«Бір ауылдың түлеп ұшқан жастары едік»…

0 44

Осыдан екі жыл бұрын дүниеден өткен қазақтың нарқасқа талантты жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шерхан Мұртаза ағамыздың: «Парижде болдым – Париж түсіме кірмеді. Мысырда болдым – Мысыр түсіме кірмеді. Қытай, Моңғолстан, Үндістан, Пәкістан, Иранда болдым. Мұхиттың арғы бетіндегі Техаста, Нью-Йоркте болдым. Олар да түсіме кірмеді. Баяғыда Мәскеуде 5 жыл оқыдым– оны да түсімде көрмедім. Түсімде ылғи балалық шағымды көремін. Түсімде ылғи туған үйімді көремін. Сондай-ақ түсіме Ақсай мен Көксай, оның сұлу табиғаты, өзіндік орны бар шатқалдары кіреді», деп тебірене қалам тартуында үлкен мән жатыр. Иә, туған жердің топырағы оттай ыстық, тікенегінің өзі гүлдей болып көрінеді. Құдайдың берген үлкен бағы болар, мен де қызмет бабымен алысы бар, жақыны бар 40-тан астам әртүрлі мемлекеттерде болған екенмін.

Әсем қала, жер жаннаты – Алматы шаһарында тұрып жатқаныма 30 жылдан асып барады. Шераға айтпақшы, табаным тиген шетелдің небір таңғажайып сұлу қалалары менің де түсіме кірмейді. Талай адамдардың арманы болған әсем қала Алматы да түсіме бірде-бір мәрте кірген емес. Түсімде Жуалыны, 50 шақты түтіні бар туған ауылым Красный пахарьді, қазір Күреңбел аталатын ауылымның маңайындағы Шақпақ өзенін, аузын ашса көмекейі көрінетін адал да аңғал, ақкөңіл ауыл адамдарын, ылғи ауыл стадионында доп тебетін ағаларымды, құрдастарымды көремін.
Кеңес дәуірі кезінде Карл Маркс деп аталатын совхоздың бір бөлімшесі болып саналатын біздің кішкентай ауылымызда бірде-бір орыс ағайындар тұрмаса да, елді мекеннің аты жоғарыда айтып өткендей орысша болатын.
Біздің ауыл болатұғын шағындау,
Сезілмейтін ешқашанда шағымдау.
Сонда өткен балалықты бақытты,
Мүмкін емес бұл күндерді сағынбау.

