Қазақстан халқы ассамблеясы

Бір шаңырақ астында…

Written by Aray2005

Қазақстан әлемге тыныштық пен тұрақтылықты ту еткен ел ретінде танымал. Бейбіт ғұмырдың баянды боларын өзгеге үлгі еткен Отанымызда көп ұлттан құралған ұжымдар да ұғынысты еңбек етіп жүр. Бір мақсат пен мүдде тоғыстырған жастар ұлт пен ұлысқа бөлінбей ортақ шаңырақ астында білім алып, маман атану жолында ізденіске ден қойған. Осындай жастардың бір шоғыры Тараз қаласындағы «Аспара» мәнерлік өнер және бизнес колледжінде оқуда. Ағымдағы жылы маман даярлау ісіндегі 20 жылдық белесіне қадам басатын оқу орнында қазір 15 ұлттың өкілі заман ағымына сай, еңбек нарығында сұранысқа ие салаларды меңгеруге күш салуда.

Алыс-жақын шетелдерде қазақ сән өнерінің қауқарын танытып жүрген белгілі сәнгер Айдархан Қалиев құрылтайшы саналатын колледжде қазір «Дизайн», «Шаштараз өнері және сәндік косметика», «Тігін өндірісі және киімді үлгілеу» мамандықтары бойынша 352 студент білім алуда. Студенттер контингенті 15 ұлттан құралған. Колледж басшылығы білім алушылар құрамының осыншама ұлт өкілдерінен тұратындығына қарамастан, оларды бір мақсат, ортақ мүдде тоғыстыратынын алға тартады.
– Әу бастан да біздің өңір түрлі ұлт өкілдеріне пана болған өлке ғой. Енді сол қиын-қыстау заманда қазақ жеріне қоныстанған ұлт өкілдерінің бүгінгі ұрпағы Қазақстанның өсіп-өркендеп, гүлденуіне үлес қосу жолында ізденіске түскені құптарлық қадам. Біздің колледж студенттері де сан түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері саналады. Олардың арасында қазақ тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін жетік меңгергендері де бар. Мәселен, Альбина Мусаева, Гузал Шариатуллаева, Екатерина Литвинова, Камила Алиева, Луиза Сейфатова, Севиля Бекирова сынды студенттер колледж мақтанышы. Мекемедегі оқу-тәрбие жұмыстары ұлттар мен ұлыстар арасындағы татулықты нығайтуға бағытталады, – дейді директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Айша Оспаналиева.
Ал колледжде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс беретін Томирис Камалова оқу ордасындағы озық ойлы жастардың бір тобы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы жанындағы «Мәміле» ұйымына мүшелікке өтіп, қазақ халқының бай тілдік мұрасымен және салт-санасымен жақынырақ танысуды мақсат еткенін тілге тиек етті.
– Өзге ұлт өкілдері жастарының кейбірі қазақ тобында оқиды. Өйткені олар қазақы ортада тәрбиеленген. Сондықтан мемлекеттік тілді жетік меңгерген. Жақында Гузал Шариатуллаева есімді студентіміз «Менің жан досым» онлайн шығармашылық байқауынан І дәрежелі дипломға ие болды. Сол секілді қазақшаға жетік студенттеріміз таяуда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы жанындағы «Мәміле» ұйымының мүшелігіне өтті. Қазір олар ұйым жұмысына белсенді атсалысып жүр. Ұйым мүшелеріне қазақ тілінен бөлек, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарға байланысты дәрістер де оқытылады. Алғашқы дәрістің бірінде студенттерге «Қыз Жібек» кинофильмі көрсетілді. Кейін ұйым мүшелері осы кино туралы пікірлерін білдіріп, ондағы қазақы салт-дәстүрдің мәні мен мазмұны жайында әңгімелеген. Бұл әдіс олардың тілін жатық етуге әрі қазақ халқының мәдениетімен танысуға мол мүмкіндік береді, – дейді Томирис Камалова.

«Бірлік бар жерде тірлік бар» дейді дана қазақ. Бұл сөздің шынайылығына 15 ұлттың өкілінен құралған «Аспара» мәнерлік өнер және бизнес колледжінің тыныс-тіршілігімен танысу барысында кезекті рет көз жеткіздік. Әрі тілі мен ділі, түсі мен түрі бөлек жастардың ел ертеңі үшін аянбай еңбек ету сынды бір мақсатқа жұмылғаны қуантады.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

ПІКІР