Білім саласында былық неге көп?

0 397

2018-2020 жылдар аралығында білім саласына қатысты облыста 34 қылмыстық іс тіркелсе, 14-і өткен жылға тиесілі екен. Үстінен қылмыстық іс қозғалған азаматтар арасында аудан әкімдігінің білім бөлімінің басшылары, мамандары, есепшілері, мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілері секілді жауапты қызметтегілер бар. Олар қылмыстық жауапкершілікке пара алғаны, мемлекеттік сатып алуда түрлі қитұрқылық амалдарға барғаны және қызметкерлерге артық еңбекақы төлеу секілді заңбұзушылықтарға жол бергені үшін тартылған.

Арам пиғылмен ақша табу жолында арын былғағандар заңсыздыққа саналы түрде барғаны анық. Кейбір аудан әкімдігінің білім бөлімдерінде 1 жылдың ішінде сыбайлас жемқорлық қылмыстарының әртүрлі деректері бірнеше рет қайталанып келген. Әсіресе Жуалы және Мойынқұм аудандарының білім бөлімдерінде бірнеше мәрте орын алыпты.
Өкінішке қарай, қылмыстың жең ұшынан жалғасуына түрткі болғандар ұсталып, абыройы төгілгенімен өзгелер сабақ алмаған секілді. Өйткені ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің «Жамбыл –
адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Назима Жұбандықова облыстағы орта білім беретін мекемелерге аталған жобалық кеңсе тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы зерделеу жұмыстары жүргізілгенде бірқатар былықтың беті ашылғанын айтады. Мәселен, мониторинг жұмыстары аясында белгілі бір мектептерге қатысты күбір-сыбыр әңгіме көбейіп, әртүрлі әлеуметтік желілерде жазбалар жарияланған. Жан-жақты зерделеу мақсатында Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімінің №32, 34, 43 және 53-мектеп ұжымы арасында жасырын сауалнама жүргізілген. Аталған мектептердің қызметкерлерінен сауалнама алғанда №53 мектептен басқа білім ошақтарындағы респонденттердің бірқатары «Мектепте жиі ақша жинау фактісі кездесе ме?», «Директор тарапынан қысым жасала ма?», «Осы жұмысқа пара беріп тұрдыңыз ба?» деген секілді өзге де сұрақтарға «иә» деп жауап беріпті.
– Жүргізілген мониторинг аясында мектептердегі ваканттық орындарға қызметкерлерді қабылдау процедурасының сақталу мәселесі де қамтылды. Өткен жылдың соңғы 6 айында Тараз қаласының орта мектептеріне әртүрлі санаттағы 783 қызметкер жұмысқа қабылданған. Негізінен, мектепке бос ваканттық орынға қызметкер алу үшін алдын ала міндетті түрде ваканттық орын туралы хабарландыру берілуі қажет. Алайда орта білім беретін мекемелерде қағиданың тұрақты түрде сақталмайтыны белгілі болды. Мәселен №3 мектеп соңғы жарты жылда барлығы 29 адамды жұмысқа қабылдаса, бос орын бойынша еш жерге алдын ала хабарландыру берілмеген.
№13 мектепте де 3 мұғалім, №18 мектепте 2 мұғалім, 2 есепші жұмысқа хабарландырусыз алынған. Осындай заңбұзушылық №19, 21, 21, 44, 52, 59-орта мектептерде де кездесті. Мұның барлығы білім ошақтарында орын алып жатқан сыбайлас жемқорлықтың айқын көрінісі. Өйткені алдын ала хабарландыру бермей қызметкерді жұмысқа алу мүдделер қақтығысының туындауына бірден-бір себеп, – дейді Назима Дәрменқызы.
Сондай-ақ жобалық кеңсеге Тараз қаласындағы №3 мектеп-лицейдің есеп бөлімінің жұмысына қатысты арыз келіп түскен. Арыз бойынша зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде психолог Т.Рахманкуловаға қыркүйек-желтоқсан айы аралығында жергілікті бюджеттен 31 мың 739 теңге, республикалық бюджеттен 11 мың 252 теңге еңбекақы артық төленгені анықталыпты. Ал өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі З.Кулбергенованың жалақысына керісінше аталған айлар аралығында жергілікті бюджеттен 69 795 теңге, республикалық бюджеттен 14 мың 030 теңге кем төленген. Сол секілді әртүрлі мөлшерде еңбекақыны бұдан басқа тағы 1 мұғалім кем, 3 мұғалім артық алып келген. Жаңа оқу жылынан бастап зейнетақы қорына тиісті жарна аудару жұмысы да жыл соңында бір-ақ жүргізілген. Еңбекке уақытша жарамсыздық парағы үшін төленетін төлемақы бойынша Т.Даулетбаеваға бұл сома 6 380 теңгеге, ал Асқар Асанбайға 23 157 теңгеге кем төленген. Аталған мектеп-лицейде мемлекеттік сатып алу ісі бойынша да бармақ басты, көз қыстыға жол беріліп, көрсетілген бағадағы әр затқа артық сома аудару арқылы әжептәуір көлемдегі қазына қаржысы желге ұшқан.
