Бірлесе әрекет еткен кез келген індетті жеңеді

0 0

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингке қатысып, коронавирустық инфекцияның алдын алу бойынша қабылданған шаралар туралы баяндады.

– Қолданған шараларға қарамастан өңірде коронавирустық инфекцияның таралу дерегі артып келеді. 7 шілде күнгі мәлімет бойынша облыста дәл осы дертке шалдыққан 1866 науқас тіркелді. Оның 865-і симптомды болса, қалғаны симптомсыз науқастарға жатады. Вирус жұқтыру дерегі үйде отыруға тиісті тәуелді топ арасында өршуі бізде әлі де талаптардың өз деңгейінде сақталмай отырғанын көрсетеді. Мәселен ауруға шалдыққандардың 305-і зейнеткер болса, 475-і жұмыссыз, 68-і жүкті әйел. Сондай-ақ 100-ге жуық бала да қауіпті індетті жұқтырған. Бұл өңір тұрғындарының бетперде тағу, той-томалақты шектеу сынды карантиндік талаптарға мән бермегенін аңғартады, – деді Бердібек Машбекұлы.
Облыс басшысы өңірде коронавирусқа шалдыққандарға арналған төсек орнының жеткілікті екенін тілге тиек етіп, жағдайға байланысты олардың санын арттыру жұмыстарының да қолға алынғанын жеткізді. Сондай-ақ қатерлі індетті емдеу протоколына қажетті материалдық-техникалық базаны жабдықтау, дертпен күреске білікті мамандарды тарту жұмыстарының барысына да айрықша тоқталып өтті.
– Қазіргі таңда облыстың медициналық ұйымдарында 1855 төсек орны дайындалған. Мұндағы 824 төсек орны бос. Инфекциялық 665 төсек орнын 1490-ға жеткізу үшін санаторийлерді, диагностикалық орталықтарды қайта жабдықтау жұмыстары қолға алынды.

Бүгінде өңірдегі денсаулық сақтау мекемелерінде 148 дана өкпені жасанды тыныстандыру аппараты бар. Алдағы уақытта қосымша 50 дана осындай құрылғы жеткізілетін болады. Мұнан бөлек оттегі концентраторлары, монитор, пульсоксиметр сынды медициналық құрал-жабдықтарды алу үшін республикалық бюджетке 5 миллиард теңге көлемінде қаржыға өтінім берілді.
Оған қоса соңғы жағдайлар саладағы кадр тапшылығы мәселесінің қаншалықты өзекті екеніне көз жеткізді. Қазір қауіпті індетпен күрестің алдыңғы шебінде 1146 медициналық қызметкер жүр. Бұған қосымша 565 қызметкерге қажеттілік туындап отыр. Бұл қажеттілікті зейнет демалысына шыққан дәрігерлерді, медициналық жоғары оқу орындарының соңғы курсында оқитын студенттерді, инфекциялық ахуалы тұрақты аймақтардың дәрігерлерін қызметке тарту арқылы шешу жоспарда бар. Медицинаның басқа саласында қызмет атқарып жүрген мамандар да қайта даярланудан өтіп, коронавирустық инфекциямен күреске тартылмақ.
Күн сайын қатерлі дертпен бетпе-бет келіп жүрген 409 медицина қызметкері облыс орталығындағы 6 қонақ үйге орналастырылды. Оларды тасымалдау мәселесі де шешілген.
Жалпы облыста коронавирустық инфекциямен күресуге 2 миллиард 300 миллион теңге қаржы қарастырылған. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сай 2585 медицина қызметкеріне жалпы сомасы 762 миллион 400 мың теңге болатын үстемеақы төленді, – деді Б.Сапарбаев.
Өңір басшысы қазіргі таңда денсаулық сақтау саласында бұқара тарапынан өткір сынға ұшыраған дәрі-дәрмекпен қамту, ПТР тестілеу мәселелерін шешу бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен де бөлісті.
– Негізінен ПТР тестілеу облыс аумағындағы 6 зертханада жүргізіледі. Жыл басынан бері бұл зертханаларда 65 мыңға жуық тестілеу жүргізілді.
Ал облыс тұрғындарын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету 486 фармацевтикалық нысанға жүктелген. Олардағы қажетті препараттардың бағасының негізсіз өспеуін 43 мониторингтік топ бақылауға алады. Дәріханаларды дәрі-дәрмекпен қамту үшін «СК-ФАРМАЦИЯ» компаниясымен және Денсаулық сақтау министрлігімен жұмыс жолға қойылған. Сондай-ақ көрші елдермен келіссөздер нәтижелі аяқталды. Жақын арада олардан дәрі-дәрмектің жаңа партиясы жеткізіле бастайды,–деді облыс әкімі.
Брифинг соңында облыс әкімі БАҚ өкілдері тарапынан туындаған сұрақтарға жауап беріп, көпшілікті карантин талаптарын қатаң сақтауға және тек ресми ақпараттарға сенуге шақырды.

Шынболат Күзекбаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.