Орналасқан бір қуысқа оңаша,
Елу шақты үй болатын аласа.
Кино, концерт өте сирек келсе де,
Біздің ауыл тамаша еді-ау, тамаша, – деп менің туған ағам, талантты ақын, марқұм Бектұрсын Тұрлыбек жырлағандай, ауылымыз біздер үшін нағыз жерұйық еді.
Ұлы Отан соғысынан кейінгі 1946-1950 жылдары аналарымыз шетінен қошқардай-қошқардай ұл тауып, ұзынды-қысқалы бала саны 20-дан асатын. Әрине, бала болған соң болмайтын нәрсеге шекісіп қалатын кездеріміз де болды. Бірақ өте тату едік. Осының бәріне аналарымыздың, аталарымыздың тәлім-тәрбиесі үлкен ықпал етті. Ораза кезінде, айт күндері, той-томалақтарда бүкіл ауыл тұрғындары бір атаның баласындай бас қосатын. Сондай қуанышты сәттерде ауылдың бүкіл баласы ақсақалдардың қолына су құйып, батасын алуға асығатын. «Өркенің өссін, бақытты бол, шыққан тауың биік болсын, елдің азаматы болып өс!» деп ауыл қариялары ақ күміс сақалдарын желбіретіп, алақандарын жайып, бата беруші еді. Жаны жаннатта жатқыр Медет, Тұрлыбек, Төлбай, Дулатбай, Жұматай, Мамыт, Жұмаділ, Құрманәлі, Орынбай аталарымыз бүгінде бұл фәниде жоқ. Бірақ осы бір жаны асыл абыз жандардың айтқан ақыл-кеңесі, өсиетті сөздері, ақ батасы жадымызда мәңгі қалды. Марқұм аталарымыз «Жақсыдан үйреніңдер, жаманнан жиреніңдер, адалдықтың жолынан таймаңдар, кісі ақысын жемеңдер, дос болыңдар, ешқашан кек сақтамаңдар, бір-біріңе мейірімді болыңдар, өз табысыңа, жетістігіңе емес, досыңның қол жеткен қуанышына қуана біл. Темекі, арақ-шараптан аулақ жүріңдер!» деп үнемі ақыл айтып отыратын. Осы қанатты сөздер періштенің құлағына шалынып, біздер өте бауырмал болып өстік. Бір-бірімізге қамқор, арқау бола білдік. Жеңістен кейін туған 22 ұл екі командаға бөлініп, футбол ойнайтынбыз. Ауылдың негізгі футбол командасының капитаны – Құрал. Ауылдың шетінде бөлімшенің астық өнімдерін сақтайтын қоймасы болатын. Соның алдындағы бос жатқан жерді бала біткен жабылып жүріп тегістеп, айналасын көріктендіріп, футбол алаңын жасап алдық. Анау-мынау емес, ағаштан жасалған екі қақпасы, 11 метрлік айыпдобын белгілейтін шеңбер сызығы бар – кәдімгі жасыл алаңды, кішігірім стадион. Жаңа ғана айтып өткенімдей, капитанымыз да, жаттықтырушымыз да – Құрал Құрманәлиев. Кеш болса бәріміз түгел жиналып, кәдімгідей жаттығу өткіземіз. Капитанымыз өте қатал, қит еткенді бір шыбықпен айдайтын. Жаттығуға келмесең, Красный пахарь ауылының негізгі командасымен қоштаса бер. Егер де темекі шегетін болсаң, ептеп шарапқа әуестігің байқалса – футбол алаңына мүлдем жолатпайды. Біздің футбол командасын көрші ауылдың балалары «Құрал және оның командасы» деп атайтын. Құрамында Бөден, Бектұрсын, Алдаберген, Құдайберген, Өлмес, Қасым, Мақұлбек, Сүйінбай, Батырбек, Жайсан, Мүсілім, Тілеуқабыл сияқты кілең сайдың тасындай жігіттер көрші ауылдардағы футбол командаларын тас-талқан етіп жеңіп жүрді. Біздің командамыздан совхоздың құрама командасының өзі кәдімгідей сескенуші еді.
Әлі есімде, бірде капитан әрі орталық шабуылшы Құрал бұрыштан әдемі гол салғанда, бәріміз айқайлап мәз болдық. Бала кезімізде біздер үшін Құралдан асқан мықты футболшы жоқтай көрінетін. Бір-бірін алмастырып ойнайтын қос қақпашы Бектұрсын мен Қасымның шебер ойынына бүкіл ауыл таңғалушы еді. Өлмес екеуміз қорғаныс шебінде ойнаймыз. Команда мүшелері бірімізді «Танкі», екіншімізді «Трактор» деп атайтын. Мен команданың қорғаушысы болумен қатар, бүгінгі күннің тілімен айтқанда, «баспасөз қызметінің жетекшісі» болатынмын. Ауылдың футбол командасы және оның жетістіктері туралы «Жаңа өмір» газетіне талай рет мақала жазып, ауылдастарымның атағын бүкіл ауданға шығардым. Жамбылдағы балалар үйінде тәрбиеленетін Асқар Қуандықов ауылға келгенде біздің команданың құрамында бір-екі рет ойнағаны бар. Жерлес туысымыз сол кездің өзінде Жамбыл қаласындағы «Б» класында ойнайтын «Металист» командасының қосалқы тобында доп тебетін. Екі ойында қақыратып тұрып 4 гол соққанда «Футболшы деп Асқарды айт!» деп таңдайымызды қағып едік. Кейінірек Асқар «Металистің» негізгі құрамына алынып, атақты футболшы Сейітжан Байшақовпен бірге өнер көрсетті. Бүгінде Асқар Қуандықов құрметті еңбек демалысында, қатардағы сержанттан полковник дәрежесіне көтерілген полицияның ардақты ардагері.
Жастайымнан футбол десе ішкен асын жерге қоятын нағыз жанкүйердің бірі болдым. Ол кезде бүкіл ауылдың қарасирақ балалары сияқты Алматыға барып, Орталық стадионнан «Қайраттың» ойынын бір көрсем деп армандайтынмын. Сол арманым орындалып, Алматыда оқып жүргенімде «Қайрат» ойнаған матчтарды жібермеуге тырысатынмын. Атақты футболшы Тимур Сегізбаев Ереванның «Араратына» қатарынан екі тамаша гол соққанда 30 000-нан астам жанкүйердің айқайы мен шуы бүкіл Алматыға естіліп тұрды.
1993 жылдары «Қазақтелефильмнің» бас редакторы болып тұрғанымда бір сәті келіп, Испанияға туристік сапарға барып, сол жылдары «Барселонада» ойнайтын әлемдік футбол жұлдызы – Марадона қатысқан матчті, оның қалай гол соққанын көрдім. Небір қызықты футбол кездесулерін көріп отырып, Жамбыл облысының бір түпкіріндегі кішкентай ауылымды, доп тебуден бір жалықпайтын қарасирақ ауылдастарымды сағына есіме алушы едім.
Өтіп бара жатқан заман-ай! Желмен жарысып, бәйгеде шапқан тұлпарды ауыздығынан тартып, тоқтатуға болады. Ал уақытты ешкім тоқтата алмайды. Ол мәңгі жылжи береді. Кеше ғана алаңсыз доп қуып, футбол ойнап жүрген балалар едік. Бүгінде жасым 70-тен асып, 80-нің сеңгіріне жақындап қалдым. Уақыт еншісінде өмір, ғұмыр, тағдыр, қайғы мен қуаныш, қаза мен өлім әрқашанда қатар жүреді. Бәрі де жаратқан иеміздің қолында. Құдайға да жақсы адамдар керек. Қарап отырсам, кішкентай ауылдан түлеп ұшқан сол 22 жігіттің көбісі мына жалған дүниеден озып, бақилық болыпты. Қатарымыз шабылған теректей сиреп, бес-алтауымыз ғана аман-есен жүрміз. Ақын ағам Бектұрсын Тұрлыбекұлы құрдасы Алдан дүниеден озғанда көңілі құлазып:
Көңілім менің қаралы,
Достарым кеміп барады.
Алжыған ба, бұл ажал,
Жастарды неге алады?

