Жастар.kz

«Бір өзен – бір тағдыр»

Written by Aray2005

Қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, табиғатты аялау, айналаның ластанбауына көңіл бөліп, экологиялық жағдайдың қалыпты болуы үшін күрес жүргізу барша адамзат үшін ортақ мәселе. Бұл ойымызды Тараз қаласында өңіріміздің және Қырғыз Республикасы Талас облысы мен Бішкек, Ош қалалары жастарының бас қосуына себеп болған «Бір өзен – бір тағдыр» атты халықаралық экологиялық акция да қуаттай түседі.

Тараз қалалық «Жастар ресурстық орталығының» және Бішкек қаласының «Орталық Азия даму қоры» қоғамдық қорының мұрындық болуымен өткен акцияның ашылу салтанаты «Тектұрмас» кесенесіне барар жолдағы көпір үстінде ұйымдастырылды. Акцияға айыр қалпақты ағайындардан 20 ерікті, біздің ел тарапынан «Қазақстан ауыл жастары» қоғамдық бірлестігі мен «Жасыл ел – Тараз» еңбек жасақтары құрамындағы 60-қа жуық жас қатысты.
– Жамбыл облысы Қырғызстанмен шектесіп жатқан аймақ. Оның үстіне Талас, Шу, Аса өзендері Алатау шыңдарынан бастау алады. Осыған орай Талас өзені екі мемлекетке де ортақ болғандықтан, екі елдің жастары аталған өзен жағалауына тазалық жұмыстарын жүргізуді құп көрдік. Өйткені мұндағы тиісті экологиялық жағдай екі елге де ортақ мәселе. Шараның жоғары деңгейде өтуіне Нұр-Сұлтан қаласының Жастар іскерлік кеңесі, «Қазақстан ауыл жастары» қоғамдық бірлестігі, қырғызстандық «Орталық Азия даму қоры» қоғамдық қоры, «Қырғыз жастар парламенті» жобасының үлесі мол екенін айта кеткім келеді.
Жалпы, біз бұдан бұрын да бауырлас елге барып, олар өткізген «Қырғыз-қазақ жастар форумы», «Жас депутаттар форумы» секілді айтулы шараларға қатысып жүрдік. Бұл жолы қоғам белсендісі Ықтияр Мырзахметовтің идеясымен осы іс-шара жүзеге асырылып отыр. Негізінен, қырғыздарда су, бізде жер бар. Алдағы уақытта екі ел жастары ортақ мекеме құрып, ауыл шаруашылығы мақсатында өз өңірімізде бос жатқан жерлерді бірлесе игерсек деген ниеттеміз. Бұл өз кезегінде екі ел арасындағы достық-қарым қатынасты нығайта түсетіні анық, – дейді Тараз қалалық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Нұрлан Қанатов.
Шараның ашылу салтанатынан кейін акцияға қатысушылар аталған көпір маңына тазарту жұмыстарын жүргізді. Бұдан кейін табиғат жанашырлары Жалпақтөбе ауылы маңындағы Жамбыл орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесіне тиесілі 19 гектар жерді кесіп өтетін Талас өзені жағалауына қарай ойысты. Онда аталған мекеменің орман күтушісінің көмекшісі Әділхан Махашев күтіп алып, өрттен, судан болатын апаттардан қорғану және басқа да қауіпсіздік шаралары жайлы түсіндірді. Талас облысының бір топ жастарын бастап келген сол облыстағы манасшылардың өкілі Кәміл Мамедалиев бұл тарихи тағдыры ортақ Қазақстан мен Қырғызстан жастарының ғана емес, екі елдің тұтас халқының елге, туған жерге деген патриоттық сезімін күшейтетінін, экологиялық сана-сезімін және достық қарым-қатынасты бекемдейтінін атап өтті.
– Жаз келісімен жұртшылықтың жасыл желекке оранған табиғат аясына шығып, суға түсіп, демалып қайтатын кезі жиілейді. Мұндайда олардың өзен-көлдердің маңайын төңіректейтіні анық. Соның ішінде көпшілігі табиғатқа жанашырлықпен қарай бермеуі мүмкін. Ашып айтқанда, өзен-көлдің жағалауын түрлі қоқысқа толтырып, ластап кетуі ықтимал. Сондықтан бүгінгі акция көпшілікке үлгі болатынына сенімдімін. Әсіресе өзен жағасы және саясы мол талдардың маңы секілді елдің көзі бірден түсетін орындарға табиғатты ластамау жөнінде ескерту тақтайшалардың орнатылуы да көпшілікті тәрбиеге үйретеді деп ойлаймын. Ең бастысы – «Қазақ-қырғыз бір туған». Біздің кезінде жауға шапқанда намысымыз, туымыз, ішкен суымыз да бір болған. Алладан қазақ пен қырғыздың бірлігіне сызат түспеуін, екі елден де береке-бірлік, бейбітшілік арылмауын тілеймін, – деді Кәміл Сағынбекұлы.
Акцияға қатысушылар аталған өзен маңын қатты тұрмыстық қалдықтар мен полиэтилен пакеттерден, әртүрлі күл-қоқыстан арылтқаннан кейін қырғыз тараптан келген бірқатар жастарды акцияға белсенді қатысқаны үшін «Орталық Азия даму қоры» қоғамдық қорының директоры Ұлдана Шәмілқызы арнайы Алғыс хатпен марапаттады. Өз кезегінде облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова Қазақстан мен Қырғызстан тек географиялық көршілес елдер ғана емес, әлемдік аренадағы саяси, экономикалық серіктестер екенін, бүгінде Әулиеата өңіріне турист ретінде ат басын бұратын қырғыз азаматтарының да қатары артқанын тілге тиек ете отырып, көрші елдің белсенділеріне Жамбыл өңірінің киелі жерлері мен мәдени ошақтарының тарихынан сыр шертетін кітаптар сыйға тартты. Шара соңында көпшілік К.Мамадалиевтің орындауындағы «Манас» жырынан үзінді тыңдады.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР