Жамбыл жаңалықтары

Білім ошақтарында медициналық пунктер ашылады

Written by Aray2005

Жамбылдық білім беру ұйымдары мен медицина қызметкерлері короновирусқа қарсы күресте күш біріктірмек.

Қазіргі таңда елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны артуда. Облыста аурудың екі мыңнан астам жағдайы тіркелді. Бүгінгідей қиын кезеңде медицина қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік артылған.
Эпидемиямен күрестегі өзекті мәселелердің бірі – медициналық мамандардың жетіспеушілігі. Осыған орай, облыстағы білім беру ұйымдарында халыққа медициналық көмек көрсетудің қосымша пункттері ашылып, оған білім беру мекемелерінің 123 медицина қызметкері тартылған.
Бүгінгі таңда орта мектептерден барлығы 80 маман, облыс колледждерінен 43 маман жұмылдырылған. Тараз қаласы және облыстың барлық аудандарында орта және кіші медициналық қызметкерлер тұрғындарға кеңес беру, дәрі егу секілді басқа да қызметтерді тегін көрсетеді.
– Олар оқу жылы басталғанға дейін жұмыс істейді және міндетті түрде жалақы алатын болады, – дейді облыс әкімдігінің білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов.
Қазір әрбір медицина қызметкерінің көмегі ауадай қажет десек, бұл жұмысқа атсалысқандардың барлығы коронавирусқа қарсы күреске өз үлесін қосары даусыз.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР