Биофармацевтикалық зауыттың құрылысына қосымша қаражат бөлінеді

0 1

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен онлайн форматта өткен облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында өңірдің 2021-2023 жылдарға арналған бюджеті нақтыланды. Жиында облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың баяндамасы тыңдалды.

– Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының аумағында GMP талаптары мен стандарттарына сәйкес келетін иммунобиологиялық препараттарды шығару жөніндегі биофармацевтикалық зауыттың құрылысын аяқтау үшін 8 574,771 миллион теңге қарастыру ұсынылып отыр. 2020 жылы Қордай ауданы аумағында басталған бұл нысан Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүргізілуде. Былтыр аталған құрылысқа Үкімет қаулысымен 5,4 миллиард теңге бөлінген болатын. Бүгінге құрылыс-монтаж, әрлеу жұмыстары, қосымша инженерлік-инфрақұрылымдық қызмет көрсету нысандары толығымен аяқталды. Технологиялық құрал-жабдықтарды орнату жұмыстары жалғасу үстінде, – деген Гүлдана Әлімжанқызы отандық «QazCovid-in» вакцинасын шығарудың көлемін арттыру мақсатында қосымша «Вакцинаны хроматографиялық тазарту» желісімен және жетіспейтін қондырғылармен жабдықтау қажеттігі туындап отырғанын да алға тартты. Бұл бағыттағы жұмыстар салада тәжірибесі мол түркиялық және украиналық компаниялардың қызметкерлерімен бірлесе отырып пысықталған. Сонымен қатар Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтымен, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктерімен келісілген екен.
– 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау барысына зауыт құрылысын жалғастыруға нысаналы даму трансферттері» бюджеттік бағдарламасы бойынша алдын ала 1 597 миллион теңге қарастырылып отыр. Аталған жобаға түзетулер енгізіліп, қажетті технологиялық құрал-жабдықтардың тізімі толық қарастырылды. Жобаға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды, –
деді Гүлдана Жауынбекова.
Басқосу соңында депутаттар бюджет қаражатына енгізілетін өзгертуге келісімдерін беріп, оң шешім қабылдады.

Айжан Өзбекова

Leave A Reply

Your email address will not be published.