Sport

Бірізділік болмай, бұқаралық спорт қалай дамиды?

Бүгінде бұқаралық спортты дамыту бағытында аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Тіпті, Елбасы 2020 жылға дейін міндеттеген 30 пайыздық межені бүгін-ертең бағындырғалы тұрмыз. Бұл әрине, қуантады. Десе де, тұрғындар арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру бағытында қолға алынған бастамалардың бірі – елді мекендерде спорт нұсқаушысы штаттық бірлігін ашу жұмыстарының бір ізге түсірілмеуі қынжылтады. Мәселен, Шу мен Сарысу аудандарының әкімдіктері бір-бір ауылға спорт әдіскерлерін бекіткенімен, артынша оларды қысқартып тастаған. Ал, Байзақ пен Мойынқұм аудандарының шенділері бұл мәселеге мұрын шүйіре қарап, бірде-бір спорт нұсқаушысы бірлігін ашпаған. Сонда аудандардағы спорт бөлімдері бір жүйеге бағынбай ма? Қалауына қарай қазаннан құлақ шығарып отырғандарға «әй» дейтін әженің, «қой» дейтін қожаның болмағаны ма? Міне, осы түйткілдің түбіне майшаммен үңілген едік.

Облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, бұқаралық спортты дамыту бағытында спорт нұсқаушыларының штаттық бірлігін ашу туралы тапсырма тиісті министрліктен келген екен. Ал, өткен жылы облыс әкімінің бұйрығымен қосымша спорт әдіскерлерін ауылдық оругтерге белгілеу міндеттеліпті. Алайда, тапсырмаға кейбір аудандар ғана жауапкершілікпен қарап, қалғандары қолын бір-ақ сілтеген көрінеді.

– Қазіргі таңда, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Талас және Т.Рысқұлов аудандары спорт нұсқаушыларының штаттық бірлігін толықтай ашып отыр. Ал, Шу мен Сарысу аудандары ауылдарға арнайы маман бекіткенімен, артынша олардың штатын қысқартып тастаған. Сол сияқты Байзақ пен Мойынқұм аудандары бұл мәселеге атүсті қараған. Осы тұста ерекше айта кетерлігі, Талас ауданының әкімдігі барлық спорт нұсқаушыларын орталықтандырылған бір кешенге жинап, жұмысын жүйелеп қойды. Міне, осы жобаны үлгі етіп, өткен жылы барлық аудандардың спорт саласына жауапты басшыларын Таласқа апарып, семинар-кеңес өткізгенбіз. Алайда, тиісті тұлғалар сол сәтте «жасаймыз, істейміз» деп уәдені үйіп-төккенімен, әлі күнге бұл мәселе шешімін таппай отыр. Биыл да жоғарыда аталған төрт ауданның дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшылары олқылықтың орнын толтыруға ант-су ішуде. Бірақ, әлі нәтиже жоқ, – дейді облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков.

Иә, маман бізге осындай ақпарат берді. Негізі спорт бөлімдерінің басшылары мен аудан әкімінің спорт саласына жауапты орынбасарлары басқарманың бұрынғы басшысы Гамлет Қайнарбековтың былтыр өткізген есепті жиынында сын тезіне алынған еді. Алайда, биыл да үйреншікті әдеттеріне қайта басып, төрт бірдей ауданның спорт саласына жауапты мамандары тағы да құрғақ уәдені төгіп, беттері қызармауда.

– Негізі спорт жөніндегі әдіскерлердің штаттық бірлігін біз 2012 жылы ашқан болатынбыз. Содан бері мамандарымыз жұмыс істеп келді. Алайда, кейінгі жылдардағы тексерістен кейін прокуратура әр ауылдық округте жастар жөніндегі кеңесші мамандарымыз бар болғандықтан, бұл штаттарды қысқарту жөнінде талап қойды. Оған қоса, аудандағы 6 округте спорт үйірмелері мен арнайы мамандар қызмет көрсетуде. Олар да ауыл жастарымен тығыз жұмыс жасап, бұқаралық спортты дамытуға өлшеусіз үлес қосып жатыр.

Тағы бір айта кетерлігі, округтерге қабылданған спорт әдіскерлерін тексеру барысында олардың біреуінің ғана спорттан хабары бар болып шықты. Қалғандары заңгер, бухгалтер сынды мамандықтар бойынша білім алған жастар. Олардан қандай мықты спорт әдіскері шығады? Міне, осының бәрін ескере келе біз спорт нұсқаушыларының штаттық бірлігін қысқарттық. Десе де, биыл бір орталық ашып, спорт нұсқаушыларын сонда бекітсек пе деп отырмыз, – дейді Шу ауданы әкімінің орынбасары Ербол Еркінұлы.

Мойынқұм ауданы әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мерей Қалдыбеков те спорт нұсқаушыларының штаттық бірлігін 2016 жылы ашқанымен, кейін жабуларына тура келгендерін айтады.

– 2016 жылы 5 ауылдық округке спорт жөніндегі әдіскер маманын бекіткен болатынбыз. Алайда, прокуратураның тексерісінен кейін, округ әкімдіктерінен ондай штаттық бірлік ашуға заңмен шектеу қойылуына байланысты жұмысымызға ескерту жасалып, спорт мамандарын қысқартуымызға тура келді. Енді биыл өзге аудандармен байланыс орнатып, олардан тәжірибе алмасудамыз. Бұйыртса, ағымдағы жылы бұл мәселе шешімін табатын болады, – дейді бөлім басшысы.

Жалпы, спорт нұсқаушыларын ауылдарға бекіту жұмыстарына салғырт қараған аудандардың барлығы прокуратура органдарының тексерісінен кейін ондай штаттық бірліктерді қысқартқандарын айтып ақталуда. Десе де, биыл бұл олқылықтың орнын толтыруға уәде етіп отыр.

Қалай дегенде де бұл талқылауды емес, тез арада нақтылауды қажет ететін мәселе. Оған қоса, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімдері аудан әкімдігіне қарасты болғандықтан, олардың дені басқармаға бағынғысы келмей, «өзім білемге» салып жүрген секілді. Алайда, Мәдениет және спорт министрлігімен бекітіліп, облыс әкімінің қолымен мөрленген тапсырмаға қырын қарау ешкімге жақсылық әкелмейтіні айқын. Осыны аудандағы бөлімдер жіті түсінеді деп сенеміз.

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР