"Шабыт"

«Бір таң дүниені» ұмытпаңыз…

Written by Aray2005

Қыс еді. Күтпеген жерден Шерағаң кеңсеге кіріп келе жатыр.
– Оу, Қарахан таудай ағамыз, – деймін көргеніме қуанып. – Қайдан?
– Әуелі, қал сұра.
Әдетінше екі бүйірі тоқ қара сумкасын еденге қойып жатып:
– Кеп қалдық борандатып, мұндай қысты көріп пе ең бұрын? – деп жау қабағын кере бетіме үңілді:
– Біз Қордайдың асуында өскенбіз, Шераға!
– Өскенде, үнемі сол асудың қыр жотасында жүріп алмаған шығарсың. Асу десең бізде де бар Күйік деген. Кеше самолеттен түсіп, ауылға барып едім, (Жуалыны айтады) айналаңнан ат құлағы көрінбейтін ақ боран. Жаратылыс жарықтық жанын жеп тұр. Сөйтеді кейде, дүние. Бұлқан-талқан… Не істейсің? Жаратылыс… Ей, мына сорлылар үсіп кетеді-ау, ұшып өледі-ау демейді.
– Сібір болып тұрмыз ғой, Шераға, биыл.
– Сібір… Сібірің не… Сібір қайда, біз қайда. Сібірдің қысынан сақтасын, Құдай. Жалпы Ресейде небір қыстар болып тұрады ғой, – деп Шерағаң столға екі қолын тіреп, дәл бір ұшатын қырандай денесін қомдап қойды. – Бонапартты бүрсеңдеткен, немістерді дірдектеткен… Ресейде болатын сұмдық қысты көзіңе елестеткің келсе, мынаны айтайын. Антон Павловичты білесің ғой, Чеховты?..
– Оқығанбыз біраз.
– Қайсысын?
– Ойбай, енді соны түгендеп отырамыз ба?
– Соның қыс туралы ең қысқа әңгімесі бар. О заман орыс әдебиетінің дүрілдеп тұрған кезі. Лев Толстой, Федор Достоевский, Иван Тургенов, Максим Горький… Көп қой, көп. Өң алып, алуан түрлі әдеби процестер жүріп жатқан ғой сонда. Бірде ең қысқа әңгімеге бәйге жарияланады. Қатты қыс туралы. Енді жазады келіп… Сол қыста деп қойып, Құдай-ау нені айтпады. Қар адам түгілі, ағаштардың бойынан асып кеткен, деревнялар қарға көміліп қалды, жол үстіндегілер адасып, үсіп… Не керек, бәйгеге қатысқандардың қаламынан небір сұрапыл қыстар жарыса ысқырып шығып, оқығандардың иманын ұшырып, жүрегін сулатады ғой келіп. Сосын не болды? – Шерағаң маңқиып алақанын жайды. – Сөйткен екен деп оларға ешкім бәйге бере салған жоқ. Бәйгені Чехов алды. Сондағы жазғаны жалғыз-ақ сөйлем: «Осы қыста көк қарға көк мұз болып қатып қалды». Сұмдық қой. Егер қандайда бір қатты қыстан тірі қалса, тек көк қарға тірі қалады екен. Ал енді айт, Чеховтың айтқан қысынан кім нені асырып айта алды? Міне, тапқыр, шебер. Ал біз қай нәрсенің де дәл теңеуін тауып айта алмай діңкелейміз. Рас па?
– Айтары жоқ.
– Біздің Жуалының қысы да айтып-жеткізуі қиын астаң-кестең. Алшаңды қуырып азынайды-ай келіп. Сөйте салса жақсы, аяқ асты арыстандай ақырып, «астапыралланың» астында қаласың.
– Шераға, осы адамдар туған топырағына тартып туады деседі ғой.
– Десе… Не демек едің?
– Бауыржан көкеміз, сосын өзіңіз де…
– Әй, мені көкеңе қосақтама. Вот Баукең… Дәл Жуалының ауа райындай не предсказуемый. Аяқ асты шатыр-шұтыр. Оқыс астаң-кестең… Ойламаған жерден дауыл… Өзі мұздай, көзі найзағай, сөзі от, өрт… Ал біздікі не… – Шерағаң бойын бір ырғап қойды. – Сонымен амансыңдар ғой.
