Сұхбат

«Білімсіз басталған бизнестің болашағы бұлыңғыр»

Written by Aray2005

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев айтқандай, «Патриотизм – кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады». Расында да, Ұлы даланың ұрпағы ұшқан ұясын ұмытуды ұят санайды. Керісінше, қарлығаштың қанатымен су сепкендей, қарашаңыраққа қарайласқысы келеді. Міне, сондай үлкен жүректі азаматтың бірі – «Alga Diamond» компаниясының президенті Жанболат Бекмұсаев. Ол қанша жырақта жүрсе де, туған ауылына қол ұшын созуды естен шығарған емес. Кәсіпкер Сарысу ауданындағы Байқадам Қашқынбаев атындағы орта мектеп жанындағы интернат үйінің балаларын киім-кешекпен, азық-түлікпен және жиһаздармен қамтамасыз ете отырып, көмек көрсетуде. Бұдан бөлек Саудакент ауылында «Стритворкаут» спорттық алаңдарының құрылысына демеушілік жасағаны және бар. Сонымен қатар Жаңатас қаласында Ауған соғысы ардагерлерінің құрметіне естелік тақта орнатқанын ел біледі.
Қолы ашық азаматтың қайырымдылығы ескерусіз қалған жоқ. Ол былтыр «Жомарт жүрек» жобасы аясында «Жыл меценаты» атанып, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің Алғыс хатына ие болды. Сонымен қатар белсенді азаматтық ұстанымы үшін ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаевтың дипломымен марапатталды. Міне, осындай ілкімді істерімен танылып жүрген жерлесімізбен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Жанболат Қаратайұлы, «Жыл меценаты» атануыңызбен шын жүректен құттықтаймыз. Сіздің туған жерді түлету, жас жеткіншектерге қолдау көрсету бағытында атқарып жатқан тірліктеріңізге жұрт куә. Сұхбатымызды өткен шаққа саяхаттан бастасақ. Бүгінде есімі елге танымал Жанболат Бекмұсаев кезінде қандай бала болды?
– Расында да әрбір азамат үшін балалық шақтың жөні бөлек. Бұл тұлға болып қалыптасудың алғашқы кезеңі. «Жас күнінде балалығын тыйдым дегенше, есейгендегі даналығын тыйдым де» деген сөз бар. Сол секілді адам баласының болашақ бағдары балдай тәтті балғын шағынан бастау алуы заңдылық. Мен Сарысу ауданындағы қазіргі Саудакент ауылында 1966 жылы тамылжыған тамыз айында дүниеге келдім. Отбасында сегіз перзенттің бесіншісімін. Негізі бауырлардың бір-бірінен ерекшеленіп тұратыны белгілі ғой. Үлкендердің айтуынша, мен де өзгеше жетіліппін. Жарық дүниеге келгенімде салмағым 5 келі болыпты.
Осындағы Байқадам атындағы орта мектептің табалдырығын аттадым. Білім ұясына әжемнің өзі алып келіп, «Әліппемен» қауыштырғаны әлі есімде. Тағдырдың жазуына шара бар ма, 5-сыныпты бітіретін шақта ол кісіден көз жазып қалдық. Оқуды ары қарай Қамқалы ауылында жалғастырып, мектепті сонда тәмамдадым. Жастайымыздан мал шаруашылығына бейім болып өстік. Өйткені әкеміз Қаратай сыртқы мал жайылымында фельдшер болатын. Ала жаздай отбасымызбен Жезқазған өңірінің Қаражал деген жерінде жүреміз. Қыста Қамқалы жаққа қайта келеміз. Шопандардың тыныс-тіршілігімен етене таныс болып есейдік. Әкеміздің құралайды көзге атқан мергендігімен танылған тұсы да сол уақыт еді. Содан ел ішінде ол кісі «Қара мерген» атанды. Бізді де 12-13 жастан қақпан салуға баулыды. Осындай сүйікті ісін үйрету барысында балаларымен жиі-жиі сырласатын. Өмірден түйген әңгімелерін айтып отыратын. Әлі есімде, сол кездің өзінде қоғамның өзгеретінін, түптің түбінде Кеңес үкіметінің құлдырауға ұшырайтынын алға тартып, елге пайдасы тиетін жұмыстарға талпыну қажеттігін санамызға сіңіретін. «Әсіресе жетім-жесірге қол ұшын созсаң, жақсылық жасасаң, Құдайдан қайтады» деп айтудан жалықпаушы еді. Мұны тек сөз жүзінде ғана емес, ісімен де дәлелдей білетін. Қорасындағы артық лағы мен қозысы болса, соны тұрмысы төмен отбасыларға беруге асығатын. Осындай тәрбиені көріп өскен біздер жаман бола қойған жоқпыз деп ойлаймын.
