Сұхбат

Білім сапасын арттыру – басты мақсат

Written by Aray2005

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп, бұл бағытта маңызды мәселелер дер кезінде шешімін табуда. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 27 желтоқсандағы № 988 қаулысымен «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» да бекітіліп, Жамбыл облысында да тиісті жұмыстар атқарылуда.
Бұл тұрғыда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі білім ошақтарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, оқушы орнының тапшылығы мен оқу ғимараттарының заманауи үлгіде болуына, оқу ғимараттарының жабдықталуына, білім сапасын арттыру мен құқықбұзушылықтың алдын алуға баса назар аударып, нақты тапсырмалар беруде. Тапсырма талабы-нәтиже. Осы орайда Т.Рысқұлов ауданының аумағында атқарылып жатқан жұмыстарды білу мақсатында аудан әкімі Ерболат Садырқұловпен сұхбаттасқан едік.

– Ерболат Салқынбекұлы, білім беру жүйесі – ерекше көңіл бөлуді және мемлекеттің қолдауын қажет ететін ең үлкен сала. Бүгін өзіңізбен осы салада атқарылуға тиіс жұмыстар туралы пікірлессек?
– Жас ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім беру мәселесін шешу 3 негізгі факторға келіп тіреледі. Бірі – қаржыландыру, екіншісі – білім мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, үшіншісі – оқу-тәрбие үрдісін нәтижелі ұйымдастыра білетін сапалы кадрмен қамту мәселесі. Ауданның білім саласын дамытуға арналған қаржы көзі жылдан-жылға артып келе жатқаны белгілі. Биылдың өзінде бюджеттен бұл мақсатқа 12 088,0 миллион теңге қаржы бөлінді. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда, әжептәуір қомақты қаржы. Аудан бюджетінің көп бөлігін қамтитын бұл салада өзекті проблемалар да аз емес. Сондықтан қаржының басым бөлігі биыл аудан мектептеріндегі қордаланған проблемалардың оң шешімін табуына бағытталып отыр.
Жалпы аудан бойынша 39 күндізгі жалпы білім беретін мектептерде (8 бастауыш, 28 орта, 3 негізгі мектеп) 14615 оқушы білім алуда. Биыл әкімдік тарапынан жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісіне ауданда барлық жағдайды қарастырып, білім нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөлінуде.
– Кеше ғана сіздің жұмыс кестеңізге сай ауданның бірқатар білім мекемелерінде ғимараттарға жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен таныстық. Бұл туралы өз көзқарасыңызды білсек, не айтар едіңіз?
– Елімізде қазіргі уақытта білім саласын дамыту бірінші кезекке қойылды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та білім саласына жаңаша бағыт беріп, оқыту мазмұнын өзгертетін уақыт келгендігін әрдайым айтып жүр. Сол талап үдесінен шығуға аудандағы әр білім ошақтарының дайын болуы материалдық-техникалық жабдықталуына тікелей байланысты.
Биыл аудан аумағында 8 мектепте күрделі жөндеу және 36 жобамен ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде. Бұл – білім саласында мектеп ғимараттарының талап деңгейіне сай келуіне жасалған үлкен қамқорлық деуге болады. Мысалы, көптен жұртшылық көкейінде жүрген, даулы мәселеге айналған Қазақ ауылындағы Мұхтар Әуезов атындағы тірек мектебіне мәжіліс залы мен екі пән кабинеті құрылысын жүргізуге 99,5 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Бұл мектептің базасын жаңарту – кезек күттірмейтін мәселе. Себебі бұл білім ордасының облыстағы республикалық эксперимент алаңы ретінде жұмыс атқаратын 4 тірек мектебінің бірі екендігін айтсақ та жеткілікті.
Осындай қосымша ғимарат құрылысын салу жұмысы алдағы жылдары Құлан ауылындағы Ю.Гагарин негізгі мектебінде де шешімін табады. Қазір спорт зал және қосымша пән кабинеттерін салуға жобалық-сметалық құжаттама жасалып, мемлекеттік сараптамаға берілуде. Көптен бері ауыл тұрғындарының өзекті мәселесі болған Малдыбай ауылындағы Малдыбай орта мектебіне қосымша құрылыс салу мәселесі де әкімдіктің басты назарына алынған. Сол сияқты Қарақат ауылындағы №2 орта мектепке де қосымша құрылыс қажет. Екі мектептің де жобалық-сметалық құжаты жасалған, мемлекеттік сараптамаға ұсынылады.
