"Шамшырақ" Жалын Жастар.kz

Білім биігіне ұмтылған Назым

Written by Aray2005

Ғылым мен жаңа технологиялар дәуірінде қазақ жастарының жаңашылдықты жатсынбауы көңіл қуантады. Осы қатардан табылып жүрген алғыр жас М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті Назым Юлдашева ТМД елдері арасында өткен «Үздік жас ғалым – 2020» номинациясына ие болды. Ол Әзірбайжан, Армения, Белорусь, Қырғызстан, Молдавия, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан елдерінің магистранттары мен докторанттары, студенттерімен бірге сайысқа түсіп, оза шапты. Жас ғалым қазіргі таңда «Екі шет тілі» мамандығы бойынша білім алып жүр.

Мектеп кезінен өз замандастарынан білімі мен қарым-қабілеті арқасында дараланған Назым университет қабырғасында да әрбір күнді бос жібермеуге дағдыланған. Әрі түрлі байқаулардан үздік атанып жүрген замандастарына қарап бой түзеді. Жетістікке жету жолында мақсат құрды.
Нәтижесінде соңғы бірер жылдың өзінде 48 конференцияға қатысып, 4 ғылыми жоба қорғаған жас «Үздік жас ғалым-2020» және «Үздік студент-2020» марапаттарына ие болады.
Бір қызығы Назым алғашында құжаттарын «Үздік студент – 2020» байқауына қатысу үшін жинаған екен. Дегенмен оның құжаттары мамандардың қателігінен ТМД елдері арасында өткізіліп жатқан «Үздік жас ғалым – 2020» байқауына жолданып кетіпті.
– Негізінен екі байқаудың да ережелері ұқсас. Тек қана бір айырмашылық «Үздік жас ғалым – 2020» байқауына қатысу үшін ғылыми мақала болу керек. Мен бұл байқауға «Мектепке дейінгі балалардың білім алу жүйесі» тақырыбындағы мақаламен қатыстым. Бұл мақаламда мен ана тілімізде ұлттық құндылықтарымыз бен ойындарымызды насихаттай отырып, бала тәрбиесіне көңіл бөлу мәселесін көтердім.
Қазіргі таңда ағылшын тілінде бірнеше ғылыми жоба дайындап жатырмын. Бала кезімнен Эйфель мұнарасына баруды, Париждің өзге де туристік нысандарында болуды армандайтын едім. Осы бір балалық арманымды жүзеге асыру үшін француз тілін меңгеріп жүрмін. Замандастарыма арманға қарай қол созудан гөрі оған нақты қадам жасауды іспен дәлелдеуге тырысып жүрмін, – дейді Назым Жұмамұратқызы.
Расында Назым сынды білім мен ғылымға, ізденіске құштар замандастарыма қарап, еліміздің ертеңі нұрлы болатындығына көз жеткізе түсемін. Әрі мамандық пен жүрек қалаған істі таңдау да жетістіктің бастауы болатындығын сезінемін.

Гүлжауһар Бажақай,
М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті

ПІКІР