– «Әке көрген оқ жонар» дегендей жастайыңыздан мал шаруашылығына бейім болыпсыз. Мектептен кейін қандай мамандықты таңдадыңыз?
– Орта мектепті тәмамдаған соң Мәскеу қаласына әскерге аттандым. Отан алдындағы екі жылдық борышымды өтегеннен кейін туған жерге қайта оралдым. Ауылда жүріп, қиялға берілемін. Елдің ішінен шығып, Алматы жаққа барсам деймін. Ол қалада үлкен ағам тұрады. Соны жағалап, өмір сүретін бір әдемі жол бастағым келді. Қатты ойға берілгендігім соншалық, әр нәрсе түсіме кіретін болды. Түсімде жиі-жиі тауға шығатын болдым. Содан бір күні автобуста келе жатып жанымда отырған қарияға осы жайтты айтып бергенім бар. Ақсақал түсімді жақсылыққа жорып, «тасың өрлейді» деген еді. Сол сөздің өзі кәдімгідей стимул сыйлады. 1989 жылы Алматы зооветеринарлық институтының «зоотехник» мамандығы бойынша сырттай білім алдым.
– Сіздің жастық шағыңыз еліміз егемендік алған тоқсаныншы жылдармен тұспа-тұс келген екен. Нарықтық қатынасқа бет бұрып жатқан кезең ғой бұл. Білуімізше, бизнесті де осы уақытта бастадыңыз. Кәсіпкерлікке қалай келдіңіз? Сол туралы тарқатып айтып беріңізші.
– Жалпы, кәсіпкерлікті тоқсаныншы жылдардың ішінде көшеде шылым сатудан бастадым. Ол кезде мұндай істі ешкім жасай қоймайтын. Айта кететінім, мені «бизнеске» қызықтырған бір ғана нәрсе. Алматыға алғаш барған кезде жеңгем мені көк базарға жіберіп, көк-сөк әкелуімді тапсырған еді. Базарға келгенімде кілең тау халқын, яғни шешен, ингуш, түрік пен кәрістерді көзім шалды. Арасында қазақ пен орыс мүлде жоқ екен. Осы жағдайдан кейін ойлана келе солардан кем емес екенімді біліп, көшеде шылым сатуды бастадым. Осылайша сол этностардың өкілдері секілді «Волга» машинасын мінуді армандадым. Бірақ көз үйренбегендіктен бе, көшедегі кәсібімді көрген сәтте көпшіліктің күле қарағаны бар. Тіпті, анамның өзі күмәнданған болатын. Дегенмен осынау істі бастаған алғашқы бір жарым жылдың ішінде мен «Жигули» машинасын тізгіндедім. Ол машина сол кезеңде екінің бірінде бола бермейтін. Алматыдан екі бөлмелі пәтер сатып алдым. Осыдан кейін барып ағайындарым мені мойындап, қолдай бастады. Ісім алға басып, саудам да ірілене түсті. Үйленуді жоспарлағанда болашақ жарымның есепке жақын болғанын қаладым. Ниетіме қарай банкте жұмыс жасайтын Көкшетаудың Марал есімді аруын шаңырағыма түсіріп, бүгінде бақытты ғұмыр кешіп жатырмыз.
Жұмысым алға жүре бастаған сонау 1993 жылдары-ақ мен әкемнің үйреткен тәлімі, өнегелі өсиеті бойынша ауылдағы жетім-жесірлерге азық-түліктерін алып беріп, қол ұшымды соза бастадым. 2000 жылдары өмірімде біршама өзгерістер орын алып, Тараз қаласының іргесіндегі Жаңа Жамбыл фосфор зауытында жауапты қызмет атқардым. Өндіріс ошағында еңбек етіп жүргенімде бір семинарға қатысқаным бар. Сол шарадан жалпы қоғамға жаңа бизнестің келгенін түсініп шықтым. Содан кейін жұбайыммен ақылдасып, 2000 жылы «Amway» компаниясын таңдадық. Бұл компания көпшілік арасында желілік бизнес аталғанымен, негізі тікелей сауда. Сауда индустриясынан шыққан әлемдегі алдыңғы қатарлы компания. Себебі мұнда тұрмысқа қажетті дүниелер ғана сатылады. Үйге қажетті заттарын сатып жүріп, алғашқы бизнес жолымды Еуропадан бастадым. Венгрия елінде жүріп осынау бизнестің «бриллиант» деңгейін орындасам, Ресейде «екі еселік бриллиант» мәртебесіне жеттім. Ал «үш еселік бриллиант» деңгейіне өзіміздің елде қол жеткіздім. Бүгінде «тәж» деңгейіне жетіп, кәсіпкерлігімізді дамытып отырмыз. 2002-2003 жылдары АҚШ-қа барып, бизнес-мектептерінен тәлім алдым. Сонда үлкен Джордж Буштың кеңесшісі болған Давинид деген кісімен таныстым. Сол арқылы Ақ үйде өткен дүниежүзі кәсіпкерлерінің жиынына қатысып, қызыл кілемнен жүріп өту бақыты бұйырды. Осылайша бизнестің қыр-сырын үйреніп, шешендік қабілетімді де арттырдым. Елге келіп түрлі семинарлар ұйымдастырып, білгеніммен бөлісе бастадым. Онымен тоқтап қалмай, кәсіпкерлік саласы бойынша жазылған әлемдік деңгейдегі кітаптарды оқып, ізденуімді жалғастыра бердім. Осы бизнестің жоғары деңгейіне жеткеннен кейін алғашқы көмегімді Көкшетау қаласындағы жетімдер үйіне көрсеттім. Бұдан өзге Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы жетімдер үйіне де қол ұшымды соза бастадым. Онда нашақорлар мен сотты болғандардың балалары жатады екен. Әке-шешелері шалыс басып, опық жегенімен балалардың ешқандай кінәсі жоқ екендігі белгілі. Сондағы 120 балаға 4-5 жыл қатарынан қарайласып келдім. Дәл осылай Қостанай қаласындағы жетімдер үйінің тәрбиеленушілерін де шама-шарқым келгенше киім-кешекпен қамтамасыз етіп отырдым. Соңғы 2-3 жылдың көлемінде туған жерге келіп, Саудакент ауылындағы мектеп-интернаттағы 80 балаға қамқорлық танытудамын. Олардың қыстық және күздік киімдеріне 10 миллион теңгеге дейін қаражат жұмсап келемін. Мұндағы мақсат – осы балалардың еш қиындықсыз өскендігі. Себебі еліміздің ертеңгі иесі – осылар. Оларға тек материалдық көмек беріп қана қоймай, білгенімізді үйретіп, тәрбиелеуге де атсалысудамыз.
– Айтыс өнеріне де демеушілік жаса­ғаныңызды жұрт біледі. Ұсыныс кімнен түсті? Әлде, өзіңіз де жыр сайысына жақын жансыз ба?
– Әрине, айтыс дегенде тартынып қалған жерім жоқ. Бұл өнерге ең алғаш рет 18-20 жыл бұрын демеуші болып едім. Бірде Жамбылдың жүйрік ақыны Әзімбек Жанқұлиевпен, жыршы-термеші Аяз Бетпаевпен танысудың сәті түсті. Сонда Әзімбек: «Сен Байқадамның тумасысың ғой. Сарысудан небір сайыпқыран саңлақтар шыққан. Сен де біздің айтысты қолдасаңшы» деген болатын. Ол бизнесті енді бастап жүрген уақыт. Дегенмен ақынның осы сөзі ой салып, кезекті бір айтысқа екі домбыра алып барған едім. Сол домбыраларды үздік шыққан қос ақынға ұстатқанда, елдің қошеметін сезінген болатынмын. Одан кейін де Әзімбек Жанқұлиев, Шорабек Айдаровтар қатысқан сөз жарыстарына демеушілік жасап жүрдім. Жасыратыны жоқ, автокөлік бере қойған жоқпын. Кейбір айтыстарды інім, айтыскер ақын Алик Бекмұсаев екеуіміз ұйымдастырып та жүрдік.
– Көркем әдебиетке көзқарасыңыз қандай? Қолыңыз қалт еткенде кімдердің шығармаларын оқисыз?
– Айтыстың айналасында жүргендігімнің өзі қазақ өнеріне, рухани дүниеге жақындығымды білдірсе керек. Себебі мектеп табалдырығында жүріп-ақ әдеби кітаптарға құмарттық. Мен орыстың немесе ағылшынның әдебиетін оқыған емеспін. Бірақ кәсіпкерлікке бағыттап, ісіңді алға бастыратын шетелдің кітаптарын оқимын. Түсінгенім, елді әлемге танытатын бизнес емес, халықтың әдебиеті мен мәдениеті екен. Сондықтан әдебиетке құмармын.
–Бизнесте біршама биіктерді бағындырғаныңыз белгілі. Бүгінге дейін қанша елге табан тіредіңіз?