– Жүріп жатырмыз.
– Журналыңды оқыдым. Евнейдің маған арнаған хатын беріпсің. Нұр жаусын!
– «Бір кем дүниеңізді» де бермейміз бе?
– Ол кітап болып шыққалы жатыр. Министрліктен Мәженова ше, Райхан-ау есімі… Сол кісі келіп әлгіндей деді. Сенің «Көгілдір көйлекті келіншек» деген кітабыңды да ала келіпті. Ал кеп оқиын. Япыр-ау, бәрін қайдан білесің-ей.
– Ненің бәрін?
– Кетші-әй! – деп Шерағаң мырс етті. – Өстесің ә, қарадай.
– Ойбай, енді…
– Хирург деген бар, – деді Шерағаң жау қабағын керіп. – Денеге, тәнге операция жасайды, ал сен әйелдің жан дүниесінің, болғанда рахаттану сезімінің хирургімісің, не пәле, а…
– Қайдағы, – деймін.
– Біреуге беріп «Көгілдір көйлекті келіншегіңді», артынан сұрасам қалай екен деп, делебем қозды дей ме, табаным қызды дей ме, едірең-едірең етіп есімді шығарды.
– Бұл сонда «Көгілдір көйлекті келіншекті» ұнату ма, жек көру ме?
– Әй, сен… – деп мырс етіп күліп жіберді. – Оны жек көргенді қай атаңнан көрдің.
Осылай қалжыңдасып, қатарласып шабу әдетіміз. Е, сосын тізгін тартамыз. Келелі әңгіме килігеді. Шерағаң айтса, Астанадан екі күн бұрын самолетпен келген. Бірден Жуалысына тартыпты. Борандатып жүрістің мәнісі: Таразда Тұрар Рысқұлов атындағы санаторий бар. Сол жерде бүгін республикалық мәндегі кардиохирургиялық орталық ашылмақ. Адам жүрегін емдейтін. Жылына жүрекке 500-дей операция жасай алады. Осы күні ғой бақилыққа аттанатын адамдардың 56 проценті сол жүректен кетеді екен… Сосын да жүрек хирургиясы қазір елімізде дамуға бет алды. Елде бүгін Қазақстанда 6 кардиохирургиялық орталық жұмыс істей бастады. Біреуі міне, енді Таразда.
– Соның ашылуына арнайы хабар жіберіпті,– деді Шерағаң. – Директоры – академик. Осы Жамбыл облысы, Байзақ ауданында туған. Мәскеуде оқыған. И.К.Ахубаев дейтін атақты академиктің шәкірті. Қырғызстанда көп жыл қызмет істеді. Кейін Алматыға келіп еді, ағайын қайтеді асып туған азаматты алға салып, бетке ұстағысы келмеді, сыйғызбады. Қызығын Қырғызстан көрді талай жыл. Енді елге келіп, орталық ашып отыр. Соған ақжол тілейін дедім. Қазақстанына қайтып келген екен, қайырын бергей деу біздікі. – Солай. Жұртқа керектің бәрі де ұсақ-түйек болмайды. Дегенмен елеулісі жөнінде сөз басқа, – Шерағаң көзәйнегін былай алып қойды. – Біздің ең жаман әдетіміз – ылғи кешігіп жүреміз. Істі кешігіп бастаймыз. Кісіні кешігіп танимыз. Әне-мінелеп жүргенде қайран да қайран асыл уақыттардың өтіп кеткенінде шаруамыз жоқ. Осыған абай болу керек. Дұрыс па?
– Айтары жоқ.
– Ел игілігіне жарайтын үлкен істің басына жақсы келмей болмайдыдан хабарың бар шығар.
– Аздап.
– Неге аздап? – Шерағаң басын көтеріп алды. – Осы сен жауабыңды бір жағынан қайыра салатының не?
– Жарысып отырмайын деймін де.
– Рас па?
– Шераға, мен шындықтың құлымын ғой.
– Шындық… – Шерағаң иегін изеп, терең күрсініп алды. – Оның құдіреті…
– Александр Невскийдің бір айтқаны бар еді…
– Орыстың ері ме, әлгі.
– Ия.
– Не депті сонда?
– Құдірет Құдайда емес, шындықта депті.