– Аталған мектеп-лицейде бұдан да басқа заңсыздықтар орын алған. Мұндай келеңсіздіктер Тараз қаласының бірқатар мектептерінде кездесуде. Мәселен №34 мектептің директоры Динара Нуралиева 2018 жылдың тамыз айында Руслан Маметовті электрик қызметіне жұмысқа қабылдаған. Сол уақыттан бері Р.Маметов бюджет қаражаты есебінен ай сайын 56 258 теңге еңбекақы алып отырған. Бірақ Р.Маметовтің №34 мектептен бөлек өнеркәсіптік ауқымда күн және жел электр стансаларын жөндеумен, техникалық қызмет көрсетумен және пайдаланумен айналысатын «ECAP Services Kazakhstan» компаниясында 2015 жылдан бері вахталық әдіспен жұмыс істеп жүргені анықталды. Сонда Р.Маметов еңбек демалысын қосапағанда әр ай сайын 15 күнге Жуалы ауданына жұмыс істеуге барып-келіп жүрген. Мысалға айтар болсақ, өткен жылдың қараша айының 15-30 аралығында таңғы 9:00-ден кешкі 20:00-ге дейін Р. Маметов Жуалы ауданында жұмыста болған. Алайда №34 мектептің есеп бөлімінің уақытты есептеу табелінде «Р.Маметов аталған қараша айының 15 мен 30 аралығында 7 сағаттық толық жұмыс атқарды» деп көрсетілген. Яғни мектеп басшылығы мен есеп бөлімі 15 күн бойы басқа жақта жұмыс істеп жүрген адамға толық жалақы төлеп отырған. Дәл осындай жағдай барлық айда қайталанумен болған. Бұдан басқа ондағы екі қызметкердің жұмыс графигі де күмән туғызды. Өйткені медбике Л.Мухазова Тараз қалалық №6 емханада, ал Д.Камалова Тараз қаласындағы кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығында жұмыс істеп жүр. Мұнда да жұмыс беруші мен жұмысқа тұрушының ауыз жаласып отырғаны анық байқаладады. Бір сөзбен айтқанда, жоғарыда келтірілген фактілердің барлығы қазіргі таңда мектеп қабырғасында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері өршіп тұрғанын көрсетеді. Осыған орай біз облыс әкімдігінің білім басқармасына анықтамада көрсетілген барлық фактілер бойынша тиісті зерделеу жұмыстарын жүргізіп, жауапты қызметкерлерге шара қолдану жөнінде ұсыныс жолдадық, – деді Н.Жұбандықова.
Білім саласында заңбұзушылықтардың көбеюінің себебі неде? Одан арылудың жолы бар ма? Көпті мазалаған сұрақты Т.Рысқұлов ауданының Құрметті азаматы, тыл еңбеккері, ардагер ұстаз, республикалық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы Өмен Ниязқұловқа қойған едік.
– 1956 жылдан бастап 44 жыл бойы Т.Рысқұлов ауданында ұстаз болып қызмет еттім. Біздің заманымызда оқу бітірген жас маманның қолына қай өңірге жолдама берілсе, сол жаққа еңбек етуге аттанатын. Өйткені кадр тапшы еді. Біреудің біреуге пара беруі 1970 жылдарға дейін болған емес. Пара деген сөзді аталған жылдан бері қарай ести бастадық. Онда да өзіміз көргеніміз жоқ, біреулердің мәселені бір сойыспен шешкенін еститінбіз. Сондағы бір сойысы бір қой көрінеді. Жалпы Кеңес үкіметінің кезінде бір тиын кем болса, жауапты адам құритын. Мәселен ауыл тұрғындары бір трактор жүргізушісінен от тұтату үшін жермай сұрап алып, жасаған жақсылығы үшін бір қорап темекі ұсынса, ол адам оны алмай, азар да безер болатын. Оны қорқады деуге келмес, қоғамның санасы сондай еді. Ал қазір бәрі басқаша.
Жалпы білім саласында жемқорлықтың тыйылмауын бұрын ұстаздардың жалақысының аз болуымен байланыстырдық. Одан бөлек қазір тік айтатын мамандар, өз құқығын қорғау үшін шындық іздейтіндер жоқтың қасы. «Ол айтты, біз көндік» деп күн көріп жатқан ел. Негізінен білім саласында жемқорлық қарым-қабілеті орта немесе оқуды сырттай бітіргендердің араласуы арқылы да пайда болды. Өйткені білім-білігі аз маман жұмысқа тұруы, орнын сақтап қалуы үшін таныс-тамырын жағалайтыны анық. Десе де қазір мұғалімдердің сабақ өту уақыты 16 сағатқа дейін түсіріліп, еңбекақысы 25 пайызға көтерілді. Осындай жаңашылдықтар жемқорлықтың жойылуына жол ашатынынан үміттіміз. Бірақ бар мәселе келесі толқында. Бар үмітіміз жас буында. Түптеп келгенде қоғамның, жекелеген адамның санасы өзгермей, бұл індеттен құтылуымыз қиын – деді Ө.Ниязқұлов.

Нұрым Сырғабаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.