Жамбыл жаңалықтары

Білім ошақтарындағы жөндеу жұмыстары қызу жүруде

Written by Aray2005

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы құрылысы жүріп жатқан білім беру нысандарының жай-күйімен кезекті рет танысты.
Бүгінде қаладағы іргетасы 1952 жылы қаланған №4 орта мектептің жаңа ғимараты бой көтеріп жатыр. Мердігер – «Бірлік Сервис и Ко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жоспар бойынша ағымдағы жылдың мамыр айының соңында құрылысы басталған нысан келесі жылдың наурыз айында пайдалануға берілмек. Мектеп 180 оқушыға арналған. Жаңа нысан бойынша ескі ғимаратта болмаған акт және спортзалы, асхана, шеберханалармен қамтылмақ.

Сондай-ақ №2 орта мектептің орнына да жаңа оқу ордасының ғимараты салынбақ. 318 оқушыға арналған білім нысанының ескі ғимараты сүрілді. Мердігер компания «Талас Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі нысанды келесі жылдың басында тапсыруды жоспарлап отыр. Жаңа ғимаратта асхана мен мәжіліс залы салынады.
Ал №16 орта мектеп үш ғимараттан тұрады. Бір ғимарат бұзылып, орнына жаңа ғимарат салынса, екінші ғимарат жөндеуді қажет етеді. Құрылыс жобасына сараптама қорытындысы бірер күнде дайын болмақ. Сараптама дайын болысымен құрылысшылар бірден жұмысқа кіріседі. Үшінші ғимарат әзірге жарамды.
Мердігер компания өкілдерімен әңгіме барысында Бердібек Сапарбаев бекітілген құрылыс мерзімдерінің сақталу керектігін атап өтті. Мектеп алаңдарын абаттандыру да маңызды міндеттерінің бірі.
– Ең бастысы – біз балаларға жайлы және қауіпсіз жағдай жасауымыз керек. Оқушылар жаңа жабдықталған кабинеттерді көріп, марқайып қалуы тиіс. Облыста апатты жағдайдағы, үш ауысымды және орын тапшылығы бар мектептердің мәселесі кезең-кезеңмен шешілуде. Сонымен қатар бұл ретте материалдық базаға ғана емес, мұғалімдердің сабақ өту тәсілі мен сапалы білім беру жайына да айрықша назар аудару керек, – деді Бердібек Сапарбаев мектеп директорларына қарата сөйлеген сөзінде.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР