Астанаға 20 жыл

Бір сәт велоспорт базасына келіңіз!

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Дені сау ұлт бәсекеге қабілетті болады. Сондықтан, спорттың бұқаралық сипатын дамыту – мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі» деп атап көрсеткен болатын. Бұл тұрғыда облысымызда да заман талабына сай жаңа нысандар қатары артып келеді. Соның бірі велоспорт базасы Астананың 20 жылдығына орай есігін айқара ашты. Жаңа нысан велоспортпен, триатлонмен шұғылдануға арналған.

Мұнда 1 ауысымда 36 адам жаттыға алады. Нысан құрылысы өткен жылдың қыркүйегінде басталып, осы мақсатта 166,5 миллион теңге мақсатты игерілді. Базада жаттығу залы, велосипед қоймасы мен шеберханасы, асхана, киім ауыстыру орны, шомылу және жаттықтырушыларға арналған бөлмелер қамтылған.

– Негізінен бұл велоспорт базасы №4 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне тиесілі. Соңғы уақытта елімізде велоспортшылар қатары көбейіп келеді. Дүбірлі додаларда ел абыройын асқақтатып жүрген велошабандоздарымыздың ішінде біздің облыстың ұландары да бар. Енді солардың ізін кейінгі жасөспірімдер жалғап, әлемдік жарыстарда еліміздің көк Туын биіктен желбірете берсін деген ниетпен осы нысанды салдық. Үміттеріміздің ақталарына сенімдіміз, – дейді облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқарма басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков.

«ARAI»-дың тілшілер тобы

ПІКІР