Қоғам

Бір «кнопка» арқылы бар мәселе шешілетін күн жақын

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жаңа Жолдауында жүктелген міндеттердің бірі – «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік кешенді бағдарламасын жүзеге асыру. Бұл тұрғыда облысымызда да бірқатар ілкімді істер қолға алынып отыр.

Жарқын жобалар

Облыс әкімі аппаратының индустрияны дамыту және инвестиция бөлімінің басшысы Айбек Тасеменов аталған кешенді бағдарлама аясында өңірімізді цифрландыру үшін 4 негізгі бағыт нақтыланып, жарқын жобалардың жүзеге асырыла бастағанын айтады. Соның ішінде экономика салаларын цифрландыру бойынша 4 жоба мен 5 бастама қолға алынған. Цифрлық мемлекетке көшу бойынша 3 жоба, 12 бастама іске асуда. Ал, адами капиталды дамыту бойынша 2 жоба және 2 бастаманы жүзеге асыру көзделсе, инновациялық экожүйе құру бойынша 1 жоба мен 2 бастама, барлығы 10 жоба мен 21 бастама арнайы әзірленген жол картасына еніпті. Олардың қатарында бүгінде нақты қолға алынған орта мектептерде сымсыз интернет желісін (WI-FI) орнату, интернет жылдамдығын жоғарылату электронды оқыту жүйесін енгізу, «e-learning» және «Күнделік» жүйесімен жұмыс істеу, білім ошақтарының жұмысын «BilimLand» білім беру платформасына көшіру сынды тындырымды тірліктер бар. Сол сияқты «Қағаз қолданбайтын аурухана», денсаулық сақтау ұйымдарындағы қызметкерлердің ақпараттық және компьютерлік сауаттылығын арттыру, емханалардағы электрондық айналым, «logitex» «Электрондық кезек»,«МИС», «SOS» жүйелерінің де берері мол болмақ.

«Электронды еңбек биржасы», экожүйе құру бойынша колледж студенттері мен колледждер арасында «Жас кәсіпкер» байқауын өткізу, өндіріске цифрлық технологияларды енгізу, «Ақылды қала», «Қауіпсіз қала», «Ақылды бағдаршам» іспетті жобалардың да негізгі өзегі тиімділікпен ұштасып жатыр. Яғни, цифрлық қоғам құру арқылы уақытты үнемдеуге, әрі жұмыс өнімділігін арттыруға басымдық беріліп жатыр.

Осы орайда, өндіріс ошақтары да өркениет көшінен қалмауға тырысып бағуда. Мысалы, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жаңа технологияларды енгізу, сонымен қатар, күрделі жөндеу және қайта құру кезінде жұмыс істеп тұрған құрылғыларды жаңғырту бойынша 2020 жылға дейін құны 29 415 миллиард теңгені құрайтын 11 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруды жоспарлапты. Оның ішінде технологиялық процесті автоматтық жүйеде басқару да бар. Қазіргі таңда кәсіпорында жаңа технологияларды енгізуге 458 52 миллион теңге жұмсалып, HP, GPS, Cisco, Oracle, Omnicon, SAP жүйесі сияқты IT-индустриясының әлемдік көшбасшыларының технологиялары қолданылуда. Биылғы жылғы жаңғырту жұмыстарына бөлінген 12, 8 миллиард теңге технологияны автоматтандыруға және компьютермен басқаруға жұмсау көзделген.
Ал, «АлтынАлмас» акционерлік қоғамы «Цифрлық кеніш» атты жобаны жүзеге асыруға кіріскен. Олар цифрлық инновацияның көмегімен өнім көлемі мен кіріс көзін арттыруды және шығындарды 15 пайызға дейін азайтуды көздеп отыр. Осы арқылы аталған акционерлік қоғам аз шығынмен мол табысқа кенелуге ұмтылуда. Құны 15 миллион АҚШ долларын құрайтын жобаның жүзеге асырылу мерзімі 2020 жылға дейін. Цифрлық кеніш тұжырымдамасы уақыт режимін жоспарлау, орындау және мониторинг жүргізу секілді тірліктерді қоса алғанда, өндірістік процестерді басқаруды қамтиды. Осы тектес «Оргстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Блоктарды жарылыссыз әзірлеу жаңа технологиясы бойынша гипсті, мәрмәр мен гранитті қайта өңдеу, өндіру және жаңғырту» жобасын іске асыруға кіріскен. Олар жоба бойынша бүгінде кен орнында мәрмәр өндіруде «LeicaTS06» қондырғысын пайдалануда екен.

Осы орайда, біз облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына хабарласып, «Электронды еңбек биржасы» порталын қолданушылардың қарқыны қаншалықты деңгейде екеніне назар аударған едік.