Шерағаң жалт қарады.
– Сенің де естімейтінің жоқ. Өйдегені несі?
– Рас, Құдай оны ерен ер қылып жаратты: ешкімге бас имеуі, ешкімнен қаймықпауы тиіс еді. Бірақ амал не, Шыңғысханның қаһарлы ұрпағының алдына баласын ерте келіп, тізесін бүгіп тағзым етіп, алым-салық төлеп тұруға мәжбүр болғаны рас. Таза шындық.
Ақиқатты айтып талай-талай тар жерде қасқайып тұрған қаһарман ағам: – Иә, шындық айтылады. Бұрын қайдам, бүгін одан не пайда. Қалады. Жұртқа жағады, атқамінерлер жақтамайды. Айтпай-ақ жүре берейін десең ішіңді тесіп барады, – Шерағаңның көзі алайды. – Тесіп бара жатқан ар-ұят! Мәселе осында, ар-ұятта. Бүгін «анау қараң қалды, мынау суалды, өйту керек, бүйту керек» десіп, мінбелерді тепкілеп, столдарды қойғылап, бақырып-шақырып жүргендер көп. Өң әсіре. Бүгін қазаққа керегі – ең әуелі, қазақ өз өмірін ар-ұятпен, шындықпен бастауы тиіс. Идеология солай жүруі қажет. Ал әзірше ондай иедология жоқ. Ол жоқ екен, ар-ұят та сол. Осыдан барып та түрлі пәлекет шаш етектен. Сорлап жатқан сонда кім? – Қазақ. Бұдан білетінің қаншалықты?
Үндемедім. Дегенмен ішім алай-дүлей. Иә, қазақты – қазақ… Қазақ параны кімнен алады?– Қазақтан. Қазақ кіммен сыбайлас, жемқор болады? – Қазақпен. Қазақты ру-ру, жік-жікке бөлетін кім? – Қазақ. Абайдың балағынан алып, Жамбылдың жағасынан алып жүрген кім? – Қазақ. Осы пенделік, майдалық, ойсыздығын ойламай жүрген кім? – Қазақ…
Айттым осыны, Шерағаңа.
– Енді осы шындықтың қанын сорғалатып неге жазбайсыңдар? Қайда жаңағы құдірет Құдайда емес, шындықта деп отырғаның.
– «Правда всегда почти неправдаподобно…» депті ғой, Достоевский жарықтық.
–Е, онысы несі екен?
– Шындықты мойындауға ақыл-парасат, ар-ұят, ер мінез үнемі жете бермейтіндер оны әдейі жалған қылып отырады дегені шығар.
– Шығар… шығар… Неге өйтеді. Қоғамға да, адамға да ең керегі, өздерінің түптеп келгенде іздеп жүргендері ол емес пе. Түсінбейсің… – Шерағаң сағатына қарап қойды. – Бір кем дүние… Қазақ қазақ болғалы іздеп келеді, іздеп келеді шындықты. Біз де іздедік. Иісі адам баласы түгел… Бірақ бір кем дүние… Қазақ атаң мұны «Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ» деп кесіп-пішкен. Солай екен деп тұлпар заулағанын, сұңқар самғағанын қоймайды…
– Бұл енді бір таң дүние емес пе, Шераға.
– Бір таң деймісің?..
– Иә, бір таң дүние. Бір кем дүниені жазып жатырсыз. Бір таң дүниені неге жазбасқа…
Шерағаң біраз үнсіз қалып, сосын қозғалақтады.