Өмір деген жалған ба?
Алданатын арманға.
Алдан деп қойған есімін,
Ажалға түсті Алдан да.

Гүлі еді ортаның,
Бірі еді қолқамның.
Дәнекүл кетті арманда,
Қосыла кетті Шолпаным.

Өзі қайсар, жайсаң да,
Жүретін еді тайсалмай.
Өтті өмірден Ерубай,
Көз жұмды қайран Жайсан да.

Жайқалған жасыл желегі,
Достарым менің көп еді.
Қу ажал неге ерте алдың?
Табылар ма екен себебі?

Өткізбей өмір өткелі,
Елуге көбі жетпеді.
Сұғын қадап сұм ажал,
Сынайын бізді деп пе еді?

Алаңда көңіл, алаңда,
Достарым қалған аман ба?
Бүгін барсың, ертең жоқ,
Уланған мына заманда.

Достарды аңсап жыладым,
Аман бол, Сайлау, Құралым.
Жандарым, жансын шырағың,
Құдайдан соны сұрадым! – деп көкірегі қарс айырыла қайғырып, өлең жазғаны бар. Мына дүниеге ақ көйлекпен келіп, ақ көйлекпен кеткен қайран ақын – Бектұрсын ағам да құрдастары мен достарын қимай, солардың артынан еріп кете барды. Ол да небәрі 55 жаста еді.
Әңгіме көп немесе аз ғұмыр сүруде емес қой. Саналы өмір сүрсең, Абай хакім айтпақшы, өмірге қажетті бір кірпіш болып қалана білсең, дүниеден өз орныңды тапсаң – босқа өмір сүрмегенің. Менің бір қуанатыным, сол 22 жігіттің бәрі де өмірден өз орындарын тапты. Арамыздан инженер, зоотехник, мал дәрігері, энергетик, ақын, жазушы, заң, құқық қызметкерлері, орденді еңбек майталмандары шығып, ел, ауыл мерейін асырды. Біз арманшыл болып өстік. Біріміздің де көкті тіреп тұрған көкеміз не болмаса ағамыз болған жоқ. Байлығымыз да, дәулетіміз де шамалы болатын. Бәрімізді бір Құдай қолдады. Сонан соң талаптана білдік, еңбектендік, арманға қол создық. Осының арқасында бәріміз де өмірдің небір биік белестерінен көрініп, өз орындарымызды таптық, жар сүйдік, ұрпақ өсірдік, тал ектік, үй салдық.
Осыдан 1 ай бұрын өмірден ерте озған досымыз Алдабергеннің жұбайы қайтыс болып, полковник Асқар Қуандықов екеуміз туған ауылымызға бірге бардық. Сол кездесуде көптен бері көрмеген туыстарды кездестіріп, қауыштық.
Осы сапарымда кішкентайымнан бірге өскен құрдасым – Сманды көрдім. Жасы 70-тен асса да, сол баяғы бала мінезі қалмапты, нағыз аңқылдақтың өзі, аузын ашса көмекейі көрінеді. Қатар, құрдас болған соң, әзіл-қалжыңы да жарасымды.
– Әй, Доқтырхан, басқа ауылдың жігіттері алып қашып кетеді деп өзіңе жақын қарындас болып келетін Күләшті Қасымның «Уазигімен» бірге алып қашқанымыз есіңде ме? Қарындасың жақсы адам еді, жансерігім еді…Күләштің қайта оралмайтын сапарға кетіп қалғанын жақсы білесің. Тірі адам тіршілігін жасайды емес пе? Жұбайымның артынан баруға онша асығып жүрген жоқпын. Қолың ұзын ғой, маған бір тоқал алып бер. Құдайға шүкір, бір қызды қартайтуға әлі шамам жетеді,– деп қалжыңдайды досым.
Жаны кіршіксіз, қардай таза құрдасымды небір бәледен сақтап жүрген киелі нәрсе – оның адамгершілігі, адалдығы, мейірімділігі. Сман өзі аш отырса да, бір үзім нанын көршісіне бөліп беретін қайырымды жан. Адамның тағдыры бір Құдайдың қолында. Сман қандай қиындық көрмеді десеңші! 10 жасқа жетер-жетпесте әкесі мен анасынан айырылды. Арқа сүйері, қорғаны мен жанашыры 70-тен асқан Фатима әжесі еді. Екеуіне бес бірдей жетімді бағып-қағу, адам қатарына қосу оңайға түскен жоқ. Құрдасым жастайынан алғыр еді. Сабақты жақсы оқитын. Оның дәрігер немесе инженер болуына мүмкіндігі мол болатын. Кәрі әжесі мен көздері жәудіреген бауырларын тастап кетіп, оқуға бара алмады. Өмір бойы совхозда жүргізуші, гараж меңгерушісі болып абыройлы еңбек етті. Қарындасымыз Күләш бұл шаңыраққа шын мәнінде құт пен береке әкелді, Фатима әжеміз келініне өле-өлгенше риза болып, о дүнеиге алаңсыз аттанды.
Алдаберген туысымыздың жұбайының қырқында көптен көрмеген ауылдас бауырларымды көрдім. Есмұрат, Бекболат, Дәулет, Есімхан, Жанболат, Ермахан, Нұрғабыл есімді інілеріміз біз бастаған ізгілікті істерді жалғастырып келеді. Ел мен жұрттың, ағайынның бірлігі мен татулығын ойлайтын азаматтарға айналыпты, мен соған қуандым.
Осы басқосуда Жуалыда, Жамбыл ауданында, Оңтүстік өңірдегі Сарыағаш, Келес аудандарында тұратын Тоғызбай Қаңлылар туралы тарихи-танымдылық және шежірелік кітап жазу мәселесі жан-жақты талқыланды. Тоғызбай Қаңлыдан бүкіл қазақ білетін жайсаңдар мен жақсылар шыққан. Жоңғар шапқыншылығы кезінде ерлігін Бұқар жырау жырға қосқан Құлан батыр – Тоғызбай Қаңлының ұрпағы. Мұқағали Мақатаевтың досы, талантты ақын Тоқаш Бердияров та осы рудан тарайды. Айта берсек, Тоғызбай Қаңлы руынан өсіп-өнген халқының қалаулысына, елінің елеулісіне айналған тұлғалы азаматтар бір кітапқа арқау болады. Өз руыңды, тегіңді білу – бөліну емес, бірігуге бастайды. Әсіресе бүгінгі жас ұрпақ жеті руды, жеті жарғыны, жеті құбыланы, жеті жақсыны, жеті жаманды, жеті жетімді білуі тиіс.
Мына жалған дүниеде бәрі өткінші, ал тарихи-танымдылық кітап мәңгі жасайды. Бүгінгі, ертеңгі ұрпақ өз тегін, тарихын, өмірден өткен ата-бабаларын, елін қорғаған батырларын, өзінің төл шежіресін жақсы білетін болады. Мен жазушы ретінде ауылдас бауырларымның бұл игі бастамасын қолдаймын, кәсіби қаламгер ретінде қол ұшын беруге әрқашанда әзірмін. Бұл жөнінде біраз жинақтаған тәжірибем де жеткілікті. Құнанбай ағам, Алтынбек құрдасым, Дәулет інім мені қолдап, Байдәулет Қаңлы, Байдәулет батыр туралы тарихи-танымдылық және шежірелік кітап шығардық, деректі фильм түсірдік. Бұл үлкен игі іске қалай болар екен деп күмандана қараған ағайындар да болды. Бүкіл дүниежүзін үрей мен әбігерге түсірген коронавируске қарамай, мақсатымызды жүзеге асырып, кітапты елге таратып бердік. Деректі кино да дайын. Амандық болса, биылғы жылдың мамыр айында Байдәулет бабамызға ас беріп, «Байдәулет батыр» деректі фильмінің тұсаукесерін өткізгелі отырмыз.
Ағайындардың арасында баяғы футбол командамыздың капитаны – Құрал Құрманәлиевтің тұлғасы, көзі ыстық көрінді. Екеуміз құшақтасып, амандасып, қал жағдай сұрасып жатырмыз.
– Ой, Құрал-ай! Сені де көретін күн бар екен-ау! Домаланған қызылшырайлы шал болыпсың ғой, – деймін әзілдеп.
Құрал болса аяғымды сылти басатыныма, қолымдағы таяғыма таңдана қарап қалыпты.
– Оу, «Трактор» Қолыңа таяқ ұстағаныңа жол болсын! Ол саған мүлдем жараспайды екен, – деді басын шайқап.
Сыртта жүрсем де, Құрал Құрманәлиевтің еңбек жолын жақсы білемін. Ауылда еңбек ете жүріп, Алматыдағы малдәрігерлік-зоотехникалық институтты бітірді. Өзінің қажырлы ісінің арқасында шаруашылықтың бас зоотехнигіне дейін дәрежесі өсті. Тәуелсіздігімізді алған алғашқы жылдарда жер-жерде ауыл шаруашылығы қирап жатқанда, бұрынғы озат шаруашылықтан шашау шығармай ел бірлігін, халық ырысын сақтап қалғандардың бірі – Құрал Құрманәлиев.
Екеуіміз өткен-кеткенді әңгіме етіп, біраз тұрып қалдық.
– Құрал, – деймін ауылдасымның арқасынан қағып. – Баяғы бала кезімізде бұрыштан соққан голың есіңде ме?
– Сол голды әлі ұмытпаған екенсің ғой, – дейді бұрынғы капитан. – Қайран жастық шақ-ай! Ол енді қайтып оралмайды ғой! Құралдың көзінде сағыныш тұнып тұрды.
Кешке таман Алматыға жол жүруім керек. Жерлестеріммен қимай қоштасып, жолға жиналдым. Пойызда келе жатып түс көрдім. Туған ағам – Бектұрсын, Құрал, Қасым, Өлмес, Бөден болып, бәріміз футбол ойнап жүр екенбіз…
Суретте: тату едік, бір едік. 1968 жыл. Красный пахарь ауылы.

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,
жазушы, режиссер, халықаралық «Түркі әлемі» телестудиясының бас директоры,
Алматы қаласы

Leave A Reply

Your email address will not be published.