы өз деңгейін­де жүзеге асырылуда. Тек 2013-2014 оқу жылында университет қабырғасында Польша, Швеция, Ресей, Белоруссия, Ұлыбритания, Франция, Германия елдеріндегі жетекші оқу орындарының білікті мамандары шақыртылып, маман даярлау ісіне атсалысты. Ал, 2016 жылы бұл тізімге Түркия, Малайзия мемлекеттерінің профессор-оқытушылары қосылды. Өткен жылдың шілде айында Португалияның Браганса политехникалық университеті профессорларының қатысуымен «Тұрақты даму және қоршаған ортаны қорғау» тақырыбында жаздық магистрлік мектеп ұйымдастырылды. Сондай-ақ қазан-желтоқсан айларында университетке португалиялық профессор Албано Алмеш шақыртылды. Ол университетте инновация және ақпараттық технологиялар жөніндегі проректор қызметін атқарды. Профессор арнайы жұмыс тобымен бірігіп, оқу үрдісін автоматтандыруға қажетті компьютерлік қосымша әзірлеу жобасын қолға алды. Бұл жоба кейіннен «Цифрлық университет» тұжырымдамасының негізгі бөлігіне айналды,– дейді М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті академиялық ұтқырлық бөлімінің басшысы Эльмира Файзова.
Университеттегі халықаралық бай­ла­ныс­қа жауапты бөлім басшысының мәлім­деуін­ше, оқу орнында шетелден білікті профессор-оқытушылар шақыртудан бөлек, бірлескен халықаралық шаралар да өткізіліп тұрады екен. Мәселен, ағымдағы жылдың сәуір айында Еуроодақтың «Erasmus+» бағдарламасы аясында инновациялық педагогика және кәсіпкерлік бойынша халықаралық семинар ұйымдастырылыпты. Шараға Испания, Швеция, Финляндия, Армения, Грузия, Белоруссия сынды мемлекеттердің профессор-оқытушылары қатысқан.
Ұстаздардың ұстаханасына айналған Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде де шетелдік әріптестерімен байланыс өз деңгейінде жолға қойылған. Университеттің стратегиялық және инновация жөніндегі проректоры Ерман Шертаевтың мәлімдеуінше, оқу орны әлемнің бірқатар салалық университеттері мен ғылыми орталықтарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайтын көрінеді.
– Халықаралық байланыс аясын кеңейту педагогикалық университеттер үшін ең әуелі әлемдегі озық білім беру жүйесімен танысуға мүмкіндік береді. Елбасы биылғы Қазақстан халқына Жолдауында орта, жоғары білім беру жүйелеріне шетелдік әдіс-тәсілдерді енгізу қажеттігін атап өтті. Қазірдің өзінде біздің университетте халықаралық байланысқа айрықша назар аударылады. Өткен жылы университетке Чехия, Ұлыбритания, Америка Құрама Штаттары, Германия, Түркия мемлекеттері оқу орындарының профессорлары келіп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Ұлыбританиялық профессор Джон Ховард пен америкалық Дэйвид Ливингстоун уақытша оқу ордасының проректоры қызметтеріне тағайындалып, білім беру ісін ұйымдастыру, басқару салаларындағы тәжірибелерін ортаға салды, – дейді Е.Шертаев.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

ПІКІР