– Оған қауқар жете ме?.. Сонымды сұрамайсың ба, әуелі… Баукең көкең, Момышұлыны айтамын, әйел жағынан біраз неғылған кісі ғой. Жасы келіп, тағы да сол жалғыз қалыңқырап жүргенде елдегі ақсақал-көксақал басын қосып, өздерінше мәміле жасамай ма. Сондағылары: «Оу, ағайын, батыр бауырымызға осы біз қатынды неге қыздай әпермейміз? Елдігіміз қайда? Жұлған жерден нені де жұлып алатын Жуалының жұрты емес пе едік? Әперейік біреудің қызын, жырылмаған қауындай. Жетпісбай, Сексенбайларды туғызған атам қазақ» десіп, жер-көкке сыймайды. Қыз іздеді, табылды. Көрші ауылдан. Отырыңқырап қалған демесе, қырғиға шалдырмаған, қылы қисаймаған. Баукең арнайы жіберілген адам арқылы шақырылды. Келді. Қойдың басы мүжіліп, ет желініп, қымыз ішіліп, жұрт енді сыртқа, Баукең төрде. Ауылда болатын аласа екі аяқты орындықта отыр. Ақсақал-көксақал «сен баста, сен айтпен» бір-біріне иек қағады. Батырдың мысы қиын. Дегенмен пысықтау шалдың бірі сөз бастады: «Бауке, батыр десе батырсың, жазушысың, атың әмбеге аян, бірақ осы қатын жағынан… Соған мына ағайын-туыстың бауыры сыздайды, жүректері ауырады. Қой дестік, осы отырған бәріміз. Батыр бауырымызға жарылмаған қауындай қыз әперелік дедік. Құры деп қана қойған жоқпыз, оны таптық та көрші ауылдан. «Батырға тимегенде, кімге тиемін» депті ол, айналайын… Сол енді…»
Баукең айнала отырғандарға жағалай көз салып шықты. «О, менің бауырларым! Сендер сөйтеді екенсіңдер ғой. Ойлайды екенсіңдер мені. Қабырғаларың қайысады екен. Қатын да тауып қойыпсыңдар. Қартайып қалды-ау демепсіңдер. Хош. Ой, мың алғыс сендерге. Ал бірақ қатын керек пе, жоқ па деп сендер… – Батыр қолын тақымының арасына апарып, оның сұқ саусағын жерге кезеп-кезеп тұрып: – Мынадан сұрадыңдар ма оны… А!..» – деп ақырыпты.
Еріксіз күліп жібердім. Шерағаң да мырс етті.
– Қалай?
– Сұмдық айтқан екен, – дедім.
– Өзге шал-шауқан сөйтер ме еді. Жас қатын, е оның өзі жарылмаған қауындай десе, жаны қалмай жәмпеңдемес пе еді. Жас жетпісте. Ал жас қатынға жағдайым келе ме деп ойлар ма еді.
– Қазақ-еркек жас иіс дегенде жағдайын ұмытып кетеді ғой.
– Сөйтеді де… Сонда жас келді, дәурен өтті, оқ таусылды дейтін шындықты қайтеді. Сен «Бір таң дүниені» жаз дейсің. Оған ғұмыр, күш-қуат жете ме… Соны сұра, әуелі. Жазушының айтары ғұмырына тәуелді, – Шерағаң жеңіл күрсініп қойды. – «Қыз Жібектің» қырық көшіндей інжу-маржанды қыршынында-ақ атып-қырып кеткендер бар. Мысалы, анау Лермонтов жиырма жеті жасында! Ал қазір біздің алпыс-жетпістегі кейбір ағайындар Жазушылар одағына енді-енді өтіп жатыр немесе өткелі жүр. Бұған дейін қайда жүрген. Аяқ асты жазушы, ақын бола қалды. Сұмдық қой. Кітап шығарады, онда-мұнда барып, әкелеп-көкелеп жүріп. Әкімдердің басын қатырады. Бюджеттің қаржысымен басып бер, айналайын. Әкім қайтеді, сақалы анау, біраз қызметтер істеген, медалі де бар… Сен Жазушылар одағының облыстағы филиалына директор емессің бе, билік бұл мәселеде ақыл қостыра ма?
– Қолжазбаны маған жібереді. Жарайды, не жарамайды деген қолым керек.
– Қолың сонда жарайдыға жүйрік пе, жарамайдыға жүйрік пе?
– Әдебиетте азуы ақсиған екен, сақалы сапсиған екен деп бүгежектейтін әңгіме жоқ қой, Шераға.
– Сөйтесің, ә.
– Қасқарау емеспін бе!
– Қасқарау… Әй, сенің бабаңның аты неге осылай, білемісің? Қасқыр-ау дегеннен шыққан. Ұстасқанмен ұстасқан, тістескенмен тістескен. Еңіреген ердің бірі. Өтеген батыр, Кебекбай, Ноғайбай шешендер, Сарыбас, Кенен сол Қасқараудан шықты. Ары қарай да жетерлік. Тағы кім бар еді?.. Жезқазған жақта Найманның бір руы – Қағаз деп аталады. Қасқараудың жалғыз қарындасы. Сол әпкеңді білуші ме едің? Жазушысың. Өткен-кеткеніңнен жадыңа жиғаның бар шығар…
– Аздап.
