Білім грантын иеленгісі келген түлектер ҰБТ-ны екі рет тапсыра алады

0 5

Мемлекеттік білім грантын ұтып алуға ниеттенген үміткерлер ҰБТ екі рет тапсыра алады. Ал аймақта алғаш рет электронды түрде өтіп жатқан тестілеу 30 маусымға дейін жалғасады. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмилә Бекбатырова айтты.

Тест тапсыру науқаны 6 мамырдан басталған болатын. Бүгінде облыстың 10 ауданы мен Тараз қаласының және басқармаға қарасты білім мекемелерінің 869 түлегі тест тапсырды.

«Мемлекеттік білім грантын ұтып алу түлектер үшін өте маңызды. Оған ниеттенген үміткерлер ҰБТ екі рет тапсыра алады. Мәселен, егер талапкер сәуір айында тестілеуден өткен болса, оның ҰБТ-ны екінші рет бірнеше күннен кейін немесе мамыр не маусым айларында тапсыру мүмкіндігі болады. Қатысушылар тапсырмаларды кез-келген пәннен бастай алады. Тестілеу аяқталғанға дейін жауап берілген сұрақтарға қайта оралып, жауаптарды түзетуге болады. Талапкерлерге ыңғайлы болу үшін компьютердегі калькулятор, Менделеев және тұздардың ерігіштігі кестелері қолжетімді», – деді Ж.Бекбатырова.

ҰБТ нәтижелерін тестілеу аяқталғаннан кейін бірден білуге болады. Тестілеу қорытындысы бойынша жиналған ұпай саны экранға шығарылады. Сондай-ақ, ҰБТ қатысушысы қандай сұрақтарға қате жауап бергенін бірден көре алады. ҰБТ нәтижелерімен келіспеген жағдайда талапкер келесі күнді күтпей-ақ апелляцияға өтініш бере алады.

Педагогикалық мамандықтар бойынша білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін ҰБТ-ның шекті балы 75-ке дейін ұлғайтылды. Білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін немесе ақылы негізде оқуға түсу үшін: «Педагогикалық ғылымдар» саласы бойынша кемінде 75 балл. Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» саласы бойынша кемінде 65 балл. «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» білім беру салалары бойынша кемінде 60 балл. Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін – кемінде 65 балл, ал басқа жоғары оқу ұйымдарына кемінде 50 балл қажет.

«Ал оқу үлгерімі нашарлаған оқушылар жазда білімдерін жетілдіре алады. 26 мамырдан 19 маусымға дейін облыстағы барлық білім мекемелерінде жазғы мектеп ұйымдастырылады. Онда үлгерімі төмен оқушыларға назар аударылатын болады. Мектепке кез келген оқушы ерікті түрде келіп, білімін арттыра алады. Бұл қызмет түрі қосымша қаржыландыруды қажет етпейді. Баласын жазғы мектепке оқытқысы келген ата-ана мектепке өтініш қалдыруы керек», – деді басқарма басшысының орынбасары.

Айта кету керек, жазғы мектепте педагогтар осы жылға бекітілген жүктеме аясында жұмыс істейтін болады. Сондықтан қосымша қаржы қарастырылмайды. Жалпы биылғы оқу жылын облыстағы 238 мыңнан астам оқушы аяқтайды. Олардың 11 мыңнан астамы 11 сынып түлектері болса, 20 мыңға жуығы 9 сынып оқушылары.

Leave A Reply

Your email address will not be published.