Енді ең маңыздысына тоқталып өтейін. Ағымдағы жылы бюджеттен 1953,5 миллион теңге қарастырылып, 8 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Құмарық ауылындағы Болтай батыр атындағы шағын орталықты орта мектебі 1991 жылдан жөндеу көрмей тұрғаны белгілі. Қазір онда «Қаратау Құрылыс-2030» ЖШС жөндеу жұмыстарын бастады, ауылдың 17 азаматы осында жұмыспен қамтылған. Көгершін ауылындағы Ақтоған шағын орталықты орта мектебінде де «Жаңатас-Құрылыс Сервис» ЖШС күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Аталған екі мектепте де өткен аптада болып, жеке мердігер компания басшыларымен, жоба авторлары және техникалық қадағалаушы тараптармен кездесіп, жөндеу жұмыстары бойынша біраз мәселелер талқыланды. Шешімін табуы тиіс жұмыстар бойынша сала басшылары мен мердігерлерге тапсырмалар жүктелді. Басты мақсат – жұмысты сапалы ұйымдастыру мен қаржыны тиімді пайдалану екендігі түсіндірілді. Кеше ғана Қызыл шаруа ауылындағы №3 шағын орталықты орта мектепте болып, «Санат-Тараз» ЖШС басшыларымен, құрылыс мамандарымен кездестім. Осындай кездесу Р.Сәбденов ауылындағы Ақбұлақ орта мектебінде жұмыс атқарушы «Гарейс – Строй» ЖШС мен Каменка ауылындағы Б.Момышұлы атындағы орта мектептің мердігері «Қаратау Құрылыс-2030» ЖШС басшыларымен, мамандарымен, жоба авторымен жалғасты. Барлық жерде талап біреу ғана – жоба аясында барлық күрделі жөндеу жұмыстарын сапалы атқару және құрылыс материалдарының сапасына ерекше мән беру. Күрделі жөндеу жұмыстарының жобасында кеткен кемшіліктер анықталды, нақты тапсырмалар жүктелді. Бұл туралы ортақ шешімге келіп, аудан әкімдігі тарапынан бақылау күшейетіндігі, қоғамдық бақылау тобы мүшелері тарапынан рейдтер ұйымдастырылатыны және «Т.Рысқұлов-Адалдық алаңы» жобалық офисі мүшелерінің қатысуымен күнделікті жұмыстың жүргізілу сапасы, еңбек заңдылықтарының, еңбек қауіпсіздігінің сақталуы мәселелері бойынша зерделеу жүргізілетіні ескертілді. Тағы бір айта кетер мәселе – қазіргі төтенше жағдай кезінде ауыл тұрғындарына осы нысандардан жұмыс орнының табылуы. Ауыл азаматтары аталған күрделі жөндеу жұмыстарына өз үлестерін қоса алады.
Көп жылдардан бері ұстаздар мен ата-аналар тарапынан көтеріліп келе жатқан Құлан ауылындағы №1 мектеп-лицейі, Шоқан Уәлиханов, Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептерінің ғимараттарына да күрделі жөндеу мәселесі оң шешімін тапты. Таяу арада бұл ғимараттарда да тиісті жұмыстар басталып, жаңа оқу жылында оқушылардың жайлы ортада оқу-тәрбие үрдісін сапалы деңгейде ұйымдастыруына мүмкіндік туатын болады.
– Аймақта көгілдір отын мәселесі де өзекті. Білім мекемелерін газдандыру және жылу жүйелерін талапқа сай қамтамасыз ету бағытында қандай жұмыстар атқарылды?
– Аудан аумағында 65 білім нысаны бар. 2018 жылы облыстық бюджеттен 18,0 миллион теңге бөлініп, Алғабас ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебіне модульдік қазандық сатып алынса, 2019 жылы аудандық бюджеттен 4,0 миллион теңге бөлініп, модульдік қазандық газға қосылып, орнату жұмыстары толық аяқталып жұмыс істеуде. Сонымен қатар былтыр облыстық бюджеттен 43,8 миллион теңге бөлініп, 6 мектептің және 1 балабақшаның, яғни Жамбыл, Р.Смаилов, А.Шынасилов атындағы, Алғабас, Бірлес, №4 орта мектептер және «Алтын сақа» бөбекжай-бақшасы отқазандығын газдандыру бойынша жұмыстар жүргізілді. Бүгінгі таңда барлығының жұмыстары толық аяқталып, газға қосылды.
Қазір де аудан мектептерінің жылу жүйелері, отқазандығының сапалы жұмыс атқаруы да әкімдіктің басты назарында. Биыл 4 бастауыш мектептің отқазандығын ауыстыруға, Каменка ауылындағы Б.Момышұлы атындағы орта мектеп пен Қазақ ауылындағы М.Әуезов атындағы тірек мектеп отқазандықтарына жаңа пеш орнатуға қаржы қарастырылып отыр.
– Мемлекеттік бағдарламадағы негізгі көрсеткіштің бірі – шалғай елді мекендерден жақын ауылдарға балаларды тасымалдап оқыту мәселесі. Бұл – халықпен кездесулерде де жиі қойылатын сауал. Осы бағытта түйткілдер түйіні қалай тарқатылуда?
– Шалғай жатқан елді мекендерден жақын жердегі мектептерге оқушыларды тасымалдау жұмыстары да ауданда ең өзекті мәселенің бірі екені рас. Себебі тасымал ұйымдастырылатын мектептердің автокөліктері жекеменшік иелерінікі болғандықтан, тасымалдауда көп қиындықтар тудырады. Ауылдық округ әкімдіктері мен тасымалдауға жауапты мердігер тараптар арасында автокөліктің техникалық жағдайы, сыйымдылығы, санитарлық жағдайы, қауіпсіздігі бойынша келіспеушіліктер туындап жатады. Қолда бар мүмкіндікті пайдаланудан басқа амал жоқ. Өңірде бұған дейін 3 мектепке ғана бюджеттен автокөлік сатып алу жұмысы жүргізілген. Әкімдіктің зерделеу қорытындысымен алдағы уақытта мектептерге көлік әперу мәселесін кезең-кезеңмен жүзеге асыру жоспарланды. Биыл аудан әкімдігі тарапынан жергілікті бюджет есебінен 2 автобус сатып алуға, оқушыларды тегін тасымалдауға 23 миллион теңге қаржы қарастырылған. Бұл аса мұқтаж ауыл мектептеріне беріледі.
– Құлан ауылының орталығында халық санының артуына байланысты оқушы орны тапшылығы сезілуде. Бұл мәселе таяу арада өз шешімін таба ма?
– Аудан орталығында демографиялық өсім мен халықтың көшіп-қонуына байланысты халық санының арту үрдісі – заңдылық. Осыған қарай әлеуметтік нысандарға да сұраныс болады. Халықтың өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыру – әкімдік қызметінің негізгі басым бағытының бірі.
Біздің ауданымызда бұған дейін тұрғын үй құрылысы жүргізілмеген. Көпшіліктің шешімін табуы тиіс ең күрделі сауалының бірі де – осы. Сондықтан осы бағыттағы жұмыс бақылауда.
Биылғы жылы Құлан ауылының «Арай» алқабына 5 қабатты 80 пәтерлі тұрғын үй құрылысын бастауға бюджеттен қаржы қарастырылып, құрылыс жұмысы келесі жылы жалғасын табады деп күтілуде. «Арай» тұрғын үй алқабында 524 жер телімі бар, тұрғындар тарапынан үй салу мәселесі алдағы жылдары қауырт жүретін болады. Осыны ескеріп, сол аймаққа болашақта жаңа 600 орындық мектеп құрылысын салу тиімділігі туындап отыр. Себебі қазіргі уақытта Құлан ауылындағы оқушылардың орын тапшылығы (704 орын) мәселесі бар екені жасырын емес. Егер осы алқапқа 600 орындық жаңа мектеп құрылысы салынар болса, Құлан ауылындағы оқушылардың орын тапшылығы да өз шешімін табар еді. Басқаша орын тапшылығын шешу мүмкіндігі жоқ. Себебі мектептер жанынан қосымша құрылыс тұрғызу санитарлық талаптарға сай болмайды. Бүгінгі күні мектеп құрылысының жобалық-сметалық құжаттарын даярлау жұмыстары, яғни жер теліміне мемлекеттік актісін алу және тағы да басқа жұмыстар жүргізілуде. Жаңа мектеп құрылысына жобалық-сметалық құжат әзірлеуге тиісті қаражат аудандық бюджеттен қарастырылатын болады.