– Жасыратыны жоқ, кәсіпкерлік жолында әлемнің 100-ден аса мемлекетіне жолым түсті. Әр мемлекеттің өзіне тән ерекшелігі болады. Мысалы, Оңтүстік Америкадағы Бразилия елінен бір ғана нәрсені үйрене алдым. Ол – ондағы халықтың спортқа соншалықты жақындығы. Тағы бір айта кететіні, ұл-қызына қарамай доп тебуге құмар. Ал Аргентина мен Испания екі құрлықта орналасқанына қарамастан халқының тұрмыс-тіршілігі бір-бірлеріне өте ұқсас келеді екен. Дегенмен аргентиналықтар өте ұлтшыл. Сол секілді Уругвай, Парагвай, Африка мемлекеттерінен Египет пен Алжир, Тунис елдерінің өзгешеліктері жетерлік. Азия құрлығындағы барлық мемлекетте болдым. Мен шетелге қыдыру немесе демалу мақсатымен емес, солардан бір нәрсе болсын үйреніп қайту үшін барамын. Осылай жүргеніме қарап, кейбіреулер «Шетелге көшпейсіз бе?» деген сұрақтарын қойып жатады. Бірақ Қазақстанды тастап ешқайда бармайтыным белгілі. Мен Ұлы дала елінде туып-өсіп, бақытты ғұмыр кешіп жатқаныма мақтанамын! Себебі салыстырмалы түрде қарасаң, біздің ел өмір сүруге қолайлы мемлекет. Яғни, азық-түлік бағасы өте арзан. Мәселен, шетелдегі азаматтар күнделікті тамағы мен киіміне ғана жұмыс жасайды. Ал бізде шүкіршілік ететін жайттар жетерлік. Біз азық-түлік пен киім-кешектен бөлек, той-томалақтан қалмауға тырысамыз. Әлбетте, той жасап жатқан да, тойға барып жатқан адам да бай. Мұның барлығы Елбасының сындарлы саясатының арқасы. Бүгінде қай елге барсақ та мақтанатын жағымыз өте-мөте көп. Біздің мәдениетіміз де көп елден көш ілгері. Мәселен, айтыс өнерінің өзі не тұрады?! Ешбір елде мұндай өнер жоқтың қасы. Поэзияға келсек, біздің халық секілді ешбір елдің ақындары тереңінен бойлап өлең өре алмайды. Бұл біздің халқымыздың артықшылықтары. Сондықтан осындай қасиеттерімізбен мақтануымыз қажет.
– Ел көрген, жер көрген жақсы. Ал алтын бесік – ауылға келе жатқанда қандай сезімде боласыз?
– «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» дейді халық даналығы. Кіндік қаның тамып, балалық шағың өткен, тәлім-тәрбиесімен талпындырған, үлкен өмірге жол сілтеген ауыл қашанда қымбат. Қашанда ыстық. Туған жердің киесі мен қасиеті туралы Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мазмұнды мақаласында да кеңінен тарқатып, керемет ой салды.
Шетелде 10-15 күн болып, елге қайтып келе жатқанда бойымды сағынышпен қатар, мақтаныш сезімі де кернейді. Қаймағы бұзылмаған қазақылығымыздың өзі үлкен қазына. Ұшы-қиыры жоқ ұлан-ғайыр атырап, бабадан қалған байтақ мекен – ең басты байлығымыз. Сол байлыққа қайтып келе жатқаныма қуанамын. Сыртта сылдыр судың өзін әжептәуір ақшаға сатып аласың. Ал біздің елде су дегеніміз тиын. Сонда осындай бай елде тұратыныма шүкір деймін. Әлбетте, оның барлығы Елбасының көрегендігі мен сындарлы саясатының арқасы. Мен 2006 жылы қажылық парызымды өтеп келдім. Сонда жүріп араб жігіттерінің ішінен университетте оқитын азаматты аттай қалап, өзіме ұстаз еттім. Қажылық барысында қасымда жүріп, білгенін үйретуге тырысты. Ол бір сөзінде Қазақстанның ислам дінін ұстанатын елдердің ішінде өте тәртіпті ел екендігін жеткізді. Сол секілді өзіміздей азаматтар әлемге еліміздің қандай екендігін дәлелдеуіміз керек.
– Уақыт та қымбат құндылықтың бірі екендігі даусыз. Сіз уақытты қалай тиімді пайдаланасыз?