– «Электрондық еңбек биржасы» ақысыз негізде жұмыс іздеушінің жұмысқа орналасуына, жұмыс берушінің бос жұмыс орындарын жариялауына ыңғайлы. Бұл жұмыс ұсынушылардың қандай мамандық иесін, оның еңбек өтілі, біліктілігі қандай болуы керектігін, сонымен қатар, жұмыс іздеуші мамандардың түйіндемелерін кез келген адам еркін көруіне мүмкіндік беретін бірегей цифрлы алаңша. Десе де, бұл жүйе бойынша жұмыс жүргізу біздің өңірде енді ғана қолға алынғандықтан, әзірге толық мәлімет бере алмаймыз. Нақ осы мәселе бойынша жақында ғана базамен жұмыс жасайтын аудандағы мамандар арасында облыстық семинар өткіздік. Бүгінде олар жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасында интернет порталдың мүмкіндігін арттырудың қыр-сырын үйретуде, – дейді облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы 3акира Медетова.

Ақылды қала

Тараз қаласы бүгінде «Ақылды қалалар» қатарына енуге қарекет жасауда. Шаһар басшысы Ғалымжан Әбдірайымовтың айтуынша, Жамбыл даңғылы мен Д.Қонаев, Комратов көшелерінің, сондай-ақ, Жамбыл даңғылы мен Қазыбек би көшесінің қиылыстарында бағ­даршам нысандары қайта жаңғыртудан өтіп­ті. Төле би көшесіндегі орталық әмбебап дүкенінің маңы, С.Сейфуллин көшесінің бойындағы 4 және 6 ықшамаудандардың, Тұрысов-Жансүгіров, Сүлейменов-Қойгелді көшелерінің қиылыстарындағы жарықдиодты жол белгілері қалпына келтіріліп, 14 дана уақытты кері санау таймерлері орнатылған. Электр қуатын үнемдеу мақсатында да транспорттық 6 дана бағдаршамдар жарықдиодтық (LED) шамдарға ауыстырылыпты. 25 дана жол белгілеріне күтіп ұстау жұмыстары жасалған. Сол сияқты облыстық ішкі істер департаментінің жол полициясы басқармасының нұсқаулықтарына сәйкес, қала көшелерінде 49 дана жарықты шағылыстыру беті бар жол белгілері орнатылған. Сонымен қатар, Сүлейменов-Қойгелді, Бектұрғанов-Пушкин, Сейфуллин-Әбішев көшелеріндегі бағдаршам нысандары қалпына келтіріліпті.

– «Ақылды қала» жобасы шаһардың инфрақұрылымын жақсарту және заманауи үлгіде жаңғырту, қоғамдық қауіпсіздік дәрежесін арттыру секілді маңызды істердің атқарылуына себепкер болумен қатар, тұрғындардың тұрмыс дәрежесін, әл-ауқатын арттыру және олардың қалада жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасалуына, халықтың сапалы қызметке қол жеткізуіне түрткі болып отыр. Осы мақсатта бүгінде қоғамдық жолаушылар тасымалдау көліктерін толығымен жаңарту қолға алынды. Тұрақты қалалық автобус бағыттарында жолаушыларға қызмет көрсету мәдениеті мен сапасын арттыру үшін 50 автобусқа автоинформатор орнатылған. Сондай-ақ, қалалық бағыттардағы автобустарды келешекте газға көшіру де жоспарланып отыр. Қысқасы, жұртшылық енді қаладағы қоғамдық көліктер тарапынан сапалы қызметке қол жеткізе алады. Шаһарда «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 8 бастама айқындалды. Соның нәтижесінде, жақында 5 көшенің қиылысына «Ақылды бағдаршамдар» орнатылады деп күтілуде. Олар Балуан Шолақ — Жібек жолы, Жібек жолы — Самарқанд, Төле би — Әл-Фараби, Абай — Ташкент, Төле би — Аққозиев көшелерінің қиылысы. Бұдан бөлек, «Аса» ықшамауданындағы 5 ауланы «Ақылды жарықтандырумен» қамту, «Е-архитектура» жүйесін қалыптастыру жолымен электронды картаны жүйелеу, жолаушылар маршруттарын GPS-навигациялау сайтын жетілдіру жұмыстары жүргізіледі. «Қауіпсіз Тараз» жобасы аясында қосымша орнатылып жатқан 178 бейнебақылау камералары да осы кешенді бағдарламаның жемісі, – дейді Ғалымжан Райылұлы.

Бұдан өзге, білім мекемелеріне бөгде адамдардың кіруін барынша қауіпсіздендіру және оқушылардың сабаққа қатысуын, олардың келу және кету уақытын білуге де мүмкіндік жасалған. Ата-аналардың жеке смартфондарына оқушылардың келу-кету уақытын бақылау мақсатында хабарлама жіберу үшін бағдарламаға оқушылардың ЖСН нөмірлері тіркеліпті. «Қауіпсіз қала» жобасы аясында Logitex жауапкершілігі шектеулі серіктестігі инвестиция есебінен Тараз қаласындағы А.Пушкин атындағы №41 көпсалалы гимназияда «Қауіпсіз мектеп» жобасын іске асырған екен.