– Балалардың өмір қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтау да – өзекті мәселенің бірі екенін білесіз. Оларды қосымша біліммен, спортпен қамту да қажет дүние. Бұл бағытта қандай жоспарларыңыз бар?
– Жалпы қауіпсіз орта қалыптастыруда, «Қауіпсіз мектеп», «Қауіпсіз жол» жобаларын жүзеге асыруда балалардың қауіпсіз жолмен мектепке бару-қайту маршруты қарастырылып, осы бағытта да біршама жұмыстар жоспарланып отыр.
Биыл ауданда облыстық мәндегі автожол өтетін Көкдөнен, Құлан, Абай, Каменка, Жаңатұрмыс және Луговой ауылдарында жаяу жүргіншілер жолы салынып, қауіпсіздік шарасын нығайтуға тағы бір қадам жасалатын болды. Бұған дейін аталмыш ауыл балалары автокөлік жүретін жолдар бойын жағалап мектепке баратын, не қайтатынын бәріміз де білеміз. Бұл өз кезегінде балалардың арасында жол-көлік оқиғаларының орын алуына әкелген жағдайлар болғаны да ащы шындық. Осыны ескере келе, ауылдарда, әсіресе автокөлік көп жүретін көшелерге жаяу жүргіншілерге жағдай жасау қолға алынды.
Құлан ауылының орталық Жібек жолы көшесі бойына жол сызықтарын сызуға, 39 мектеп пен 17 балабақша алдына жаяу жүргінші өткелдерін сызуға, жол белгілерін сатып алып орнатуға бюджеттен 29,2 миллион теңге қаржы қарастырылды. Бұл – балалар арасындағы жол-көлік оқиғаларын болдырмау, оның алдын алу бағытында жасалған ауқымды жұмыстың бір көрінісі.Одан бөлек мектептерге бейнебақылау орнатуға 4 миллион 95 мың теңге қаржы қарастырылуда
Балалардың бос уақыттарын тиімді пайдалану және жайлы орта қалыптастыру да назардан тыс қалған жоқ. Ағымдағы жылы ойын алаңдары Луговой, Жаңатұрмыс, Қазақ ауылдарында орнатылып, балалардың алаңсыз болуына жағдай жасалады.
Балалар мен жасөспірімдердің қосымша біліммен, спортпен де қамтылуына тиімді жағдай қарастыру қолға алынуда. Қазіргі уақытта балалар мен жасөспірімдердің спортпен шұғылдануына 1 спорт кешені, 2 спорт мектебі мен 102 спорт нысаны қызмет көрсетеді.
Алдағы уақытта К.Бекебаев атындағы орталық стадионның күрделі жөндеуін жүргізуге жобалық сметалық құжат дайындалуда. Құлан ауылына спорт кешенінің құрылысын салуға және Луговой ауылында дене шынықтыру және демалыс орталығын салуға қажетті құжаттар дайындау мәселелері назарға алынды. Бұның барлығы балалардың бос уақытында белгілі бір ортада болуын қамтамасыз етіп, құқықбұзушылық әрекеттердің алдын алуға сеп болары сөзсіз.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «100 жаңа» электронды QR-кодымен қойылған көркем әдебиеттер тақтасы бар «Мобильді кітапхана» демеушілер есебінен 23 мектепте қойылды. Бұл арқылы мектеп оқушылары мен ұстаздары онлайн форматта кітап оқуға мүмкіндік алды.
Сонымен бірге білім саласында мекеме ауласы мен ғимарат ішін бейнебақылаумен қамту, қауіпсіз тасымалдау, тамақтану нормалары мен мөлшерін қайта қарау, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау бойынша жұмыстар күнделікті назарға алынып, жұмыстар бақылауға қойылған. Ауданда білім саласында қордаланған мәселелер кезең-кезеңімен жоспарға сай өз шешімін тауып келеді. Аудан әкімдігінің білім бөлімі мен білім ордалары осы мақсатта жоспарлы жұмыстар атқаратын болады.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Марат Диханбай

ПІКІР