– Қазір жұмысымыз өте қауырт. Сондықтан бізде кеңсе менеджерлері еңбек етеді. Сол менеджерлер менің жұмыс кестемді жүйелеп отырады. Бизнесті алғаш бастағанда барлығына өзім жауапты едім. Жұмыс ауқымы кеңейген сайын саланың мамандары қажет екен. Тіпті, кеңсе менеджерлері кейде киім үлгіме дейін айтып, өз кеңестерін беруден жалықпайды. Сол секілді қай жаққа барып, онда қанша уақыт болатыныма дейін алдын ала келісіліп отырады. Дейтұрғанмен соңғы 4-5 жылдың көлемінде бос уақытым көбейіп келеді. Осындай уақыттарды қалт жібермей спортпен шұғылданамын. Оның ішінде бала кезден айналысқан боксқа көңіл бөлемін. Егіз ұлдарым Мұхаммед-Әли мен Мұхаммед-Абдулла да осы бокспен айналысады. Солардың жаттығуларына көз қырымды салып отырамын.
– Мемлекеттік қызметке жақсы ұсыныс түсіп жатса барар ма едіңіз?
– Мұндай ұсыныстар осы уақытқа дейін бірнеше рет түскен болатын. Бірақ менің салам, ол – бизнес. Ал бизнесте жүргеннен кейін саясатқа араласқым келмейді. Сондықтан осы бағытта жүре бергенім дұрыс шығар?!
– Сізді азамат ретінде қоғамдағы қандай мәселелер толғандырады?
– Еліміздің еңсе тіктеп, дамудың даңғыл жолындағы аяқ алысына қанағаттанамын. Олай дейтінім, халық қалаулылары, министрлер, облыс әкімдері болсын барлығы да өте білімді азаматтар. Олардың басым көпшілігі шетелде білім алып келген, тәжірибесі толыққан мамандар. Тағы бір айта кететінім, жауапты қызметтегі азаматтардың қай-қайсысы да елімізге инвестиция тартуды меңгеріп келе жатыр. Ал бұл дегеніміз – елдің байлығы, халықтың игілігі. Өзге елден тиімді нәрсе алып келу үшін де үлкен ақыл мен білім қажет. Дегенмен елдің ішінде тұрмыс деңгейі төмен отбасылар жетерлік. Ол кез келген елде бар көрініс. Осы орайда әлеуметтің әлеуеті артып, бақуатты отбасылар қатары көбейе берсе екен деп тілеймін.
– Достарыңыз көп пе? Жалпы, кәсіп­керде дос болуы мүмкін бе?
– Мен басқаратын компания бүгінде үлкен жұмыстарды атқаруда. 180 мың адам бар біздің жүйемен тірлігін тіктеуде. Демек, достықтың қадірін білгеннен кейін осыншама адам соңымнан ілеседі. Мектеп қабырғасынан бері келе жатқан сыныптастарым бар. Олар шетел көрмек түгілі ұшаққа да мінбеген. Сонда да оларды ұмыт қалдырмай, араласып тұрамын. Той-томалақтарынан да қалмаймын. Себебі мен ауылдан, солардың арасынан шыққанымды ешқашан ұмытпаймын. Ал бизнесмен болу менің маңдайыма мәңгілік жазылмаған, ол – менің бүгінгі тағдырым. Түптің түбінде ауылдан қара домалақ бала болып шыққаннан кейін қартайғанымда сол ауылға қайта келетінімді де білемін.
– Ал кәсіптерін енді бастайын деп жүрген жастарға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?
– Оларға айтатыным – шетелдік маман­дар­дың айтқандарына қатты құлақ түре беру­ге болмайды. Себебі қай ел болмасын өз өнімін сатуға барын салады. Өзіміздің елдің азаматтары шетелдің білгірлерінен еш кем түспейді. Жалпы, бизнестің дұрыс жолы – ешқашан банкротқа кетпей, барлығын ақылмен есептеу. Ал оған білім керек. Университет қабырғасында алған білімнің оған жететіндігіне күмәнім бар-ау. Есесіне жеке-дара ізденсе, сауатты бизнесмен боларына сенім мол. Ізденіссіз, білімсіз басталған бизнестің орта жолда қалатындығы белгілі. Бизнесте қалжың сөзді айтудың өзіне де білім керек. Өйткені ол сөз ертең айналып өзіңе келуі әбден мүмкін.
– Өмірлік ұстанымыңыз қандай?
– Бабадан қалған сөз бен әкемнен қалған тәрбиені күнделікті өмірде қолдана білу. Мысалы, шама келсе қазаққа жәрдем беру, халқымыздың атын шығару жолында еңбек ету. Сондай-ақ еліміздің ертеңі үшін тынбастан жұмыс жасауды жөн көремін.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ

ПІКІР