Білім саласына серпіліс керек

0 0

6 сәуірден бастап еліміздегі мектептер қашықтықтан білім беруге көшеді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында облыстағы оқу орындардың бұл бағыттағы дайындық барысы талқыланды.

Апта басында Байзақ ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі жергілікті мектептердің біріне бас сұғып, бірқатар жайтқа қанықты. Ондағы тозығы жеткен парталар мен тақталарда балалардың әлі күнге сабақ оқып жатқанын ескерсек, жоғары жылдамдықты интернет туралы айтудың өзі ұят.
– Көзбояушылықпен айналысуды тоқтатыңыздар. Нақты ахуалды көрсетіңіздер. Әйтпесе, біз жағдайды жақсарта алмаймыз. Бұл тек білім беруде ғана емес, өңірдегі барлық салаға қатысты, – деді аймақ басшысы кеңес барысында аудан әкімдерінің жұмысын сынға алып.
– Таразға жақын орналасқан аудандардағы мектеп осындай болса, онда шалғай аумақтар туралы не айтуға болады? Мемлекет басшысының қашықтықтан оқытуға көшу туралы тапсырмасын қалай іске асырамыз, – деді облыс әкімі.
Б. Сапарбаевтың айтуынша, өңірдің білім сапасы сын көтермейді, ал қашықтықтан оқытуды енгізгеннен кейін оның тіпті төмен деңгейге құлдырап кету қаупі бар.
Талдау көрсеткендей, көптеген аудан мектептерінде компьютерлер мен моноблок жетіспейді, ал 125 ауылдық елді мекен интернетпен қамтамасыз етілмеген. «Қазақтелеком» АҚ ұлттық байланыс операторының өкілі мұндай қысқа уақытта бұл мәселені шешуге қатысты сауалға нақты жауап бере алмады.
Айта кету керек, қашықтықтан оқыту кезінде мектептерді компьютерлендіру сияқты көрсеткіштер аса маңызға ие емес. Бұл жерде бастысы – балалардың өз үйлерінде планшеттер мен ноутбуктермен қамтылуы. Бұл техникаларсыз оқытудың жаңа форматына көшу мүмкін емес.
Өңір басшысы облыс әкімдігінің білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жәмилә Бекбатыроваға барлық мектептерді қашықтықтан оқытуға дайындық тұрғысынан тексеру, оқушылардың үй жағдайында білім алу мүмкіндіктерін анықтау туралы нақты тапсырмалар жүктеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.