Жамбыл адалдық алаңы

Бірлескен жұмыс жүргізілмек

Written by Aray2005

Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінің мәжіліс залында темір жол саласындағы сыбайлас жемқорлық әрекеттерге жол бермеу, алдын алу мәселелері талқыланған отырыс өтті. Оған республикалық «Адал жол» жобалық офисінің жетекшісі Исламбек Майшекин, «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы «Солтүстік» филиалының директоры Юрий Юрьевич, Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Берік Ақшалов, облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Еркебаев және мемлекеттік органдар өкілі мен теміржолшылар қатысты.

Жиынды ашып, төралқа мүшелерімен таныстырған Берік Ақшалов кездесудің мақсаты мен мән-маңызына тоқталды. Ал күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша республикалық «Адал жол» жобалық офисінің жетекшісі Исламбек Майшекин толықтырып өтті.

– Былтырғы жылдан бастап «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы жанынан темір жол саласындағы жемқорлық әрекеттерімен күрес мақсатында «Адал жол» жобалық офисі ашылған. Мұндай іске ұлттық компания басшылығының өзі үлкен ықылас танытып, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі барынша қолдау білдірген. Офис ашылғалы бері біз қазір саладағы сыбайлас жемқорлық түріндегі көлеңкелі бизнес әрекеттерімен күресуді, алдын алу шараларын жүргізіп жатырмыз. Керек болса құпия сатып алушы түрінде де құқық бұзылып жатқан нүктеге барып, тиісті зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Біздің алдымыздан көп жағдайда жолаушылар тасымалы бағытында көп сыбайластық әрекеттер кездесуде. Айталық, вагонда орын жоқ, бірақ билетсіз сапар шегушілер тыйылмай тұр, – дейді жобалық офис жетекшісі.

Ол сондай-ақ, «Адал жол» жобасы аясында Жамбыл өңірінде де түрлі шаралар өткізіліп келе жатқанын және билетсіз жолаушы мінгізу, жүк салып жіберу фактілері анықталғанын жеткізді. Және ол арнайы операциялар жасырын бейнекамераларға түсірілген екен. Жиында сол түсірілім толық көрсетілді.

Жалпы Жамбыл өңіріндегі темір жол саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар және «Құпия сатып алушы» іс-шарасының қалай жүргізілгендігі жөнінде «Жамбыл – адалдық алаңы» аймақтық жобалық офисінің жетекшісі Қайрат Мехлисов баяндап өтті.

Анықталған кемшіліктер бойынша түсінік берген «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы «Солтүстік» филиалының директоры Юрий Юрьевич көп жағдайда жолаушылар осындай жемқорлық әрекеттерге бірінші болып қадам басатынын айтып, мұндай заңбұзушылықтардың алдын алу, жолын кесу бағытында өздері тарапынан қолға алынып жатқан жұмыстарын тілге тиек етті.

Жиын барысында өзге де қатысушылардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Айтылған сын-ескертпелерден қорытынды шығару үшін бөлімше директоры Берік Ақшалов «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының басшылық өкілі Ю.Юрьевичке бірлескен іс-шаралар жоспарын жасап, сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне пәрменді түрде күрес жүргізудің жолдарын қарастыруды ұсынды.

Келелі кеңесті облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Еркебаев түйіндеп:

– «Адалдықтың адымы алшақ, барар жері алыс, арамдықтың адымы қысқа, барар жері алыс емес» деген жақсы айтылған сөз бар қазақта. Сондықтан біз ел боламыз десек осы бастан ойлануымыз керек. Рас, тәуелсіздіктің елең алаңында күнкөріс қиындай түсті. Қандай да жолмен болсын нәпақа тауып, өлместің қамымен көп адамдар адалдық, әділдік, ұят деген қасиеттерді жиыстырып қойып, материалдық құндылықтың соңынан еріп кетті. «Заманың түлкі болса тазы болып шал» деген көзқарастар қалыптасты. Міне, ес жиып, ел қатарына қосылған мына күнде де сол инерциямен әлі келе жатырмыз. Бұл бізді жақсылыққа алып бармайды. Сол себепті, осында айтылған әңгімелер тек Агенттік пен «Қазақстан темір жолына» ғана қатып қалған мәселе емес. Мұнда қоғам болып күресетін үлкен ауқымдағы міндет тұр, – деп, қатысушыларды жемқорлық әрекеттерден барынша ада, өмірде адал болуға шақырды.

Жасұлан СЕЙІЛХАН

ПІКІР