Бір үйде жиюлы екен қазына мол…

0 35

Арғы шеті Талас ауданына, бергі жағы Әулиеата маңындағы Ақбұлым, Жасөркен, Қызылдихан ауылдарына аты мәлім Әбдірәсіл молда өткен ғасырда өмір сүрген кісі. Алдымен ауыл молдасы Досымнан дәріс алған бозбала 1920 жылдардың басында Түркістанға тиіп тұрған Қарнақ медресесінде оқиды. Оны бітірген шәкірт біраз уақыт ауылда балаларға сабақ береді. Алайда тамырын тереңге жая бастаған Кеңес үкіметі түрлі дін өкілдеріне қарсы күресті күннен-күнге күшейте түсті. Ауылдың шолақ белсенділерін қожа-молдаларға айдап салды. Аллаға сыйынып, мінажат еткендерді қудалап, ақырында мешіттерді мүлде жауып тынды. Оларды көп ретте қойма ретінде пайдаланды.

Әбдірәсіл молда басынан қаншама қиыншылық өтсе де дін жолынан бір сәт тайқыған емес. Елден уезд орталығы Әулиеатаға қоныс аударды. Бес уақыт намазын оқып, жасырын түрде діни рәсімдердің басы-қасында жүрді. Шағын топ арасында Құран оқу, неке қию, баланы сүндетке отырғызу сияқты діни жоралғылар өткізді.
Осылайша дін жолында жүргенде үкіметтің қырына ілігіп, сотталады. Жастайынан зерек Әбдірәсіл түрмеде отырғанда қасындағы орыстың діндарымен (священник) сол тілде діни пікірталасқа түседі. Мұсылман діні мен православ ұстанымы арасындағы қайшылықтарға тоқталып, пікір таласқа барады. Құран аяттарын бірінен соң бірін жатқа айтып, Мұхаммед пайғамбар мен Иса (Исус) пайғамбар тұжырымдарындағы ортақ ұстанымдар мен қарама-қайшы тұстарын бұлтартпас айғақтармен дәлелдеп, қарсыласын тұқыртқан деседі.
Отызыншы жылдардың ортасында елге оралған Әбдірәсіл молда діни жөн-жоралғы жасауын тоқтатпады. Білімін жетілдіріп, ұштай түсу үшін талай кітап жинайды. Оның біразы абақтыда отырғанда жоғалып кетті. Кейін де қолына іліккен қасиетті кітаптарды қарапайым адамдардан алып жүрді.
Ол кісіден өрбіген бес-алты баланың ең үлкені – Әбдірахман. Ол Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген соң бірден аудандық газетте бөлім меңгерушісі болып еңбек етті. Күләш Ахметова екеуміз әдеби қызметкерміз. Үшеуміздің арамыздағы жас алшақтығы бір-екі жыл. Бір-бірімізбен жақсы сыйласып, достық қарым-қатынас орнықты.
Әбдірахман Ильич атындағы савхоздың тумасы. «Әкесі ауылдың молдасы» дегенді сырттай еститінбіз. Ол кісі анда-санда облыс орталығына кетіп бара жатқанда жолай баласына асығыс соға кетеді. Автобус небәрі он-он бес минут аялдайды. Жасы келсе де келбет-көркі ажарлы кісі еді.
2013 жылы Әбдірахманның дүниеден озғанына бес жыл толғанда облыстық «Aq jol» газетінде менің асыл досты еске алуға арнаған топтама өлеңдерім жарық көрді. Соның бірі «Әке – балаға сыншы» деп аталады. Сол өлеңде Әбдірәсіл атамыздың сонау алпысыншы жылдардың аяғына қарай өзім көрген портретін беруге тырыстым. Енді жырдан үзінді келтіре кетейін.
Редакцияға кей-кейде бас сұғатын,
Байлағандай кермеге астағы атын.
Қаба сақал, ақсары кісі еді,
Келе сала кетуге асығатын.

Баста – сәлде, қолында – асатаяқ,
Етжеңділеу, тездете басады аяқ.
Өткір көзді, түспеген бетіне әжім,
Жетпістерге қалғандай жасы таяп.

Үсті-басқа ілмеген киім тозық,
Қараушы едік сыртынан мойын созып.
Қызыр-ата көргендей алдық әсер,
Жұрт айтатын: «Ескіше ілімі озық»…
Атамыздың Түркістан маңындағы Қарнақ медресесін бітіргенін, ғұлама молда болғанын кейін біліп, қадірін енді түсініп жүрміз.
Әбдірәсіл молданың балаларының ішінде әке жолын ұстаған ұлы – Әбдіқали. Кішкене күнінен оған өз білгендерін түгелге жақын үйретіп, діни сауатын дамытты. Қаршадайынан қасына алып жүріп, жиындарда мақамдап Құран оқытты. Әбдіқали жоғары оқу орнын бітіргенімен, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін біржолата дінді уағыздау жолына көшті. Көп жылдан бері Қызыләуіт ауылындағы «Жаңабай ишан» мешітінің имамы.
Әбдірәсіл молдадан қалған көне кітаптардың саны елуден асады. Бәрі араб әріптерімен жазылған. Көбі араб тілінде, біразы парсыша. Олардың арасында Қасиетті Құранның неше түрлі нұсқасы бар. Көзі тірісінде Құранның қысқаша жазылған, төсқалтаға салып жүретін бір данасын үлкен ұлы Әбдірахманға өз қолымен тапсырған екен. Әке аманаты әлі күнге дейін тұңғышының (көзі кетсе де) үйінде қастерлі қазынадай сақтаулы тұр. Ол кісінің көзінің қарашығындай жинап, сақтаған кітаптарының бәрі бүгінде Қаратаудың бір пұшпағындағы Қызыләуіт ауылында қарашаңырақта отырған, әкесінің жолын жалғастырып жүрген Әбдіқали молданың қолында.
Сол кітаптардың арасында осыдан жүз жылдан аса, яғни 1911 жылы Қазан қаласындағы императорлық университет баспаханасынан шыққан «Мұхтасар – намаз, ораза, зекет, қажылық, неке қию. Заңдық, хұқықтық мәселелер» атты кітап бар. Сол сияқты 1917 жылы Қазан қаласындағы «Үрнәк» баспасынан шыққан «Тафсир-түсіндірме» кезігеді. Онда құранның «Кәһф» сүресінен аяғына дейін түсіндірме жасалған. Бұдан кейін Ташкент қаласынан парсы тілінде шыққан «Китаб Мұтаһин (мәселе)» аталатын шығарма бар. Тағы бір парсы тіліндегі кітаптың аты – «Сәләтүн мәсхұд».
Әбдірәсіл атамыздың ұрпақтары көнеден қалған көзді қазынадай сақтап келеді.

Қамбар-Бек ҚОЙШЫБАЙҰЛЫ,
журналист

Leave A Reply

Your email address will not be published.