– Мысалы?
– Қағаз әпкем дана болмаса, ру атын алмас еді ғой.
– Ол енді түсінікті.
– Осы арада бір парызды орындай алмай жүрген өкінішім де бар… Қасқарау бабам алысқа ұзатылып кеткен жалғыз қарындасын қайсыбір жылдардан кейін артынан іздеп барады ғой. Жұрт қарсы алып, сый-құрметті аямайды. Қанша күн жатты, батырды таңғалдырған төрт түйе – екі қара бура, екі інген. Тек ауыл айнала жайылады.
Қайтатын уақыт та жетті. «Ал, көке, – дейді қарындасы. – Бұйымтайыңызды айтыңыз». «Бұйымтайым… – Батыр қамшысының сабымен әлгі түйелерді көрсетеді. – Ана төртеуі». «Болмайды, оларды бере алмаймын, көке,– дейді Қағаз әпкем. – Мен мына босағаны көрпесін ұзартып, көсегесін көгертемін деп аттаған жоқпын ба? Ана төрт түйе осы әулеттің нәсібі – малының иесі, көке»…
Қасқарау бабам қаһарына мінді. Қаны бір қарындасы, жаны бір жалғызы сөзін жерге тастайды, бетін қайтарады деп қашан ойлапты. Ақырып атына мінді. «Қап!» деп қара найзаны жерге ұрды. Қара күшке қарағай сап шыдамады, қақ айырыла жаздады, қарс жері шытынап кетті. Сол бойы нөкерлерін шұбатып жөнеп берген. Ел-жұрттың аты – ел-жұрт. Құданы қара қазандай өкпемен жібере алмайды, қуып жетті, қаумалап құлдық ұрды. Батырды райынан қайтарып, кері алып келді. Құлын сойылды. Құрмет жалғасты. Қайтар күні қадірменді қариялар қайта жиылды. «Қарағым, Қағаз, қазір мынау менің найзамды ұстар әулетімде лайықты ешкім жоқ, сондықтан саған қалдырамын. Сенің бір ұрпағың менің бір ұрпағыма табыстар. Осы саған аманат. Сен ұрпағыңа аманат ет. Ол өз ұрпағына…» деп Қасқарау бабам аттанып кетіпті…
– Бұл аңыз ба, шындық па? Болса, кімнен естіп жүрсің? – Шерағаң зер сала қарады.
– Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының соңы. Қазіргі «Өнер» баспасының директоры Әшірбек Көпішев бірде менен: «Сен осы Қасқарау емеспісің?» деп сұрады. «Ол неге керек?» «Кітап істері жөніндегі мемлекеттік баспаның бас редакторы, жазушы Ғабиден Құлахметов Қасқараудың есті бір азаматымен таныстыршы, деп еді маған».
– Таныстық. Марқұм болып кетті ғой, Ғабиден. Нағыз ер мінез азамат, талантты қаламгер еді, көке деп елпілдеп тұратын. Әлгінің барлығын сол әңгімелеп берді. Қасқараудың найзасының Жезқазған қаласындағы музейде тұрғанын айтты. Алып берейін деді. Елге барып, естиярларды жиып, жөн-жобасымен алып-келіп Кененнің музейіне қоюға мәміле жасасып, әне-мінелеп жүргенімізде қайта құру басталып кетті де, қайран шаруа жайына қалды…
– Енді қимылдасаң қолыңнан қаға ма біреу?
– Қақпайды ғой. Бірақ кімге барып, қалай мәміле табамын. Ғабиден жоқ…
Шерағаң үндемеді.
– Сол Қасқарауға сіз де бөтен емессіз,– дедім мен. – Қызын алып отырсыз. Анаусы-мынаусының емес, ауыз әдебиетінің соңғы сүлейі Кенен атамның.
– Солай, солай, – деп қойды Шерағаң. – Қазақты неге қарға тамырлы дейді, білемісің. Дейтіні – қыздары исі қазақты бір-біріне түбі біртұтас етіп отырған. Айтып отырсың Қағаз әпкеңді. Оның ар жағында Бәйдібек бабаңның қалың найманның екі руын Қызай, Мұрын атандырған әпкелерің тағы өткен. Ұлы жүздің бір руын өзінің жанама аты – Ысты атандырған тағы бір анаңды білесің. Осыдан екі жарым ғасыр шамасында Арғын Байсейіт бидің шешесі, аты аңызға айналған Қысбике жарықтық Дулаттың қызы… Айта берсең, тірнектеп тізе берсең, қазақ қыздары арқылы үш жүздің баласы бір-біріне нағашы, жиен, бөле… Тамыры бір, діңгегі бір, бұтақтары бір. Сөйтіп алып, «сен анаусың, мен мынаумын» деп қарадай бір-бірін бөтенсіп, бөлектене қалатыны, немене… Қазақ өз тарихында тұңғыш рет мемлекет құрды. Тұңғыш рет астана салды. Тұңғыш рет мемлекеттік шекарасын белгіледі. Ау, енді ұлттық біртұтастықты ойламаймыз ба? Біреу «Осы сен қай жүзсің?» десе, «Аулақ жүр, қазақпын!» демейміз бе? Демейміз. «Мен енді анау…» деп міңгірлейміз. – Шерағаң тағы сағатына қарады. – Жә, уақыт болып қалыпты, мен әлгі орталықтың ашылу салтанатына барайын. Ал сен орныңда бол, оралып соғамын. Кешкісін самолетке шығарып сал.
Ауа райы қатты бұзылып, самолет Астанаға ұшпай қалды. Ұрып-айдап теміржол вокзалына келдік. Билет жоқ.
– Бүгін бірге түнейтін болдық не қылса да,– деді Шерағаң.
Қыстың түні ұзақ. Жайланып, жан шақырып алған соң, жай-жапсары көп тірліктің тігісін түгендеп тіл безейтініміз белгілі. Шерағаң қазақтың бүгініне алаңдайды: барға шүкіршілік. Осыдан оншақты жыл бұрынғыға қарағанда буынымыз бекіп, қабырғамыз қата бастады. Әйткенмен осы бізде мәз болу, масайрау көп. Той-томалақтан көз ашпайсың. Айтыс деген айналайыннан аяқ алып жүре алмайсың. Басы «Тамаша» болып келетін қилы-қилы театр-шоулардан мезіміз. Көркемөнерпаздық әләулай кең етек алған.
– Шераға, осы көркемөнерпаз деген ұғым бұрынғы ТМД елдері кеңістігінен өзге әлемнің бірде-бір елінде жоқ көрінеді.
– О жағын білмеймін.
– Жалпы, самодеятельность дегеніңіз, маған самозванец болып көрінеді. Болсаң, профессионал бол. Бюджеттен әлгі көркемөнерпаздар мекемесіне бөлінетін қыруар қаржыны сол профессионалдарға төле. Ал мына қалпымызбен мәдениеттің провинциялық деңгейінде қала береміз бе деп қорқамын.
– Әй, провинциялық деңгейден арылу үшін рухани мәселеде әуелі ұлттық элиталық ерекшелік қалыптасуы керек. Ол бар ма бізде. Біздікі ауыл-ауыл, аудан-аудан, облыс-облыстың алаң-алаңына шығып ал да ала жаздай ән салып, селкілде де билей бер. Еуропаны қарашы. Несімен мақтанады? Әуелі қай өнерін әспеттейді? Операсын. Бір қойылымы – 3 миллион доллар! Ал барсаң бос орын таппайсың. Біздің қазақты операға ақысыз алып барып кіргізе алмайсың. Ол түгілі, драма теартына бара ма?
– Драматургия өте әлсіз ғой, Шераға бізде – бүгінгі заман ұрпағына лайығы шанда біреу. Баяғы балаганный… у-шу, судыраған ақыл-сөздер, сахнада ары-бері сенделіс… Темперамент, динамикадан, уақыт сұранымы– интеллектіден ада-күде.
– Сенің осы қараң қалдырып жіберетінің не?