«Ақылды қала» жобасы моноқалаларда да жүзеге асырылып жатқанын айта кетуіміз керек. Мәселен, Жаңатас қаласында ауыз толтырып айтарлықтай жаңалықтар баршылық. Ол – «Смарт сити» жобасы.

– Аудан әкімінің қолдауымен түнгі мезгілде жарықтандырумен қамтылған алты аялдама орнатылды. Олардың басты ерекшелігі тұрғындардың қазаққа белгілі жазушылардың туындыларының электронды нұсқасына «QR-код» арқылы қол жеткізе алуында болып тұр. Жұрт осындай туындыларды оқу үшін смартфонның бейнекамерасына аталған кодты түсіріп алуы қажет. Ол үшін бюджет­тен 6,2 миллион теңге бөлінді. Бұл аялдамалар Астана қаласында енді ғана орнатылып жатыр.

Қалада қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін былтырға дейін барлығы 26 бейнебақылау камералары қойылды. Әулиеата, Сағындықов, Бейбітшілік, Жібек жолы көшелеріне заманауи электр қуатын үнемдегіш диотты шамдар орнатылды. Осы арқылы біз қаланың сәнін кіргізумен қатар, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін де қамтамасыз етіп отырмыз – дейді Жаңатас қаласының әкімі Сәкен Мамытов.

Цифрлық сауаттылық

Сарапшылардың пайымынша, халықтың техникалық сауаттылығы көтерілсе, IT саласы да қарышты дамитын көрінеді. Сондықтан да, цифрлық технологияны қолданысқа енгізудің маңыздылығы айрықша, Осы арқылы өркениет шыңына жету – заман тудырған талап. Сол себепті, бүгінде жұртшылықтың дағдысын жетілдіруге баса мән берілуде. Осы тұрғыдан алып қарағанда, біздің облысымыздың тұрғындары цифрлық сауаттылық жағынан «қаражаяу» емес көрінеді. Мұны облыстық «Инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығы» басшысының орынбасары Алмаз Ақжігітов айтып отыр.

– ҚР Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің мәліметіне сәйкес, халықтың цифрлық сауаттылығы облыс тұрғындарының 61,2 пайызын құрайды. Биыл бұл көрсеткіш 77 пайызға жетуі керек. Осы көрсеткішке қол жеткізу үшін облыс бойынша 182 534 адамды арнайы оқыту курстарынан өткіздік. Бұл тұрғындардың 16 пайызы. Олардың ішінде кафедра оқытушылары, орта мектеп, колледж оқытушылары бар, – дейді Алмаз Олжасұлы.

Алдағы жаңа оқу жылында 7-11 сынып оқушыларына арналған облыстық мамандандырылған ІТ лицей-интернатын ашу жоспарланып отыр екен. Облыстық білім басқармасына қарасты білім берудің бірыңғай ақпараттық жүйесі орталығының директоры Сағадат Бесінбаевтың айтуынша, қазіргі таңда мамандандырылған ІТ лицей-интернатының қаулысы әзірленген. Мамандандырылған ІТ лицей-интернатына облыстық бюжеттен 121,0 миллион теңге қаражат бөлінген.

– «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 10-30 мамыр аралығында оқушылар мен студенттер білім қызметкерлері арасында оқыту курстары ұйымдастырылса, ал, жазғы демалыс айла­рында халықтың цифрлық деңгейін арттыру бойынша нақты жұмыстар жүргізілетін болады. Аталған курс мектептердің компьютерлік сынып базасында өткізілуде. «Ашық үкімет», «Базалық цифрлық дағдылар», «Электрондық сауда», «Электрондық үкімет және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер» тақырыптары «Күнделік», Bilimland жүйелерінің мобильдік қосымшалары арқылы қамтылуда. Мәселен, мамыр айының басында әрбір ауданнан 2 және Тараз қаласынан 4, барлығы 24 мұғалім 1 күндік дайындық курсынан өтті. Олар өңірдегі 897 информатика пәні мұғалімдері мен ақпараттық технологияларды меңгерген жас мұғалімдерге білгенін үйретті. Бүгінде аталған тақырыптар бойынша 133 421 адам цифрлық біліктілікті арттыру курсынан өткізілмекші. Оның ішінде 8-11 сынып оқушылары және колледж студенттері бар. Облыс аудандары мен Тараз қаласын қоса есептегенде барлығы 52 647 адам курстан өтті, – дейді ол.

Жалпы, сарапшылар уақыт өте келе кейбір мамандықтардың жойылатынын айтуда. Бүгінгідей еңбек нарығы бәсекеге түскен заманда жастардың сұранысқа сай мамандық игергені абзал. Мемлекетіміздің білім саласына жаңа ақпараттық технологиялардың жедел енгізіліп жатқаны да сондықтан. Бұл – келешек ұрпақтың болашағы үшін жасалуда.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР