«Бір ел – бір кітап»: жыл жаназығы – Әбіш пен Әбділдә

0 4

Тарих пен әдебиеттің рухы қашанда егіз. Бірінде уақыттың киесі, екіншісінде сөз құдіреті бар. Мамандар кәдуілгі өмірде адам баласы күніне кітаптың бір парағын оқыса, жыл аяғында 365 беттік орташа бір кітапты оқып тауысады дейді. Расымен қисынды тұжырым. Осы орайда, Жастар жылында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы бойынша Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» тарихи романы мен қазіргі заманғы қазақ поэзиясының аса көрнекті шебері Әбділдә Тәжібаевтың лирикалық шығармалары таңдалып отыр.

Айта кетсек, ақыл мен танымның науқанына айналған бұл акция тарихы аламанда алдына жан салмай дамыған алпауыт мемлекеттерде бастау алды. Қазақстандық «Бір ел – бір кітап» идеясы АҚШ-тағы «Бір кітап, бір Чикаго» (One book, one Chicago) және «Егер Сиэтлдің бүкіл тұрғыны бір кітапты оқыса» деген кітапханалық жобалардан бастау алды. Шартқа сәйкес бүкіл қала тұрғындары бір мезгілде бір шығарманы оқуға тиіс. Кейін мұндай мәдени шаралар Чикаго, Буффало, Рочестер қалаларында да ұйымдастырылды. Бүгінде «Бір ел – бір кітап» жобасының идеясы әлемдегі Испания, Латын Америкасы және Корея секілді көптеген елдерге кең тараған. Тіпті Нобель сыйлығын алған «Жүз жылдық жалғыздық» романының авторы Габриэль Гарсиа Маркестің 80 жылдығына арнап Испанияда ауқымды оқу марафоны өткен. Онда тұрғындар романды бірнеше күн бойы үздіксіз дауыстап оқыған. 2003 жылы Кореяда да «Бір кітапхана – бір кітап», «Бір ауыл – бір кітап» деген жобалар жүзеге асты. Оның нәтижесі айтпасақ та түсінікті шығар.
Ал елімізде республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі­нің қолдауымен ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасының, ҚР кітапханашылар Ассоциациясының бастамасымен 2007 жылдан бері өткізіліп келе жатыр. Акцияның мақсаты – ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік деген туындыны оқу және насихаттау, оқу ісін ілгерілету, рухани мұрамызды сақтау, сондай-ақ, жастарды отаншылдыққа әрі өнегелілікке тәрбиелеу. Сонымен қатар, қоғамның отандық әдебиетке, оның ішінде классикаға, қазіргі әдебиет пен поэзияға деген қызығушылығын ояту – шараның басты миссиясы. Ұзатылған жылы үш бірдей кітапты оқып тауыстық. Олар Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармалары, Немат Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді» және Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітаптары. Акцияның биылғы таңдауы адам жанының шындығын танудың алуан түрлі тәсілін шеберлікпен игерген жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» тарихи романы мен Әбділдә Тәжібаевтың лирикалық шығармаларына түсіп отыр. Жалпы айтқанда Ә. Кекілбаевтың кейіпкерлері қарапайым, тағдырлы, әрқайсысының өзіне тән көзқарастары мен мінез-құлқы бар. «Аңыздың ақыры» тарихи романы – тек тарихи шежіре емес, бүгінгі қоғам үрдісімен, ұлт мүддесімен астасып, бостандық рухы мен өркениеттің өшпес құндылықтарына ұмтылатын мінез тәрбиелерлік қуатты шығарма. «Талантты қазақ прозаигі Әбіш Кекілбаев мифологиялық системалар мен структураларды игеру арқылы өткен мен бүгінгінің маңызды мәселелерін қозғай білген. Бұл кітап — ойшылдықтың жоғарғы сатысынан қарағанда да, аңыз-әңгімелер мен бүгінгі күннің, өткен мен бүгінгі күндер тәжірибесінің қорытпасы, осы компоненттердің барлығы (әрине, мұның ішінде прозаиктің таланты да бар) қосыла келе, біздің пікірімізше, бұл шығармалардың мазмұнын ғана байытып қоймай, оның көркемдік қасиетін де арттыра түскен» деп Шыңғыс Айтматов айтқандай, «Аңыздың ақыры» – аңыздың ізімен жазылып, ондағы оқиға философиялық-психологиялық астармен өрбіген. Бұл роман алғаш рет «Махаббат мұнарасы» деген атпен жарияланған. Роман төрт бөлімнен тұрады. Шығарманың кейіпкерлері бар болғаны үшеу-ақ. Әмірші, Кіші ханым және шебер. Ұлы ханым, күтуші кемпір, бас шебер, Ахмет саудагер секілді кейіпкерлер осы негізгі басты үш бейнені ашу үшін алынған.
Ал ірі драматург және белгілі әдебиет зерттеушісі Әбділдә Тәжібаев поэзияда лирика мен поэма жанрын қатар қамтыған ақын.
Қызық қой жастың мінезі,
Қызу ғой оның жүрегі.
Әлемге жалғыз бір өзі,
Иедей болып жүреді.

Лебізі жаздың лебіндей,
Ғажайып дүние сұлуы,
Көзі де күннің көзіндей.
Жылуы қандай, жылуы!

Көңілді жүрсе жайдары,
Кеудесі толы сенімге.
Арманын іздеп қайдағы,
Талпынар тынбай көруге, – деп өзегін өлең болып өртеген жастықтың отын жырлаған қабырғалы ақынның қаламынан 30-дан астам поэма мен көптеген ойлы, әуезді, шындықтың адал досындай жырлар жауған.
Тағы бір айта кетерлігі, биылғы таңдау біржақты қаралмаған. Былтырғы жылдың аяғында биылғы «Бір ел – бір кітап» шарасы шеңберінде авторларды анықтауға әлеуметтік желіде дауыс беру жүргізіліпті. Әркім өзі ұнатып оқыған ақын-жазушылардың шығармаларын ұсынған. Нәтижесінде жоғарыда айтқан қазақтың екі айтулы қаламгерінің шығармасы үздік деп танылды.

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.