– Провинциялық деңгейімізге қарным ашады. Атақ, даңқ құмарлықтан жүрек айниды. Ақын атымды шығарам деп өлеңмен өліп-өшіп жүрген өлеңкештер есепсіз. Поэзия дегенде шаруалары жоқ. Қарасөз құрай алса, осы проза деп жүрген қарадай қаламгер атанып жүргендер қай жағыңнан да қабаттасып шығады. Көркемдік, суреткерлік қаперлерінде жоқ.
– Сөйте тұра, озық 50 елдің қатарына игеріп кеткіміз келеді, ә, – деп Шерағаң көзін алайтып. – Сөйте тұра, әрі мансапшыл, лауазымшылмыз. Арманымыз – биліктің бір бұтағына жетіп алу. Шама, қабілет, кісілік жете ме, пішту. Осыған сонда қаншалықты тосқауыл қойып жүрміз. Ешқандай. Мінезсіздігімізден! Біздікі – «Е, мейлі… Не пәле. Тіктеп келген тексіздіктің бетін тілу керек қой тікесінен! Дұрыс па?»
– Дұрыс.
– Ендеше, неге өйтпейсіңдер?
– Елдің бәрі Момышұлы емес, Мұртаза емес қой, Шераға!
– Баукеңді айтқаның дұрыс, оған сен мені қосақтамай-ақ қой.
Осындайда еске әрне түседі. Шерағаң Қазақстан Республикасы телерадио компаниясының президенті болып біраз істеп, одан Парламент мәжілісінің кезекті бір сайлауында депутаттыққа түскені бар. Сайлау округіне келіп, сайлаушылармен кездесу өткізу үшін Жуалысына келіп жатқан. Ертең кездесу болады деген күні тал түсте теледидар қарауында қызмет істеген бір жігіт жылмаңдап келіп тұр. Сөйтсе, ол да осы округтен депутаттыққа кандидат болып тіркеліпті. «Аға, алдыңыздан өтейін деп келдім»,– дейді мүләйімсіп. «Өткенде, маған немене кандидатураңызды ал деп отырсың ба?!» деп Шерағаң ақияды.
Содан не керек, ертесіне қарақұрым сайлаушылармен кездесу басталып кетті. Сөз әкімде. Депутаттыққа кандидат әлгі жігіт жайлы әңгімесінің ұзын-ырғасы былай: «Бұл Бәленше Түгеншиевті бәріңіз білесіздер, теледидардан саяси хабарларын күнде көріп жүрсіздер. Даусы қандай, сөзі қандай. Күллі әлемдегі саяси жағдайларды жілікше шағатыны қандай. Соның ақ-қарасын, асты-үстін ақтарып-төңкеріп айтқандағы ақылмандығы қандай. Қатпар-қатпар саясатты қақпақыл ойнатқанда қағазға қарамайтыны қандай. Бір өзі көреген, көсем де шешен…»
Шерағаң ары қарай шыдамайды. «Бір ауыз…» деп сөз сұрайды.
– Теледидардың пұшпағын біз де біраз илегенбіз, – дейді сосын. – Мына депутаттыққа кандидат жігіт менің қол астымда істеген көп диктордың біреуі болған. Диктор деген теледидардың тілінде – кукла деген сөз. Себебі ол тек біреудің дайындаған материалын көз алдынан сырғып өтіп тұратын пленкадан оқып қана отыратын адам. Мәтінді бұларға Қайнар Олжай деген журналист дайындап береді. Егер оны мұның өзі дайындай алса, бұл баяғыда пайғамбар болып кетпей ме?!
Жаңа ғана әлгіні жер-көкке сыйғызбай тұрған әкімнің де, жұрттың да аузы аңқайды. «Шераға-ау, – дейді артынан әкім. – Біз қайдан білейік. Өзі сондай деп жүрдік қой».
Қазір осыны еске алдым. Шерағам мырс етті.
– Е, сол қайда жүр осы күні?
– Қайдан білейін. Әйтеуір, теледидар жақтан көрмеймін.
– Қазақта «Өле алмай жүріп…» деген жаман сөз бар. Есті, білімді, айбынды біреу болса, оған айтар сөз қайда. Екі адамның басын қосып соңынан ерте алмайтын қалың көптің бірінің көрдің бе, Парламент төріне деген дәмесін. Былайғы ел қайдан біледі, оның шын мәнінде кім екенін. Мен болмасам өтіп те кетер еді, бәлкім. Осы тектестер Парламентте қазір жоқ па? Неге жоқ. Отыр онда омалып. Олардың елдің, қоғамның қамы деген түсіне де, түйсігіне де кірмейді. Бұған сонда не айтасың. Биліктің әрқилы сатысында қанша ноқай жүр. Санашы…
Мен үндемедім. Шерағаң да үнсіз. Біртүрлі еңсесі түсіңкіреп кетті. Аздан соң маған ба, жоқ өзіне-өзі ме, ақырын айтқаны: «Ей, бір кем дүние…»
Қанша жылдан бері байқағаным, Шерағаң ерте тұрады.
Ертеңгісін шай үстінде айтқаны:
– Сен кеше «Бір таң дүние» дегенді айтып қалдың. Ойланатын-ақ нәрсе. Менің «Бір кем дүнием» жалпы философиялық толғамдар ғой. Сөйтсе де мен философ емеспін. Бірақ философ халықтың ұлымын. Біздің бір пәлеміз өз қадірімізге өзіміз жетпейміз. Бірдеңе жазсақ, шетелден шыққан ғұламалармен екі ұртымыз толып шыға келеді. Мысалы, керемет философ та солар. Сонау Аяз би, Жиренше, Асанқайғы, Мөңке би, Шалкиізден тартып бүгінгі Әбіш Кекілбаев, Ғарифолла Есімовке дейінгі жүз, мың ғұлама философымыз сол шетелдіктеріңнің қайсысынан кем. Тіпті кейбір жағдайда артық. Абай мен Шәкәрім ше!.. Бауыржан көкең ше!.. Пайымдап қарасаң қазақ халқы кім дегенде: – философ! – деу керек. Философия біздің ұлттық болмысымыз. Жалпы, қабілет жетеді ғой бізде. Қайсыбір замандарда ата-бабаларымыз аттан жығылып, бас-сүйегін талқандап алған адамның басына операция да жасаған. Жарамай қалған құйқаның орнына сиырдың терісін тігіпті. Мына жігіт… Ана орталықтың директоры Сейітхан Жошыбаевты айтамын. Жүрекке операция жасаудың сирек кездесетін хас шебері. Қанша қырғыздың шаруасы біткен жүрегін жөндеп берді. Сондай ғұлама дәрігер бар екен деп, Қазақстанның қазақтары да «ой, бауырымдап» барып, өлмей тірі қалған. Қой, енді еліме, Алматыма, қазақстандықтарыма барайын деп келіп еді… Қазақтары қайта кетірді. Шүкір, міне, бүгін әйтеуір, Таразда. Енді осы сирек қабілетті ардақтап, әспеттеп, елге таныта аламыз ба? Оның өзі үшін емес, ұрпаққа өнеге, қабілеті, ісі үшін. Қайдам. Газеттерің жүрдім-бардым бір қарыс бірдеңе жазар. Хабар-ошар… Бітті. Баспасөз әлсіреді әбден. Тереңдей алмайды, тебірене білмейді. Түлейленді. Сонда, кімді қалай таниды жұрт?!
– Сіздей редактор туа бермейді ғой, Шераға!
– Біздей… Парасатпен пайымдауды, мінезбен қопара айтуды, талдап, тарқатып беруді немене, біз қалтамызға салып кеттік пе? Бар ғой қазір де біраз жігіттер Алматы жағыңда. Әңгіме сондай салған жерден самғап шығатын саңлақ ойлы, сайыпқырандардың барлық жерде болғаны, – деп Шерағаң біраз көсілген.
Оқшау жүретін адам үшін оқшау, дара біткен адаммен әңгіме-дүкен – үлкен мектеп. Өзім өмір дегенді – үйрену деп білемін. Әттең, соны кейде қаперден шығарып, боямасы көп әсіреқызыл күндермен ғұмырдың үлкен бөлігін рәсуа етіп аламыз.
Шерағаңың қоштасарда қолымды алып, арқамнан қағып тұрып: «Елің аман болсын! Өзің де аман бол! Нұр жаусын!» дейтіні бар. Бұл жолы да сөйтті.
– «Бір таң дүниені» ұмытпаңыз… – дедім мен.

Несіпбек Дәутайұлы

ПІКІР